Сейдахан Бақторазов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі.
Қазан төңкерісі нәтижесінде жеңіске жеткен РК(б)П мен оның басшылары үшін, Коммунистік Интернационалдың жетекші күші ретінде, бұрынғы Ресей империясының отар аймақтарындағы қарымды жаңа құруларды іс жүзінде көрсетудің маңыздылығы зор болды. Метрополия мен отарлар қарым-қатынасы мәселесінде осындай тұғырнамада тұрған, басқа да еуропалық коммунистік партиялар «ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы туралы» ұранның коммунистік доктарина арқылы жүзеге аса алатындығына көзі жетуі керек еді.
Сондықтан да тез арада жақсы жетістіктерге жету өте қажет болатын. Дегенмен билік басындағы партия мен үкімет Түркістан республикасының ұлттық өлке ретіндегі тарихи-объективті жағдайын түсінбеді, негізгі бағыт ретінде Орталық Ресейде іске асырылып жатқан шараларды Түркістанда қайталау мақсатын таңдады. Түркістан коммунистік партиясының ІV съезінде сөйлеген сөзінде Т.Рысқұлов большевиктік партия мен кеңес өкіметінің Түркістан өлкесінің жергілікті халықтарының әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық және діни өмірінің ерекшеліктерін ескермей, ішкі Ресейде іске асырылып жатқан шараларды мұнда да күштеп іске асыру саясатын ұстанғаны өлкедегі ахуалға кері әсер еткендігіне тоқталды. Шындығында да, жаңадан қалыптасып келе жатқан Кеңес үкіметі мұндай мәселелерді, жаңадан құрылған мемлекеттік қорғау органдары күшіне сүйене отырып шеше бастағандығы анық еді. Осылай, Түркістан өлкесінде құрылған революциялық сот-тергеу мекемелері принципті түрде Ресейдің орталық аудандарында құрылған осындай органдарға сәйкес келді. Кеңестер билігі орнауы және уақытша үкімет институттарын жою жағдайында революцияға дұшпандықпен қараған адамдар мен қылмыскерлер тұтқындалып отырды.
Ал өлкелік партия белсенділері қатарында болған жергілікті ұлт өкілдері бұл органда жүзеге асырылуға тиісті қитұрқы саясаттан секемденіп, ТК-да (ЧК, төтенше комиссия) жұмыс істеуден ат-тонын ала қашқан кездері де болды. Осылай РКП(б)-ның Әулиеата уездік-қалалық мұсылман бюросының 1919 жылдың 19 қазанында өткізілген мәжілісінде ТК жанынан құрылған мұсылман жасағы мүшелерінің оларды осы жасақ құрамынан босату туралы арыздары қаралып, қорытындысында «оларды әскери іспен шұғылдануынан босатып, бюроның қарамағына беру» туралы қаулы қабылданады. Керісінше, 1919 жылдың 14 қыркүйегінде Қ.Сарымолдаевтың төрағалығымен өткен РКП (б) Әулиеата ұйымының уездік комитетінің мәжілісінде уездік ТК (ЧК) Төрағасы Жылысбаевтың Меркіден Гребенников пен Прыгуновты ТК (ЧК)-ға қызметке шақыру туралы ұсынысын мақұлдайды.Сонымен қатар осы мәжілісте ТК құрамына бірнеше комиссар барлаушылардың да кандидатуралары бекітіледі.
Азамат соғысының аяқталып, Кеңес үкіметінің жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты бір-бірімен қарама-қарсы күрестегі күштердің арасалмағы өзгерді. Егер, азамат соғысы басталар кезінде күрес биліктің жергілікті жерде орнауы үшін болса, кейіннен ашық қарулы күрес шетелдіктердің көмегінің арқасында жүргізілді. Азамат соғысындағы жеңіліс оппозициялық саяси партия өкілдерінің саяси аренадан кетуіне әкеліп соқты. Дегенмен Түркістан республикасы ТК(ЧК)-сы 1920 жылы Әулиеатадағы оңшыл-эсерлер ұйымын анықтап,олардың: Большевиктерге қарсы ұйым құрып жатқандығын, Ұйымның Англиямен байланыста екендігін, Кеңес Депутаттары мүшелерін өз ұйымдарына тартып жүргендігін, үгіт-насихат бөлімінің шаруалардың жұмысшыларға деген өшпенділігін қоздыруды мақсат еткендігін анықтай отырып, әрине мұндай «революция дұшпандарын» талқандады.
