- Advertisement -

СУАРМАЛЫ ЖЕРЛЕРДІ БАҚЫЛАУ НЕНІ КӨРСЕТТІ?

334

- Advertisement -

Жамбыл облысында еліміздегі барлық суармалы жердің он пайызы орналасқан. Дұрыс әрі тиімді пайдаланылса еліміздің нарығын сапалы азық-түлікпен қамту әлеуеті зор. Жалпы егістік жерлерді, әсіресе суармалы жерлерді интенсивті жолмен, яғни қолда бар егіс көлемін тиімді, озық заманауи технологияларды енгізу арқылы кепілді жоғары өнімге қол жеткізуге болады. Суармалы судың 80 пайызы қырғыз елінен бастау алатын өңірімізде судың қажет кезінде тапшы болуы, облыс аудандарындағы басты мәселенің бірі.

Ағын су жеткізе алмау, жер иесінің игеруге шамасы келмеуі – егістік жерлердің бос жатуы әлі күнге өзекті мәселеге айналып келеді. Сонымен қоса, пайдалануға жарамсыз деңгейге жетіп бұта, шөп басып, жайылымға айналып кеткен жерлер, әсіресе Талас ауданының ауылдық округтерінің барлығында дерлік кездеседі.
Осы мәселені шешу үшін Үкіметтің қолдауымен, жергілікті сала мамандарының ынталандыруымен су үнемдеу технологиясымен суару көлемі артып келеді. Технологияның артықшылықтарының ең бастысы – су үнемдеу. Одан бөлек, жұмыс күшін жеңілдету, тыңайтқышты сумен бірге қажетті мөлшерде дәл берілуі, артық арам шөптің шықпауы және кепілді жоғары өнім алынатыны дәлелденген. Сонымен қатар осы тәсілдерді суару мүмкін емес тау бөктерлерінде қолдану да тиімді.
Облыста ресурс үнемдеу технологиясын қолданып, ирригациялық жүйе және суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру үшін 2014-2020 және 2030 жылдарға арналған аймақтық бағдарламаның жобасы әзірленіп, республикалық бағдарламаға енгізілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын «Оңтүстік Қазақстан Гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік мекемесі 2021 жылы бюджеттік бағдарлама бойынша облыстың Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Сарысу және Талас аудандары суармалы жерлерінің мелиоративтік жағдайын бағалау жұмыстарын орындады.
2021 жылы суармалы жерлердің мелиоративтік жайғдайын бағалау нәтижесінде 34,09 мың гектары қанағаттанарлықсыз, 28,9 мың гектары қанағаттанарлық және 42,78 мың гектары жақсы екені анықталды.
Қанағаттанғысыз суармалы жер негізінен жерасты суы деңгейі жер бетіне жақын орналасқан, сонымен бірге өте күшті және орташа тұзданған жерлер. Осындай тұзданған жерлерде грунт суының жақын орналасуы нәтижесі қайта тұздану қаупін тудырады. Қанағаттанарлықсыз жағдайдағы 34,09 гектар суармалы жерлердің 25,48 гектары жерасты суы жақын орналасуынан орын алып отыр. Бұл жағдайдағы жерлер негізінен ескі, инженерлік дайындықтан өтпеген суармалы жер екені анықталған..
Қанағаттанарлық дәрежедегі 28,9 гектар суармалы жердің жерасты сулары әлсіз тұзданған (1-3 г/л) және терең орналаспағандықтан, агромелиоративтік шаралар негізінен деңгелерінің көтеріліп кетпеуіне, күрделі тегістеу және суару жүйелерін қайта жөндеуге бағытталуы қажет.
42,78 мың гектар мелиоративтік жағдайы жақсы суармалы жерлер топырағы тұзданбаған, сорланбаған, жерасты сулары әлсіз тұзданған және төмен орналасқан. Мұндай жерде топырақтың құнарын арттыруға бағытталған агромелиоративтік шаралар жасалуы тиіс
Өткен жылғы суару кезеңінен кейінгі жерасты суы деңгейі мен тұздылығының тәртібін бақылау нәтижесі Байзақ ауданы суармалы жерінің жерасты суы деңгейі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда түскенін көрсетті, жалпы 32604 гектардың 6522 гектары шектеулі деңгейден жоғары.
