- Advertisement -

Утильалым: шынында көлік бағасы арзандайды ма?

242

- Advertisement -

Кейінгі жылдары елімізде Ресей, Армения мен Қырғыз мемлекеттерінен келген көліктер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Жаңа көліктердің көбейгені дұрыс, алайда жүргізушілер шетелдік темір тұлпарды тіркеуге келгенде тізгін тартуға мәжбүр болды. Себебі көлікті тіркеуге белгіленген алым-салықтарды қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Бұл қайшылық елдегі көлік нарығына да әсер етіп отыр.

Өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жұртты алаңдатып отырған утильалымына қатысты нақты тапсырмалар жүктеген еді.
«Кәсіпкерлерде, жалпы қоғамда «Оператор РОП» деп аталатын компанияның жұмысына қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Үкіметке РОП операторының утильалымына иелік етуін тоқтату бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналысу керек. Сатып алушыларға утильалымы есебінен ваучер арқылы отандық автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу мәселесін қарастыру керек. Ондағы қаражатты пайдаланудың басқа да қоғамға пайдалы тәсілдерін әзірлеңіздер»,–деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламент Мәжілісінде.
Түсініктірек болу үшін утилизациялық алым жайында аз-кем айтсақ. Жалпы бұл қалдықты жинау, жеткізу, тасымалдау, сондай-ақ жоюға төленетін қаржы. Мұны көлікті сатып алуға ниетті тұлға мен өндіруші транспортты экологиялық нормаға сай пайдаланған соң, қайта өңдеуді қаржыландыру үшін төлейді.
Сонымен Президент пәрменінен кейін араға апта салып Үкімет «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері туралы» Қаулы қабылдап, «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалды. Сәйкесінше «ӨКМ Операторы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің утилизациялық алымды әкімшілендіру және тиісті қаражаттарды басқару шеңберіндегі қызметі тоқтатылды.

Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді. Бұл тұрғыда «Жасыл даму» акционерлік қоғамы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағындағы ұйым болғандықтан, ең әуелі бас пайдасын емес, ел мүддесін ойлайды дегенге сенім басым. Осы орайда кәдеге жарату алымының мөлшерлемелерін қайта қарауды ведомствоаралық жұмыс тобы жүргізуде. Оның құрамына елдің талап-тілектерін біліп отырған қоғам мүшелері де тартылған. Алайда осы жаңалық арзан көлік мінген ағайынды екіұдай күйде қалдырған сыңайлы. Себебі утиль алымының көрсеткіштері азайса, тозығы жеткен көліктердің құны күрт түсуі мүмкін.
Жуырда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің бұйрығымен «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы болып Жанат Самат тағайындалды. Ол 2020 жылдан бастап ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы «Қоршаған ортаны қорғау ақпараттық-талдау орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры лауазымын атқарған. Айта кететін жайт, ақпан айының бас кезінде «Жасыл даму» АҚ халыққа кеңес беретін байланыс желісін іске қосты. Енді, қарапайым халық кәдеге жарату алымын төлеуге қатысты және тиісті құжаттар туралы сұрақтардың жауабын жедел анықтай алады.
Утильалымын төлеу үшін шетелдік көлік мінгісі келетіндер темір тұлпардың қозғалтқышына, көлеміне және түріне қарай 400 мыңнан бастап 6 миллион теңгеге дейін шығындалатын. Арзан әрі сапалы көлік екінің- біріне бұйырмайтын. Осылайша мемлекет отандық автокөлік өнеркәсібінің қанат жаюына ерекше қолдау көрсетті. Соған қарамастан біздегі көліктердің сапасына күмәнданатын жұрт қолдан келсе шетелдік көлік мінуді дұрыс көрді. Енді сарапшылар автокөліктерді кәдеге жарату үшін белгіленген алымның мөлшері Еуропа елдерімен теңессе, елдегі көлік өндірушілер ашық бәсекеге түседі деп болжам жасап отыр. Тіпті утиль алымы отандық ауыл шаруашылығы техникалары паркінің де жаңаруына тұсау салып отыр. Сондықтан аграрлық саладағы шаруалар утильалымын мүлде алып тастауды ұсынады. Ескірген техникаға қарап отырған егіншілер өнімді жинау науқанында біраз қиындықтарға қарсы тұруға мәжбүр. Қазірде жеңіл көліктерді кәдеге жарату алымының мөлшері 400 мыңнан 3,5 миллион теңгенің аралығында болса, ауыл шаруашылық техникаларын тіркеу 14 миллион теңгеге дейін барады. Қалыптасқан жайға әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір білдіруде. Мысалы, утильалымның мән-жайын кеңінен қаузап жүрген «Jambyl» телеарнасының шеф-редакторы Жалғас Саңғыл көлік тіркеуге байланысты негізгі үш мәселе жайында айтып берді.
– Сырттан келетін көліктердің алғашқы тіркеу, утилдік алымынан бөлек салығы тағы бар. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ішінде тек бізде ғана көлік бағасы аспандап тұр. Сондықтан ұйымға мүше болғандықтан көлік бағасы шарықтап кетті деп айта алмаймыз. Бізде көлік тіркеу кезінде жасалатын төлемдер санаулы топтың ғана қалтасын томпайтуда. Оған дәлел Еуропа, АҚШ-та көлік тіркеу құны 100-ден 300 доллардың айналасында есептеледі. Біздегі алым-салықтар дұрыс санаулы топтың мүддесі үшін дайындалғандай. Біріншіден, утильалымның құны жоғары болғандықтан отандық тауар өндірушілері ашық бәсекеге түспейді. Әйтпесе ел ескі болса да шетелдік көліктің сапасы жақсы екенін біледі. Екіншіден, әр көлікті тіркеуге жұмсалатын қаржы қомақты. Үшіншіден, осы жайдың барлығы қазақстандықтардың таңдау құқығын шектеуде. Егер утиль алым бойынша коэффициент Еуропа елдеріндегідей 100 мың теңгеге дейін төмендесе, қолданыста 7 жылға дейін болған автокөліктердің құны 40 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл әрине арзан көліктердің бағасына да әсер етеді, – дейді әріптесіміз.
Жуырда жамбылдық жүргізушілердің көбі ескі көліктерін сатылымға шығара бастаған еді. Біз бұл жайдың жапсарын жеті жылдан бері көлік алып-сатумен айналысатын Самат Маратұлынан сұрап, анықтауға тырысып көрдік.
– «ӨКМ операторы» жұмысын тоқтатқан соң, ел арасында көлік бағасы арзандайды деген сөз желдей есті. Содан ағайындар ескі көліктерін сатылымға шығара бастады. Бұл шаруаның нақты шешімін таппағанын ескерсек, әлі алда қандай өзгерістер болатынын білмейміз. Соған қарамастан тұрғындар арнайы сайттарға көліктерін шығарып, реті келсе көлігін сатудан кетары емес. Бұдан кім ұтып, кім ұтылатыны әзірге белгісіз. Бірақ меніңше, бұл өзгеріс арзан көліктердің бағасына айтарлықтай әсер етпеуі керек. Бірақ бірер жылда отандық автопарктер жаңаратын секілді. Мен өзім көлік алып-сатумен 2015 жылдан бері айналысамын. Көбіне темір тұлпарды Өскемен, Семей, Аягөзден алып, Жамбылда саудалаймын. Себебі аталған өңірлерде ескі көліктер бағаланбайды, әрі халқы да көлік алып сатуға үйір емес. Реті келсе жаңа көлік алады. Ал бізде ескі және арзан көліктер көп, – дейді Самат Маратұлы.
Елімізде Ресейден жеткізілген көліктердің саны 80 мыңға шамалас болса, оның екі мыңға жуығы біздің облысымыздың еншісінде. Статистика бойынша тіркеуі жоқ көліктер жол ережесін көп бұзады екен. Салдарынан жол көлік оқиғалары жиілеген. Утильалым мәселесін тереңірек қаузасақ, осы тектес қайшылықтар жетіп артылады. Соның ішінде көпшілікке ең әуелі утильалымның есебінен түскен қыруар қаржының қайда кеткені қызығырақ. Сонымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, осы уақытқа дейін утильалымынан түскен қаржы 691,9 миллиард теңгені құрапты. Осы соммадан автокөлік өндірушілерге кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген 338,9 миллиард теңге қайтарылған. Сондай-ақ салықтарға 49,1 миллиард теңге, экологиялық мәселелерді реттеуге 102 миллиард теңге жұмсалыпты. Ал қалған қаражат бүгінде екінші деңгейлі банктерде 220,6 миллиард теңге көлемінде сақталған.
Бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов Мәжіліс отырысында утильдік алым мөлшері көпшілікпен келісілген соң ғана бекітілетінін хабарлаған-ды. Демек министрлік көлік тапсырушы тұлғалар мен шаруа қожалықтары үшін утильалымның тиімді жолын қарастырып жатқанға ұқсайды. Енді ереже нақтыланғаннан кейін ақпан айының соңында ескі көліктерді жоюға қатысты қабылдау бағдарламасы жіті қаралып, бекітілмек. Ал утильалымның мөлшерін министірлік қалай белгілеп, қандай шешім қабылдайтыны әзірге болжап біле алмаймыз.

Сәндібек Піренов

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support