Мұндай іс-қимылдардың әркез жүргізіліп тұратындығына қарамастан, өңірдегі кеңестік және партиялық аппараттардың жұмысы орталық билікті қанағаттандырмағандығы да белгілі болатын. Осыған байланысты болса керек, «Большевиктер партиясы қатарына кірген буржуазиялық-ұлтшылдар мен майда буржуазиялық партия өкілдері, халыққа қарсы элемент ретінде партияның идеялық-саяси және ұйымдастырушылық жағынан күшеюіне орасан зор кедергілер келтіруде», – деген айыптаулармен және партияны осындай элементтерден тазалау мақсатында Түркістан республикасы Біріккен Мемлекеттік саяси Басқармасының (БМСБ-ОГПУ) бұйрығымен 1922 жылдың 22 сәуіріндегі Сырдария облыстық бөлімінің №74/35-ші шешімі бойынша Әулиеата уезіндегі Кеңестік аппаратты тазалау жөніндегі Әулиеата комиссиясы құрылды. Бұл комиссияға ауданда болып жатқан іс-қимылдарды аңдай отырып, осы оқиғаларды, сол қалпында облыстық бөлімшеге хабарландырып отыру міндеттелді. Дегенмен тазалау барысына әсер еткен әртүрлі жағдайлар да аз болмады. Соның бірі тазалануға тиістілердің білікті маман екендігі. Мұны біз 1925 жылдың 2 сәуірінде өткен тазалау барысында уездік денсаулық сақтау бөліміндегі мына деректерден көре аламыз. Уаткомнан Әбдіразақов, РК(б)П-ның укомынан Масальский және МСБ (ГПУ) өкілінен тұратын «үштік» уездік денсаулық сақтау бөлімінің 24 қызметкерін тексеріп, солардың ішінде тек 4-ін ғана жұмыстан босатқан. Олардың 2-еуі емшінің көмекшісі санатында болса, 1-еуі дәріхана, тағы 1-еуі шаруашылық меңгерушісі екен. Ал басшылықтағы кадрлардың жұмысында қалдырылуын комиссия мүшелері, олардың «қажетті маман» екендіктерімен түсіндіреді.
1925 жылдың 20 сәуірінде өткен Кеңестік аппаратты тазалау жөніндегі Комиссия мәжілісінің хаттамасымен таныса отырып, мынадай жәйттарға мән беруге болады.
Комиссия төрағасы Қошмамбетов, МСБ (ГПУ) өкілі Мартынов және РК (б)П укалкомынан Масальский қатысқан мәжілісте «Қосшы» одағының уездік комитетіндегілердің жеке істері қаралыпты. Кеңестік аппараттың үйлестіруімен жұмыс атқаратын қоғамдық ұйымдағы тазалау мәселесінде приоритеттің сол аппаратқа берілуі түсінікті болғанымен, жергілікті партия өкілінің осы мәселелерді шешу барысында МСБ өкіліне басымдық берілуіне келісімпаздық танытуы, сол кездегі партия беделінің төмендігінен болса керек. Сонымен тазалау барысында тексерілген 9 қызметкердің 2-еуі жұмысынан шығарылды. Тіпті мекемедегі есепші болып жұмыс істейтін Михаил Найденов қаскүнем элемент ретінде уезд аумағынан аластатылады. Найденовтың толтырылған анкетасын қарай отырып, оның қаскүнемдігін кезінде патша армиясына қызмет етуімен байланыстырдық. Әрине, 1891 жылы туылған Найденов жасы келгеннен кейін армия қатарына шақырылуы әбден мүмкін. Бірақ 1917 жылдан кеңестік кәсіподаққа мүше болған Найденов өзінің ақ гвардияшыл отряд құрамында болмағанын, Қызыл армияға қарсы соғыспағанын жазады. Анкета соңындағы мінездемеде оның мас күйінде жұмысқа келетіндігі, ендігі жерде оған ешбір сенім артуға болмайтындығы жазылған. Бұл жерде комиссия бір оқпен екі қоянды атып алып тұрғандай. Біріншіден, Түркістан Республикасы Біріккен Мемлекеттік саяси Басқармасының (БМСБ-ОГПУ) пәрмені орындалып жатса, екіншіден, «Қосшы» одағының уездік аппаратындағы маскүнемнен құтылып отыр.
