- Advertisement -

Тендердің бағаларына түзету енгізбесе құрылыс компаниялары қарыздан көз ашпайды

197

- Advertisement -

Қымбатшылық еліміздегі құрылыс саласын да айналып өткен жоқ. 2021 жылдың басында металл бұйымдары және басқа да материалдар бірден 30 пайызға қымбаттады. Ал мемлекеттік сатып алу конкурстарына ұсынылған нысандардың жобалық-сметалық құжаттарындағы құрылыс материалдарының құнына түзетулер енгізілмеді. Салдарынан былтыр көптеген мердігер компаниялар келісімшартты соңына дейін орындай алмады, шығынға белшесінен батты. Тендерге ұсынылатын сметадағы материалдардың бағасына жыл сайын өзгертулер енгізілмесе, көп кәсіпорын тарап кетудің аз-ақ алдында тұр. Құрылыс – экономика локомотиві. Бұл сала кері кетсе, экономикамыз да өркендемейді. Оны тұйықтан шығарудың жолы қандай? Бұл бағытта қандай шаруалар қолға алынуда? Облыста осы саладағы әлеуетті де жетекші компаниялардың бірі – «Бином» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, «Құрмет» орденінің иегері Серік Олжабековпен әңгімеміз осы сауалдар төңірегінде өрбіді.

