- Advertisement -

Көрген-баққан

84

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***
Бір әйел күйеуін қарғап-сілеп жатыр. «Золотой запасы» неткен бай еді. Тұнып тұрған творчество!

***
«Жемқорларды құртайық!» – деген ұран қайта-қайта көтеріледі. Нәтиже кем. Ауызда ерік бар ма, арғы жағында аңырап құлқын тұрса…

***
Темірхан Медетбек қазақ поэзиясына о баста-ақ құбылыс боп келген. Ол өлең өлкесін жаңа түр, жаңаша мазмұнмен байытты. Және оны ешкім қайталай алған жоқ. Жеке қолтаңба деген осы! «Көк түріктер сарыны» сол жауһарлардың заңды жалғасы. Бағзы бабалардан қалған елдік пен ерліктің ұраны!
Шіркін, Темкең өлеңдерін әлем тілдеріне аударар ма еді? Бар бояуын бетінде ұстап. Алдына қара салмас еді. Амал не…

***
Желдің екпінімен сырғанақ тепкен алашұбар бұлттар аспанды айғыздап болды. Не көлеңкесі немесе жаңбыры жоқ қысыр немелерден қашан құтылар екенбіз?

***
Есептеулі ғұмырдың есептеусіз күндерін босқа шаштық-ау…

***
Өзім шығармашылығын қатты құрметтейтін Дүкенбай ағам (Досжанов) жаңа кітабы шығатын боп фотоға түсіп жатқан. Фотограф Нұрғожа Жұбанов. Аса сабырлы, аяулы ақсақал. Дүкем бір орында байыз таппай «Ана бұрышқа қарайын ба, енді мына жаққа» деп бұрыла береді. Шыдай алмадым.
– Дүке, бұрышқа қарағанша болашаққа қарасаңызшы, – деп қалдым. Жазушы әдемі жымиды. Сол сәтті күткендей Нұрғожа ағам да сырт еткізсін. Қазірде сол суретті көрсем өзімде еріксіз жымиямын.

***
Өтірігіміз жарасқан соң дос болып едік. Ортаға шындық түсіп, ажыратып жіберді.

***
Комиссия мүшелерінен бар-жоғы 3 дауыс алып, Мемлекеттік сыйлық иесі атанған А. деген жазушыны көрсем… Оның да, Мемлекеттік сыйлықтың да бетіне түкіргім келеді.

***
Тоқал алу мәселесі қозғалған тұс-ты. Парламентте отырған кейбір депутат ханымдар – Ендеше біз де екі күйеуге тиейік, – деп дау көтерді. Тоқалы құрсын! Тек әлгі ханымдарды айтамын-ау… Пайғамбардың өсиет-үрдісіне қарсы шықтым деп ойламады ма?
Ал, олар шындап келгенде кемі екі күйеуге тигендер. Байларына сосын билікке! Аздық ете ме?..

***
Кезінде демограф Мақаш Тәтімов ағамыз бастаған алкеуде топ, әйелдердің ышқыр бауын босатамыз, бала таптырамыз, сөйтіп қазақтың санын өсіреміз деп біраз желеулетті. «Қарадомалақ» деген қор құрып, әр балаға байғазы деп 100 мың теңге ұсынды. Содан біраз еркектің құлағы, біраз әйелдің етегі көтерілген сынды…
Баланы ақ шымылдықтың ішінде, тар төсектің үстінде Алладан тілемес пе?

***
«Это конечно, сукин сын, но он наш сукин сын». Франклин Рузвельттің Никарагуа диктаторы Самос туралы айтқаны.
Бізде де сукин сындар аз емес.

***
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары әлі көз алдымда. Адам ақылмен түсініп болмас аласапыран. Жоқтық, жабайы сауда, алдап-арбау. Сосын бүкіл елді жайлаған рэкеттер…
Тәуелсіздік бізге бандиттің маскасын киіп келген.

***
Из Гурьева городка,
Потекла кровью река. Бұл Пушкиннің жыры. Қазақ даласынан ғажайып ақынның қасиетті қаламына ілінген жалғыз қала осы. Бүгінгі Атырау.

***
«Вся жизнь впереди» деп ән айтып, тарсылдатып билеп жүргенде өмірдің көбі өтіп кетіпті. Оказывается всё позади!

***
Көзде – бар, көңілде – жоқ көп халыққа менің қолымнан не жақсылық жасау келеді?

***
Аспанның биік болғаны қандай жақсы. Әйтпесе талайлар таңбасын басар еді.

***
Баяғыда ет комбинаты бір-бір семіз серке ұстайтын. Мүйіздерін қызылмен сырлап қоятын. Бәріне бірдей ортақ ат – «Козёл – провокатор!» Аудан шаруашылықтары қора-қора қой айдап әкеледі. Етке өткізеді. Қой деген момын байғұс қан қасап жерге қапелімде кіре алмай үркіп қашады. Ондайда сумаң етіп әлгі семіз серке пайда бола кетеді. Қой алдына түседі. Жол бастайды. Оған сенген момын байғұстар… Қолға үйретілген неме бір бүйірдегі есікке кіріп кетіп, жемін күйсеп тұра береді. Келесі… келесі…
– Ай мүйізді ақ серке қой бастайды, қой алдында жануар ойқастайды, – деген ежелгі жыр еске түседі. Ол бұл серкелер емес шығар?..
Жалпы серкелерге сақтықпен қарайықшы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support