Тазалау барысында жұмыстан шығарылған екінші қызметкер аппараттағы екі әйелдің біреуі. Екеуі де машинистка болып істегенімен, тұрмыстағы Ольга Вадняй «жеткілікті дәрежеде ішіп-жеуі бар, жұмыс істейтін күйеуі асырайтын» әйел ретінде қызметінен босатылады. Екінші машинистка әйел, күйеуінен ажырасқан 24 жастағы Лидия Лаврухина жұмысқа осы жылдың 25 ақпанынан келгеніне қарамастан, орнында қалдырылады. Комиссияның мұндай таңдауға қалай және қашан келгендігі де өте қызықты. Бұл жерде тазалау комиссиясының отырысы 20 сәуірде өткеніне қарамастан, Лидия Лаврухина өз арызын, «Вадняйды жұмыстан кетіріп мені алыңыздар» – деген мазмұнда 27 сәуір күні жазыпты. Екі келіншектің біріншісінің неліктен жұмыстан кеткендігін айттық. Ал екіншісін (Лидия Лаврухинаны) жұмыста қалдыра отырып, оның анкетасының соңында комиссия мүшелері мынадай мінездеме жазыпты: Ешкімге бергісіз қылпылдаған қызметкер. Өз ісін біледі. Әрине, біз Лаврухинаның қай істі қалай атқарғанын білмейміз, тек бұл жерде де буржуазиялық-ұлтшылдар мен майда буржуазиялық партия өкілдеріне қарсы күрес басқа ыңғайда жүргізілгені анық болып тұр.
Сонымен қатар «отқа да күймейтін, суға да түспейтін ерекше» қызметкерлердің де болғаны білінеді. Соның бірі Лев Моисеевич Хайкин «Қосшы» одағының Әулиеата бөлімінің меңгерушісі. Ұлты – еврей. Әрине, халықпен, соның ішінде қазақы ауыл халқымен жұмыс істеуге еврейдің таңдалынылуы, ол кезде кездейсоқ емес. Тек большевиктердің туын көтеріп жүрген уездік басшы қызметкердің (айлық жалақысы 154 сом 80 тиын) 1925 жылға дейін партия қатарына өтпей, оның себебін «кездейсоқтық, әзірге кепілдік беретін ешкім болмай тұр» – деуі аярлықтай көрінеді. Сондай қызметкер, тіпті мінездеме берілмей орнында қалдырылыпты. Хайкин өзінің Кеңес үкіметіне көзқарасы дұрыс екендігін, сонымен қатар еңбекшілер мен езілген халықты қорғау жолында жан аямайтындығын жазады. Патша дәуірінде, мақта фирмасында приказчик болып жұмыс істеген, ендігі жерде Кеңес аппаратының 37 жасар қызметкерінің бұл сөздері шын ба, жоқ па, әйтеуір Хайкин сыннан сүрінбей өтеді.
Кеңестік құрылыстың қылын қисайтқандарға қырғидай тиюге тиісті комиссияның мына бір шешімі де түсініксіз. «Кітап сауданың» әулиеаталық бөлімшесінің есепшісі Борис Хромовтың Колчак пен Анненковтың әскерлері қатарында рота командирі, подпоручик болып істегеніне және оны ақтардың әскер қатарына күштеп тартқанына «сенген» тазалау комиссиясы Семейде коммунистердің сазайын тарттырған ақ гвардияшыл офицерді «шартты түрде ақ гвардияшыл» ретінде қызметінде қалдырады. Көрсетілген фактілер, большевиктердің кеңестік билік тізгінін аталған жылдары ақ қарасын ажыратпай-ақ, негізінен аз-кем орысша білімі бар еуропалық нәсілділерге бере отырып, Қазан төңкерісі азаттық әпереді деп сенген жергілікті халық өкілдеріне қырын қарағанын анық көрсетіп тұрғандай.