- Advertisement -

«Гидрокешен» десе Марс Үркімбаев еске түседі

251

- Advertisement -

Осыдан 60 жылдай уақыт бұрын өзі іргесін қалаған сол кездегі Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының жаңа оқу корпусындағы Жастар сарайы бүгінде академик Марс Үркімбаевтың есімімен аталатыны жұртқа мәлім. Кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Гидрокешенінде» Мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық және ұлттық инженерлік академиясының академигі Марс Үркімбаевқа арналған мемориалдық тақта ашылды.

Бұл – білім мен ғылым жолында өлшеусіз еңбек етіп, жастардың келешегі үшін батыл қадамдарға барған азаматқа деген елдің құрметі. Игі іске ұйытқы болған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басшылығы осылайша өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп отыр.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, университеттің басқарма төрағасы-ректоры Талғат Ешенқұлов қатысты. Дәулет Жамаубайұлы бүгінгі игі іс-шараның өңіріміз үшін тарихи сәт болып қалатынын атап өтіп, жоғары білім беру ісін дамытып, ғылымның өрістеуіне жол ашқан, түрлі салада басшылық қызметтер атқарып, ел экономикасын дамытуға үлес қосқан тұлғаның соңында өшпес ізі қалғанын сөз етті.
– «Өнер-білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден. Көзіңді ашып-жұмғанша. Жылдам хабар алғызды», деген Ыбырай Алтынсариннің өлеңі терең зерделегенге ой саларлықтай. Жастардың келешегі үшін білім алатын оқу кешенін салған Марс Фазылұлы шын мәнісінде елдің ертеңін ойлаған азамат екенін көрсетеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Университет ректоры Талғат Ілиясұлы сыртқы кедергілерді жеңе білетін, әлемдік өзгерістерге қарай, дамудың бағыт-бағдарын болжай алатын тұлғалардың ісі де ірі болатынын сөз етті. Марс Фазылұлының қанша жыл өтсе де ізі өшпейтіндей ескерткішті өзіне өзі қойып кеткен азамат екенін атап өтті. Бүгінде «Гидрокешен» десе, еске академик Марс Үркімбаевтың еске түсетіні рас. Енді соның тасқа қашалған анықтамасы сол кешеннің қабырғасына ілініп отыр.
– Қазіргі білім мен ғылым, қоғамдағы көкейтесті қозғалыстар туралы сөз етер болсақ, нар тұлғалы ғалымдар мен мемлекеттік қайраткерлердің еңбек жолы мен өмір жолы көз алдымызға келеді. Солардың қатарынан, өзіндік із қалдырған асыл азаматтардың арасынан бүгінде өмірден өткеніне 10 жыл толып отырған Марс Үркімбаевтың есімі тасқа басқан таңбадай-ақ жарқырап тұрғанын көреміз. Ел келешегі үшін батыл бастама көтеріп, өзінің көзі тірісінде осындай өшпес ескерткіш қалдырып кеткен академиктің аты ел аузында қалды. Елімізге «ГИДРО» деген атпен танылған оқу кешеніндегі мемориалдық тақтаның ашылуы – соның жарқын дәлелі, – деді Талғат Ілиясұлы.
Отыздан енді асқан шағында институт ректоры болған Марс Үркімбаев басқарушылық қабілетінің жоғары екенін басқа салаларда еңбек еткен жылдары да айқын көрсете білген. Оның өз идеясына көпті сендіре білетін, айналасындағыларды серпілтіп жүретін жарқын мінезі туралы замандастары жылы естелік айтудан жалыққан емес. Іс-шараға арнайы келген Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағынхан Әміреқұлов, Қазақстан ұлттық академиясының академигі Өскенбай Мәдиев, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев Марс Фазылұлының батыл да, бастамашыл істері жайлы әңгіме қозғап, естеліктерін айтты.
Ал академиктің інісі Болат Фазылұлы Жамбыл жеріндегі жаңа оқу ғимаратының құрылысын жүргізуге қалай рұқсат алғанын сөз етті. Жалпы бұл кезінде Кеңес Одағының Үндістанда жүргіземіз деген құрылыстың архитектуралық жобасы екен. Аталған жоба бойынша ғимаратты осы Таразда салуға болатынын Марс Үркімбаев Мәскеудегілерге талай дәйекті келтіріп жүріп, дәлелдеп шыққан екен. Осылайша Жамбыл жерінде бірегей «Гидрокешен» деген атауға ие болған оқу корпусы бой көтерген. Енді, міне, сол бастама авторының есімі кешенде жарқырап жазылып тұр.

Сара Макуова,
студент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support