– «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1998 жылы Тараздағы бұрынғы «Агроқұрылыс» АҚ базасында құрылды, – деп бастады әңгімесін Серік Олжабеков. Алғашқы кезде мұнда 10 техника ғана бар болатын, елу адам жұмыс істейтін.Үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің нәтижесінде серіктестік көп ұзамай облыстағы әлеуетті де ірі компанияның біріне айналды.Бұған біз қажетті материалдардың денін өзімізде шығару, материалдық-техникалық базамызды нығайту, білікті мамандарды көптеп даярлау және өндіріске озық технологияларды кеңінен енгізу нәтижесінде қол жеткіздік. «Бином» осы мерзімде облыс аумағында көптеген ірі әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізді.Ондаған мектеп,балабақша, аурухана,гидротехникалық құрылғылар мен жүздеген көппәтерлі тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді.
– Кейінгі кезде елімізде, оның ішінде облысымызда тұрғын үйлердің бағасы шарықтап кетті.Бірқатар ғимараттардың әр шаршы метрінің құны 300-400 мың теңгеге жетті. Ал сіздер тапсырған баспананың әр шаршы метрі орта есеппен 150 мың теңгеден айналыпты. Бұл – Қазақстандағы ең төменгі көрсеткіш. Бұған қалай қол жеткізілді?
– «Ісім өнсін десең, көзін тап» дейді халқымыз. Көпқабатты үйлерді қызыл кірпішпен, құм және газблоктармен соғу көп адам күшін талап етеді әрі ұзақ уақытқа созылады.Өркениетті мемлекеттерде жүз қабаттан жоғары ғимараттар салып жатқаны белгілі.Олар оны жаңа технологияны қолданып, қысқа мерзімде пайдалануға беруде. Ондай ғимараттарға негізінен металл каркастар және ірі қабырғалық панельдер қолданылуда. Тұрғын үй салуда біз де осы жолды таңдадық. Еліміздің Үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы аясында темірбетон бұйымдарын өндіретін зауытымызда ірі қабырғалық панель жасайтын инвестициялық жобаны жүзеге асырдық. Бүгінде кәсіпорын жылына 60000 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіруге қауқарлы. Мұның өзі бізге жылына 60 пәтерлік 30 үй, яғни 90000 шаршы метрлік 1800 пәтерді ел игілігіне ұсынуға мүмкіндік береді.
Заманауи үлгіде өндірілетін ірі панельдердің өзге материалдарға қарағанда артықшылығы көп.Панель – жеңіл, жазда – ыстық, қыста суық өткізбейді. Ол – тегіс әрі жылтыр болғандықтан жұқа сылақ жүргізіледі. Ауа райы, яғни суық пен ыстық кедергі келтіре алмайды, жұмыс жыл он екі ай тоқтамайды.Соның нәтижесінде біз 2020 жылы 5 қабатты көппәтерлі – 14, 2021 жылы осындай пайдалы алаңы 45000 шаршы метрді құрайтын 18 тұрғын үйді белгіленген мерзімде пайдалануға бердік. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурстарында ұтып алған көппәтерлі 5 қабатты, 54000 шаршы метрлік 18 баспанада құрылысшыларымыз уақытпен санаспай еңбек етуде.Қазір тендерлерге қатысудамыз.Биыл жыл соңына дейін жалпы, 28-30 көпқабатты ғимараттарды салып, ел игілігіне ұсынсақ деген ниетіміз бар.
Ірі панельді нысандарда жұмыстың 80 пайызы техника күшімен атқарылады. Серіктестікте оған қажетті қуатты мұнаралық крандар мен панельдерді құрастыратын мамандар жеткілікті.Бүгінде мұнда 71 бірлік техника бар, оның 70 пайыздан астамы жаңа. Жаңа технологиямен соғылған ғимараттар жер сілкінісіне де төзімді. Біз негізгі қорды: техника мен құрал-жабдықтарды жыл сайын жаңартуға ерекше көңіл бөлеміз. Кейінгі екі жылда бұл мақсатқа 500 миллион теңге жұмсалды. Құрастырушы (монтажник) мамандардың қатары да көбейіп келеді. Жұмысқа жаңадан қабылданған жастарды өз есебімізден біліктілігін жетілдіру курстарында оқытамыз. Соның нәтижесінде кадр тапшылығын сезініп отырған жоқпыз.Қазір «Биномда» 614 адам жұмыс істейді.Өткен жылы осында 95 жаңа жұмыс орны ашылды. 2021 жылы 5 миллиардтан астам теңгенің құрылыс-құрастыру жұмыстары игерілді. Бүгінде біздің жылына 10-12 миллиард теңгенің құрылыс- құрастыру жұмысын игере алатын әлеуетіміз бар.
– Осындай ауқымды шаруаны еңсеруге не кедергі?
