- Advertisement -

Әбутәліп Ахметовке Қаратау қаласынан бір көшенің аты берілсе…

308

- Advertisement -

Биыл егемен еліміздің отыз жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Тағдырдың аумалы-төкпелі кезеңдерінде Ресей, Қытай, Жоңғар, Қоқан, Бұхара, Хиуа хандықтарының арасында  жүрегіміз қысылып жүріп, ата-бабаларымыздың найзасының ұшымен, білегінің күшімен аман қалған қазақпыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шұғыл түрде мемлекеттің сыртқы саясат бағытын айқындауға, жаңа Қазақстан дипломатиясын құруға тура келді. Қазақ дипломатиясы тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болды дегеннен аулақпыз. Атам заманнан айтылып келе жатқан «елдестірмек  елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген дана сөздің өзі дала дипломатиясының тамырының терең екеніне дәлел.  Ал Елбасымыз бас болып, дүние танып, мойындаған қазақ дипломатиясы егемендіктен бастау алып, жаңаша жаңғырды, жанданды десек ешбір қателеспейміз.

Иә, Кеңес кезінде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі деп аталатын, бар болғаны бес адамнан тұратын кішігірім мекеме болды. Алайда  еліміздің бірінші Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов айтқандай «тек сәндік қызмет атқарған министрліктің ешбір қызметкері ешқашан шетелдік іссапарға шығып көрмеген» еді. Жалпы жетпіс жылдық бодандық заманда тек екі қазақ елші атанған. Олар Сауд Арабиясында 1920 жылдары кеңестің бірінші елшісі болған Нәзір Төреқұлов пен 1980 жылдары Мали мен Марокко елдерінде елші қызметін атқарған Мәлік Фазылов еді.

Бүгінгі таңда Қазақстан жер шарының 178 мемлекетімен дипломатиялық байланыстар орнатқан. Шет мемлекеттерде еліміздің 94 елшілігі, бас консулдығы мен халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктері белсенді жұмыс атқаруда. Қазақстанның өзінде 69 шетелдік елшіліктер мен дипломатиялық миссиялар тіркелген. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы, Ислам Конференциясы Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да ықпалды халықаралық ұйымдардың белді мүшесі.

Егемендік алған алғашқы жылдары дайын, кәсіби дипломаттар қайдан табыла қойсын. Сондықтан Елбасымыз Мәскеуден жалпы саны бар болғаны он екі кеңестік қазақ дипломаттарын  елге қызмет етуге шақырды. Олардың қатарында Қасым-Жомарт Тоқаев, Михаил Есеналиев, Төлеутай Сүлейменов,  Вячеслав Ғиззатов, Сайлау Батыршаұлы, Биғали Тұрарбеков, Ерлан Ыдырысов және басқа да елін ерекше сүйген асыл азаматтар болды. Алғашқылардың қатарында біздің жерлесіміз Әбутәліп Ібіжанұлы Ахметов те бар еді. Ол КСРО-ның Вьетнамдағы елшілігінде екінші хатшы лауазымында жүрген жерінен еліне қызмет етуге оралды.

Өздеріңізге мәлім, қазақтар мекендеген Талас ауданы Кеңес заманында негізінен мал шаруашылығымен айналысқан, алыс шөлейтте орналасқан өңір болатын. Осы құм ортасындағы ауыл мектебінің түлегі Әбутәліп Мәскеуге қатарынан бірнеше жыл барып жүріп, ақыры арманына жетті. Атағы жер жарған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына түседі. Тек саяси элиталардың балалары оқитын әлемге әйгілі жоғары оқу орнын ауыл баласының бағындыруы ерлікке тең қайсарлықтың арқасы еді.

Әбекең аталған оқу орнын 1977 жылы ойдағыдай аяқтаған соң, Түркиядағы КСРО өкілдігіне жұмысқа жіберілді. Одан кейін Отанына оралып, шетелдермен достық қоғамында, сол кездегі Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде біршама уақыт қызмет етіп, біліктілігін одан әрі шыңдау мақсатында үйренген Мәскеуіне қайта  аттанады. КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының екіжылдық басшылық құрамға арналған курсын үздік тәмамдайды. Академияда көзге түскен Әбекең Вьетнамдағы Кеңес Одағы елшілігіне қызметке жіберіледі.

Орыс, түрік, парсы, француз, вьетнам, ағылшын тілдерін еркін меңгерген Әбекеңнің туған елі тәуелсіздігін алған сәттен бастап екінші тынысы ашылғандай еді. Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында жоғары лауазымдарда болды, Түркия мен Иран мемлекеттерінде бас консул қызметтерін атқарды. 2008 жылғы мамыр айында Елбасы жарлығымен Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.

Еліміздің сыртқы саясат саласындағы отыз жылдан астам атқарған ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Әріптестері Әбекеңді дипломатиялық дәрежесіне сәйкес «біздің генерал» деп те атайтын. Көрнекті дипломат, кәсіби маман, қоғам қайраткері мемлекетіміздің шетелдердегі абыройын асқақтатуға елеулі үлес қосқан азамат. Кезінде оның өмір мектебінен өткен жас дипломаттардың бірқатары бүгінде елші, министрлік басшылығы құрамында еңбек етуде.

«Дипломатиялық майданның» алғы шебіндегі Әбутәліп Ібіжанұлының ғұмыры 2010 жылы қараша айында Отанынан шалғайда, тәжік жерінде кенеттен үзілді. Уақытында Сыртқы істер министрлігінің қайғылы хабарламасында «оның қазақстандық дипломатиядағы баға жетпес еңбегі біздің  мемлекетіміздің сыртқы саясат тарихында мәңгі қалады» делінген еді.

«Ел есімін ер шығарады» дейді қазақ. Осы дана айғақ халқының адал ұлы Ә.Ахметов сияқты тарихи тұлғаларға арналғандай. Отызжылдық мерейтой қарсаңында егеменді еліміздің ерлерінің ерен еңбектері мен ерліктерін бағалайтын мезгіл де келіп жетті. Жақында Талас ауданы ардагерлер кеңесі қоғамдық ұйымының мүшелері Қаратау қаласының жастар оқу орындары шоғырланған көшелерінің біріне жерлесіміз Әбутәліп Ібіжанұлы Ахметовтың атын беру туралы ұсыныс енгізді. Ұсыныс еліміздің Сыртқы істер министрлігі тарапынан толықтай қолдау тапты. Асыл азаматтарымызды ардақтау болашақ ұрпаққа үлгі, өнеге, тәрбие, өмірлік сабақ болары сөзсіз. Бұл игі іс қоғамда, әсіресе алыс ауылдардағы қазақ жастары арасында дипломатияға деген қызығушылық танытатынына сенімдіміз.

 

Боранбек Әлбергенов,

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ардагері, бірінші сыныптағы

кеңесші дәрежесіндегі

зейнеткер-дипломат.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support