Көрген-баққан

148

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***
Сталинді культке жеткізген, Хрущевқа жүгері ектірген, Брежневтің төсіне металлолом үйдірген осы атың өшкір қошеметшілдік еді ғой. Назарбаев еш мақтауға зәру емес. Бірақ табаны қызып кеткендердің тоқтар түрі көрінбейді. Аламан бәйге дерсің. Культті қолдан жасайтындар жағымпаз ағалар мен жолбике ханымдар!

***
Жағымпаздық – жұқпалы дерт. Оның вирусын жоятын әзірге дәрі жоқ.

***
Ахмет Байтұрсыновты, Мағжан, Сәкен мен Ілияс, Бейімбеттерді кімдердің сатып, жаналғыштарға кімдердің ұстап бергенін көп жазушы біледі, мен де білемін. Солардың ішінен Әбділда Тәжібаев қана ар алдында ақталды. Мағжанның аруағы алдында кешірім сұрап, алғаш шыққан бір томдығына алғысөз жазды. Өзгелері үнсіз кетті. Бақиға!
О дүниеге барғанда бір-бірінің жүзін қалай көрді екен?..

***
Егер 1937 жыл қайтып келетін болса бұ қазақ тағы да бір-бірін ұстап береді. Заман мен қоғам өзгергенмен адам ниеті өзгермей қалды.

***
Адамды қартайтатын көбіне уақыт емес, оқиғалар.

***
– Осы аталарымыз әйелді жеті қазынаның біріне неге қоспаған? – деп бір құрдасымның үйінде отырып әңгіме бастадым.
– Жоқ, қосуға болмайды, – деп келе жатыр еді, әйелі орысша оқыған неме – Вечно солай істейсің. Эгоиссің, – деп тұтанып сала берді.

***
Жанымның жетім қоңыраулары сыңғырлап жатыр.

***
Жастай жетім қалғаны рас шығар, темекіні омырау сорғандай еміп тартады екен.

***
Тоқал ешкі өзін лақпын деп ойлайды. Бір ағамды көргенде ылғи да сол ешкі есіме түседі.

***
Арақты адам ішпейді, көңіл ішеді.

***
«Жасқа өлім жоқ, Әзірет Әлінің қылышына өзі барып ұрынады» деген арабтарда мәтел бар. Қазірде сол қылыш-автокөлік апатына айналды. Жасты да, кәріні де жұтып жатыр. Соңғы 10 жылда 40 мыңға жуық адам қаза тапқан. Жарақат алғанның, мүгедек болғанның есебіне жетпессің. Соғыс керек болмай қалды.

***
Халыққа қайырылып қарамайтын, қошеметшіл алақанын кең жайып бата бергіш ағаларым бар. Солар кезінде аттылы адамның өзі ығып тұратын үлкен-үлкен лауазымды қызмет атқарды. Жағымпаз, жөн тапқыш, орта ақыл. Осындайлар басқарған соң біздің ел қайтып оңсын?!

***
– Мені танымай қалай жер басып жүрсің? – дедім біреуге қырсығып. Олигарх деп ойлаған шығар, бетегеден биік, жусаннан аласа бола кетті.

***
Тілін көрсетіп, тісін жасырғандардан қашан құтылар екенбіз?

***
– Төрт жыл немістен қайтпаған жүрегім сенен қайтса көрейін, – деп баяғы бала кезде бір ағамыз келіншегін сабап жататын. Сондай ағалар бар кезде жеңгелеріміз де жіптіктей еді.

***
Бір жазушы кітабын сыйлаған. Әріп сайын мүдіріп, сөйлем сайын сүрініп әрең оқыдым.

***
Кувейт болдық, Эмират болдық, Сингапур болдық, барыс болдық. Енді кім болар екенбіз?..

Comments are closed.