- Advertisement -

Ұсталғандардың 85 пайызы 29 жасқа дейінгі азаматтар

423

- Advertisement -

Нұрбек Ұласбекұлы,
облыс прокурорының орынбасары.

Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы 157 қылмыстық іс, оның ішінде 10 терроризм актісі, 4 жаппай тәртіпсіздік және 2 кісі өлтіру бойынша істер тергелуде.

Өкінішке қарай, «Қаңтар оқиғаларының» нәтижесінде бізде де адамдар қаза тапты, бүлік жасау, өртеу әрекеттері орын алды, мемлекеттік және жекеменшіктегі мүліктер жойылды.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамын.
Алғашқы күннен бастап тергеумен тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушыларын, белсенді қатысушыларын анықтау және дәлелдемелерді бекіту бойынша нақты жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік органдармен бірлесе тәртіпсіздіктердің себептерін анықтап, салдарын жоюға әрекет етудеміз.
Тергеумен бейбіт митингіні арандатып қолдана алған қылмыскерлердің іс-әрекеттерінің ұйымдасқан сипаты анықталды. Олардың әрекеттері әкімшілік ғимараттар мен қару сақталатын режимдік нысандарды басып алуға бағытталды, мақсаттары аласапыран мен қорқыныш сезімін ұялату болған.
Нақты нұсқаулар беру үшін жастар арасында танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, азаматтардың сезімдерін жалған патриоттық үндеулермен арбады.
4 қаңтарда Алматы қаласынан «Оян Тараз» телеграмм арнасын құрып, лезде 4 мыңға жуық қатысушыларды біріктірген облыс тумасы қамауға алынды.
Чаттарда құқық қорғау органдарына бағынбауға, қозғалыс бағыттарын жеткізе отырып, басқа аймақтарда болып жатқан қарулы басып алу мен тонау файлдарын таратқан және «Молотов» коктейльдерін жасаудың қадамдық схемаларын берген 20 қатысушы анықталды.
Экстремистік мағынадағы бейнематериалдар орналастырылған «ДВК/Көше» тыйым салынған қозғалысының іздері байқалды, оның жақтаушылары жағдайды өз көзқарастарын іске асыру және деструктивті ықпал ету мақсатында пайдаланған.
Сондай-ақ белсенді арандатушылық сипатта адамдарды жиналуға шақырған қала тұрғыны ұсталды, ол 5-не қараған түні 1000-нан астам азаматты облыстық әкімдікке алып келген.
Дәл осы топ әкімдік ғимаратын бірнеше рет басып алуға тырысқан, бірақ құқық қорғау күштері оны қорғап қала алды.
5 полицей мен әскери қызметкер зардап шекті.
«Күзет» қызметкерін ұрып-соғып, оның табельдік қаруын иемденді. Бұнымен тоқтамай, әкімдікке жақын орналасқан полицияның қызметтік автокөліктерін қиратып, өртей бастаған.
Ұсталғандардың арасында облыстың 6 ауданы мен Алматы қаласының азаматтары бар. Жуалы ауданы мен қала алқаптарынан адамдарды жинаған тұлғалар анықталды.
Митингтер өтіп жатқанын пайдаланып, жекелеген тұлғалар бизнес объектілерін тонап, тауарларды ұрлаған. Бүгінгі күні, тәртіпсіздіктер кезінде ұялы телефондар мен тұрмыстық техниканы ұрлады деп айыпталған 5 адамға қатысты 2 қылмыстық іс сотқа жолданды.
Ұсталған адамдардың әлеуметтік портреттері зерделенді. Ұсталған 12 тұлғаның немесе әрбір бесінші адам бұрын сотты, ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін қылмыстық жауаптылықта болғандығы анықталды.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар арасында аймақтың танымал ірі кәсіпкері дауыс күшейткіш құрылғыларды қолдану арқылы, әкімдік пен «Nur Otan» партиясының ғимараттарына шабуыл жасау кезінде нұсқаулар берген.
Ұйымдастырушылар негізінен шағын аудандар мен жақын маңдағы ауылдардан жастарды жинаған. Оларға кәмелетке толмағандар да қосылған. Ұсталғандардың 85 пайызы 29 жасқа дейінгі азаматтар.
Сонымен қатар жиналғандар алкоголь мен есірткі заттарын пайдаланған, қайтыс болған үш адамның қанынан есірткі заттары анықталды.
Деструктивті күштер мен қылмыстық орта өкілдерінің тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар екендігі дәлелденді. Айыпталушылардың бірі деструктивті діни ағым жақтаушысы. Бұл адам жастарды жинап, оларға іс-қимыл тәртібі туралы нұсқаулар берген.