– Мемлекеттік сатып алу конкурстарындағы құжаттарда ғимараттарға белгіленген баға оған қажетті материалдардың жартысынан астамын сатып алуға да жетпейді. Қазір еліміз бойынша іске қосылған тұрғын үйлердің әрбір шаршы метрінің құны орта есеппен 250 мың теңгеден айналып тұр.Нарық заманында кімнің шығынмен жұмыс істегісі келеді? Тендердегі бағаға жыл сайын түзету енгізу қажеттігі туралы біз құзырлы органдарға үздіксіз айтып, талап қойып келеміз.Талап- ұсынысымызды республикалық мекемелерге де жолдадық.Егер бұл мәселе шешілмесе, мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысудан бас тартамыз. Осылай кете берсе құрылыс компаниялары қарыздан көз ашпайды. Компания жеке тұрғындардың өтініштері бойынша құрылыс жүргізуге мәжбүр болады.Біз осыған дейін тендерлерге қажетті материалдардың 70 пайызын өзімізде өндіргендіктен қатысып келдік.
– Серік Бектенұлы, облыс жұртшылығы сіздердің тендерде ұтып алған нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын қайта қарап, түзетулер мен толықтырулар енгізетіндеріңізді жақсы біледі.Бұл қаражат үнемдеу үшін жүзеге асырылып жатқан шаруа ма?
– Мұның өзі ақша үнемдеумен қатар ғимараттардың сапасын да жақсарта түседі. Мәселен, қазір мың орындық бір мектептің жобалық- сметалық құны 2 миллиард теңгеге жуық. Біз де дәл осындай нысанға ЖСҚ жасадық. Бағасы – 1 миллиард теңге. Осы тұста «айырма неге жер мен көктей?» деген сауал туындайтыны сөзсіз.Себебі біз оны жаңа технологиямен: панельдік материалмен соғамыз.Барлық мүмкіндігімізді сарқа пайдалансақ, жоғарыдағы қаржыға да бір мектепті бітіруге болады.Демек, бізге ескі тәсілдерден бас тартып, заманауи үлгідегі технологияларды кеңінен енгізуіміз керек.
– Сіз кейінгі кезде «шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандарды бір орталыққа шоғырландыру керек» деген ұсыныс жасап келесіз.Оның қандай артықшылықтары мен тиімділіктері бар?
– Ауылды өркендету, онда мамандарды тұрақтандыру туралы әңгімелердің айтылып келе жатқанына ондаған жылдар болды.Әйтсе де бұл мәселелер әлі күнге түбегейлі шешімін тапқан жоқ.Мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтижесінде бірқатар елді мекендердің ажары ашылып, жағдайы түзеліп қалды.Әйтсе де бұл бағдарламаны толық іске асыру үшін қыруар қаражат керек. Бірде облыс басшысы бізге «Шалғай аудандарда мектепті қалай жылдам салып, пайдалануға беруге болады?» деген сауал қойды.Қазір ауылдарда әлеуметтік ғимараттар: мектеп, балабақша, емдеу мекемесі, клуб, кітапхана және ауылдық әкімдік ретсіз, жүйесіз, әрқайсысы бір-бірінен қашық орналасқан. Олардың әрқайсысына газ, жылу, жарық жеткізу, қазандық, жол салу және кәріз жүйесін тарту керек.Мұның өзі орасан қаражатты қажет етеді.
Ал осыларды неге бір орталыққа шоғырландырмасқа?Кешен аумағында жас мамандарға көппәтерлі тұрғын үй салуға да болады. Ауыл тұрғындары оның айналасына жағалай үй тұрғызуларына мүмкіндік жасау қажет. Бұл – ауыл тұрғындарына тиімді әрі орасан қаражат талап етілмейді.Егер біздің осы ұсынысымыз қолдау тапса, осындай кешеннің ЖСҚ-сын жасап, іске кірісіп кетуге дайынбыз. Елді мекендегі 300-600 орындық мектептерді келешекте оқушылар санының артуына қарай кеңейтуге, қосымша бөлмелер қосуға болады.Бұл – панель қолданылған нысандарда қиын шаруа емес.
Ал Мойынқұм сияқты шалғай елді мекендерге әлеуметтік нысандар орналастыру үшін қаншама құрылыс материалдары мен жұмыс күшін апару керек? Мұның өзі қаражатты көп қажет етумен қатар экономикалық жағынан тиімсіз екені айтпаса да түсінікті.
–Бұрын «Биномның» ауласында жұмысшылардың бірен-саран жеңіл көліктері ғана тұратын. Қазір олар аулаға сыймай тұр. Бұл жұмысшылардың жағдайы жақсарып келеді дегенді білдіре ме?
–Әлбетте,біраз мамандар осында 20 жылдан астам уақыттан бері істейді. Компанияда орташа айлық жалақы 150 мың теңге.Биыл жалақы 20 пайызға өсіріледі. Жылдың соңына дейін оны 200 мың теңгеге көтеруді көздеп отырмыз.Жұмысшылардың алаңсыз да өнімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасауға күш салудамыз.Олар жұмыс орнына келіп, кететін арнайы көлікпен, киіммен, бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Өткен жылы қайырымдылық шараларына 20 миллионнан астам теңге аударылды. Бүгінгі таңдағы басты міндетіміз – алдағы уақытта 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашып, құрылысшылардың санын 1100-ге жеткізу. Оған серіктестіктің әлеуеті толық жетеді.

Әңгімелескен
Ақылжан Мамыт.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support