- Advertisement -

Құрылысқа жергілікті тұрғындарды көптеп тарту қажет

247

- Advertisement -

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына барған жұмыс сапарын Гвардейский кентіндегі вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың маңынан бой көтерген BSL-3 лабораториясының құрылысымен танысудан бастады. «Ка-Строй ЛТД» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстары наурыз айында толығымен аяқталады деп күтілуде. Облыс әкімі құрылыстың сапасына және мерзімінде аяқталуына мән беру қажеттігін баса айтты. Осыған орай, мердігерге нақты тапсырмалар жүктеді. Мұнан соң, биофармацевтикалық зауытта жиын өткізіп, жауаптыларға шетелден әкелінуі тиіс аса қажетті құрал-жабдықтардың жеткізілуінде туындаған түйткілдерді жуық арада шешуді тапсырды.

«Ауылдағы ағайын жыл бойы жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде мемлекет тарапынан ауыл және мал шаруашылығын дамытуға тиісті қаражат бөлініп жатыр. Субсидия төленіп, шаруаларға көмек көрсетілуде. Оған қосымша, ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына адам күші қажет. Билік жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға күш салуда». Гвардейск қалашығы тұрғындарымен бірге Отар ауылдық округінің әкімі Данияр Ебелекбаевтің есебін тыңдап, ахуалға қаныққан облыс әкімі осылай деді. Бердібек Сапарбаев жергілікті атқамінерлерге қалашықтағы азық-түлік дүкендеріндегі әлеуметтік мәні бар 19 тауар бағасының өспеуін және облыс әкімдігі білім басқармасымен бірлесіп, гарнизоннан Б.Момышұлы атындағы №43 орта мектебіне қатынап оқитын 82 оқушыны автобуспен қамту мәселесін шешуді жүктеді.

Өңір басшысы бұл сапарында құрылысы аяқталуға жақын қалған Қордай ауылындағы «Шығыс» және «Солтүстік» тұрғын үйлеріне де арнайы барды. Қажетті барлық инфрақұрылым тартылған мұнда дәл қазір ішкі жұмыстар жүріп жатыр. Нысан наурыз айының соңында пайдалануға берілмек. Айта кетейік, бүгінде бұл ауылда 20 пәтерлі төрт қаб+атты екі тұрғын үйдің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Уақытында салынып, кейінірек аяқсыз қалған құрылыс жұмыстарын жандандыруды «ПМК-109» ЖШС өз мойнына алған. Нысан наурыз айында тапсырылуы тиіс.


Есет Амалбай басшылық ететін «Нұр Құрылыс-Болашақ» ЖШС осы ауылдың «Батыс» шағын ауданындағы 5 қабатты 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына жауапты. Жұмыс қызған мұнда қазіргі уақытта 1,2 және 3 бөлмелі 4 үй бой көтеруде. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс басшысы 2015 жылдан бері ауданда көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілмегенін айтып, бұл үйлер аз қамтылған әлеуметтік жағдайы төмен жандарға берілуі қажеттігін атап өтті.


Облыс әкімінің аудандағы жұмыс сапары бұдан әрі елді мекендердегі нысандарды аралаумен жалғасын тапты. Өңір басшысы былтыр ғана іргетасы қаланған Жамбыл ауылындағы 90 орындық мәдениет үйіне бас сұқты. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асқан ғимараттың құрылысын «Нұрбек» ЖШС жүргізген. Мұнда облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-тілегін тыңдады. Жамбылдықтардың айтуынша, соңғы жылдары ауылда бала саны көбейген. Бүгінде 700 орындық мектепте 1400 бала білім алуда. Жергілікті тұрғындар облыс әкімінен мектеп жанынан жапсарлас оқу ғимаратының салынуына ықпал етуді сұрады. Жағдайға қаныққан Бердібек Сапарбаев өңір бойынша соңғы екі жыл ішінде 41 мектеп пайдалануға берілгенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Өткен жылы аудан бойынша 8 спорттық нысан ел игілігіне берілді. Солардың бірі – Сарыбұлақ ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Самбо және қазақ күресінен ел чемпионы Марат Кеңес жаттықтыратын өрендер бүгінде «Спорт шеберіне үміткер» атағына қол жеткізіп үлгерген. Нысанға арнайы атбасын бұрған өңір басшысы жергілікті атқамінерлерге бұқаралық спортты дамытуды күн тәртібінен түсірмеуді тапсырды.
Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарының соңында аудан активімен кездесті. Басқосу барысында облыс басшысы аудан әкімдігінің алдына халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы маңызды міндеттер қойды. Атап айтқанда, оқушы саны көп мектептердің мәселесін шешу, бұл істе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруды ширатуды жүктеді. Бұдан бөлек, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу, әлеуметтік мәні бар азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу, жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасауды тапсырды. Аймақ басшысы қорытынды сөзінде түрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанған өңірде татулыққа басымдық берілген жағдайда ғана бұл ауданның келбеті көркейе түсетінін қадап айтты.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support