- Advertisement -

Көрген-баққан

77

- Advertisement -

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***
Біреудің басына қарға саңғып кетсе де, мен ұшырған қарға боп шығатыны несі?

***
Қазірде қай жақтан айқай шығар екен деп құлағын жымырып отырғандар жеткілікті.

***
Тұлпарға мініп, даланың шаңын шүйкедей созып шабар ма еді, шіркін!
***
Кешегі социализм кезінде арманшыл бала едік. Октябрят болдық. Қызыл галстук тағып пионерге өттік. Одан комсомол… Әрқайсы оқушылық дәуреннің қызықты бір баспалдағы болашаққа тартылған алтын – арқау, күміс –жалғау сынды еді. Сол сеніммен өсіп, ер жеттік. Өзімізге сай әніміз де, сәніміз де болатын. Күшті идеология мықты ұрпақ тәрбиеледі.
Қазір ше? Соның бірі жоқ. Капитализм жас өркеннің арманын тонап жатыр. Қайткенде де ақша табуға, бай болуға ұмтылдырған арман арман емес!

***
Ағып бара жатқан уақыт, қалып бара жатқан бақыт енді соңынан қос атпен қусам да жеткізер ме?

***
Бір келіншек жат ағымға өткен бе, бет-ауызына дейін қымтап, қара киініп алыпты. Өзі кеп атын айтқанда әрең таныдым. Осының бетіне кім зәру боп жүр екен деп тұрдым да: – Сен осы банктегі кредитіңді төлемейін деп қашып жүрген жоқсың ба? – деп әзіл айттым.

***
Түйежапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнге қырық құбылған заманнан да, адамнан да шаршадым.

***
Жауыңды да жақсы көр, мейіріміңді төк, – дейді діни кітап. Олар пышақтаймын деп тұрса, мен қалайша құшақтаймын?

***
Ол ұялмайтын адам. Беті қызармайды. Анда-санда шапалақтап алмасың.

***
Кавказдықтар көп жасайды дейміз. Олардың қарт адамдары көбіне бір жасты жатырдағы тоғыз айлық өлшеммен есептейтінін ұмытпайық.

***
Атақты сатирик Көпен Әмірбек шығармашылық кешінде «Таспен ұрғанды, аспен ұрдым» деп сықақ өлең оқып тұр. – Көпеке, ол ұғым ескірген, архаизм. Қазірде таспен ұрғанды баспен ұрады, – деп ем әзілдеп. Қолма-қол өзгертті.

***
«Өз тағдырың-өз қолыңда» деп бір газет тақырып қойып, мақала басыпты. Сонда Құдай қайда қалады?

***
Алла адамзаттың қолтығына 4 кітап қыстырып кетті. Дінің, иманың, әдебің, жиғаның осы деп. Компьютер, фейсбук, сайт-майт емес.

***
Ырзалықпен-ақ өмір сүрейін дейсің. Ыза қылатындар да аз емес.

***
Сағынатын адамдарым азайып барады. Ол таусылғанда өмір ит те бітетін шығар.

***
Ұлы деген атау Аллаға ғана жарасады. Адамға емес.

***
Алла адамзаттың ақыл-ойына шектеу қойған. Өзіммен таласпасын деп…

***
Көп ақын өлеңді сезіммен бастайды. Сосын сезімді төзім, машық жеңеді. Ол ақынның өлгені!

***
Батар күндей ісініп, өзіне-өзі симай жүрген мынау кім?!

***
Кісіні үндемей өлтіретін адамдардың сорты бар.

***
Берлинде жүргенімде Мюнхенде тұратын немістің үлкен жазушысы Герт Хайденрайх іздеп келіп бір күн жанымда болды. Өзбекстандық ақын Абдолла Шер мен Шолпан Қызайбаева төртеуміз театрға бардық. Әдемі бір спектаклді тамашаладық. Кеште арнайы қонақасы берді. Неміс салтында әркім өзі ішкен тамағына өз қалтасынан төлейді. Герт болса көл-көсір дастарқан жайды. Ол менің әңгімелерімді қызыға тыңдайды. Тіпті шек-сілесі қата күледі. Көп сырластық. Тыным-түсінігі мол парасат иесі.
– Сен маған айтпаған боғауызымды айттырдың, – деді бір әңгіме үстінде.
– Қалайша? – деп таңғалдым.
– «Қытайдан жеткен сәлемдемеңді» неміс тілінде оқып отыр ем. Әлгі Өмірбайдың қытай шекарасынан қазақ жеріне өтерде Әсемай мен екі баласынан танып шығатын тұс бар ғой… Соны оқығанда Өмірбайдың дымын қалдырмай балағаттап, орнымнан тұрып кетіппін. Айналамдағы адамдар шошып кетті. Солай, досым, сенің әңгімелеріңді оқығанда күліп иә жылағың келеді. Сосын боқтағың келеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support