Белсенді зорлық-зомбылыққа көшіп, шабуылдаушылар полиция ғимаратынан 840 қару ұрлағаны белгілі.
Бүгінде 237 қару табылып тәркіленді, қолды болған 603 қару іздестірілуде.
Қаруланған қылмыскерлер қаланың қалыпты өмірінің берекесін қашыруға, қылмыс жасау арқылы бейбіт тұрғындарды қорқытуға ниеттенген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратына қарулы шабуыл жасау кезінде қылмыскерлерге тойтарыс берілді, 1 қызметкер қаза тапты. Жаппай тәртіпсіздіктер барысында 277 құқық қорғау қызметкерлері зардап шекті, екеуі қайтыс болды, бірқатары ауыр жарақаттар алды. Бүлікшілер тіпті шұғыл көмек қызметкерлеріне шабуыл жасаған, жедел жәрдем көліктерін талқандап, зардап шеккендерге көмек көрсетулеріне кедергі келтірген.
Полицияның арнайы техникасын тартып алып, қала ішінде жылжу арқылы халықтың өміріне қауіп туғызған. Қантөгіс жағдайларын көргеннен кейін бұл оқиғаларға қатысы жоқ азаматтардың оқиға орнынан бой тасалағанына сенімдіміз.
Терроризмге қарсы операция басталғаннан кейін ескерту шараларына қарамастан, 400-ге жуық қастандық ниеттілер бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп, қала көшелері мен орталығында оқ атумен қарсылық көрсетті. Жиналғандар қақтығыстың ушығуына әдейілеп барды.
Автокөліктер мен қарапайым азаматтарға оқ атылды. Сондай-ақ 8 жаяу жүргінші тұрғын оқтан жарақаттар алды.
Түрлі жарақаттармен медициналық мекемелерге 412 тұлға жүгінген. Зардап шеккендердің үштен екі бөлігі – қатардағы қызметкерлер.
«Қаңтар оқиғасынан» бастап полиция органына 1586 адам жеткізіліп, оның ішінде 587 адам төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 908 адам үйлеріне қайтарылды.
Прокурордың өтінішхаты бойынша 25 тұлғаның жазасы жеңілдетілді.
Лаңкестік әрекеттер, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін 78 күдікті ұсталды. 76 адам қамауға алынып, 2 адам үй қамауында.
Тергеу органымен оларды дәлелсіз қылмыстық жауаптылыққа тарту деректері жоқ. Қамауға алу әрбір ұсталған адамның іс-әрекеті мен жеке басын мұқият тексергеннен кейін ғана медициналық куәландырумен жүргізілді. Тәртіпсіздіктерге қатысту дәрежесін және жеке басын сипаттайтын мәліметтерді ескере отырып, бұлтартпау шараларын жеңілдету бойынша шаралар қабылданады.
Қазіргі уақытта 11 адам қамаудан босатылды, оның 5-еуі кәмелетке толмаған. Бұзақылардың іс-әрекеттерінен 145 млн. теңгеге 30 бизнес нысаны зардап шекті. Тергеу барысында кәсіпкерлерге келтірілген залалдың өтелуі үшін жан-жақты көмек көрсетілуде. Өңірлік комиссиямен өтінімдер мақұлданды, жақын арада төлемдер күтілуде.
Полицияның заңсыз әрекеттері туралы 24 адамның мүддесі үшін 35 өтініш түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен 16 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, 8 жағдайда уәждер расталмады. Бұл істер облыс прокуратурасы мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.
Бүгінгі таңда прокуратура мен ведомствоаралық жедел тергеу тобы қоғамдық ұйымдармен және адвокаттық корпуспен белсенді жұмыс істеуде. Ұлттық алдын алу тетігі және құқық қорғаушылармен өзара қатынас ұйымдастырылды, олар қамаудағыларды ұстау жағдайларымен танысты және наразылықтары жоқ.
Барлық өтініш білдіргендерге, оның ішінде тергеу изоляторы жағдайында құқықтық және психологиялық көмек көрсетілуде.
Халықпен кері байланыс күшейтілді, прокуратурада «жедел желі» үздіксіз жұмыс істейді, онда құқық қорғау органдарының әрекеттеріне шағым жасауға болады. Қабылданған шаралар нәтижесінде өңірдегі ахуал бақылауда.
Азаматтарды жалған ақпараттар таратпауға және тек ресми дерек көздеріне сенуге шақырамыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support