Жамбыл ауданында да жерасты суы деңгейі аз да болса түскен, 43905 гектар суармалы жердің 11552 гектарының жерасты суы деңгейі 0-2,0 метр аралығында, яғни шектеулі деңгейден жоғары.
Жуалы және Сарысу аудандары суармалы жерінің жерасты суы шектеулі деңгейден төмен, яғни осы аудандардағы жерасты сулары жердің мелиоративтік жай-күйіне қауіпті емес екендігін көрсетеді. Жуалы ауданы жерасты сулары тұздылығы да өте төмен, жалпы суармалы жердің 92 пайызында жерасты суы тұздылығы 0-1 литер гектарды құрайды. Химиялық құрамы гидрокарбонатты-сульфатты кальцийлі, гидрокарбонатты-сульфатты магнийлі.
Талас ауданындағы суармалы жерлердің 876 гектары шектеулі деңгейден жоғары, қалған 12926 гектарында жерасты суы деңгейі 2 метрден төмен орналасқан. Ауданда орналасқан бақылау құдықтарынан алынған судың нәтижесінде, суармалы жерлердегі жерасты суы тұздылықтары 1569 гектарында 5 секунд гектардын артық, қалған 12233 гектарының тұздылығы одан төмен екені анықталды. Химиялық құрамында гидрокарбонатты-сульфатты магнийлі және сульфатты-гидрокарбонатты натрийлі-калийлі түрі басымырақ.
Облыстағы 5 ауданындағы суармалы жерлердің суару кезеңінен кейінгі бақылау нәтижесі 2020 жылмен салыстырғанда жерасты суы деңгейі түскенін, жалпы суармалы жер көлемінің 80 пайызы немесе 83847 гектары шектеулі деңгейден төмен орналасқандығын, ал оның тұздылығының 0-1 литер гектар құрайтын бөлігі 69 пайызды немесе 72236 гектарды екенін көрсетті.
Жалпы жерасты суының деңгейлері 5 аудан бойынша өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда шектеулі деңгейден жоғары орналасқан суармалы жер көлемі 3202 гектарға кеміген, яғни деңгейлері аздап түскен, ал тұздылықтары 5 литер гектар жоғары болатын жер көлемі өткен жылғыдан 224 гектарға артқан, 3 пайыз немесе 3547 гектар, оның Таласта – 1569, Байзақта – 1673, ал Жамбыл ауданында – 305 гектар. Суармалы жерлердің топырағының 82,3 мың гектары тұзданбаған, 14,8 мың гектары әлсіз тұзданған, 5,2 мың және 3,4 мың гектары, сәйкесінше, орташа және күшті тұзданған.
Осы 5 аудандағы 105771 гектардың 98207 гектары түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылып, 7564 гектары пайдаланылмаған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда суармалы жердің пайдаланылуы 626 гектарға артқан. Егіс көлемі құрылымындағы үлесі басым дақылдар: мал азықтық – 40,8, дәнді дақылдар – 12,16, көкөніс, бақша және картоп – 25,06 мың гектар.
7464 гектар суармалы жерлердің 4989 гектары ішкі шаруашылық суармалы жүйелердің жай-күйінің қанағаттанғысыздығы және 2575 гектары топырақтың тұздануы себепті пайдаланылмаған.
Пайдаланылмаған суармалы жерлер Таласта – 6807, Жамбылда – 311, Байзақта – 290 және Сарысу ауданында 156 гектар болды.
Пайдаланылмаған суармалы жерлердің басым бөлігі – жалпы бес аудан бойынша пайдаланылмаған жер көлемінің 87 пайызы немесе 6807 гектары Талас ауданында, оның 4282 гектары ішкі шаруашылық суару жүйелерінің қанағаттанғысыз жағдайынан, 2525 га тұздануынан болып отыр. Аудандағы суармалы жерлердің 70 пайызы Талас өзенінің төменгі ағысы бойында орналасуынан су тапшылығы игерілмеуінен орын алған.
Осы аудандар бойынша соңғы бес жылдағы егілген дақылдар мен берілген су көлемі арқылы есептік суару мөлшері және орташа үлестік алынған су көлемдері есептеліп, суармалы жерлердің сумен қамтамасыздану коэффициенті (Кс<0,75) төмен, яғни барлық аудандарда да суармалы сумен қамтамасыз етілуін жақсарту қажет екендігі анықталды.

Қажымұқан ҚОЖАНОВ,
«Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік мекемесі
Жамбыл бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support