Талас аудандық билер кеңесінің тәжірибесі көпке үлгі

61

11 жыл бұрын қолданысқа енген «Медиация туралы» Заң талабына сәйкес бүгінгі таңда елімізде кәсіби және кәсіби емес медиаторлар корпусы пайда болды. Жоғарғы Сот ғасырлар бойы уақыт сынынан өткен билер институтын қайта жаңғыртудың қажеттігін түсініп, дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешуде халыққа сөзі өтімді, екі тарапқа бітімші болатын сыйлы ақсақалдардан би сайлау керек деген мақсатта «Дәнекер» жобасын қолға алды. Бұл жобаны жүзеге асыруда облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен жер-жерлерде билер кеңестері құрылып, оның мүшелері облыстық соттың қызметкерлерімен бірлесе көпшілікке «Медиация туралы» Заң талаптарын түсіндірді.

Қазіргі таңда облыстық билер кеңесін Оңласын Есіркепов басқарады. Ол өмірлік тәжірибесі мол, уақытында үлкен қызметтер атқарған білімді, әділ азамат. Оңласын Қарабайұлы тізгін ұстаған үш жылдың ішінде өңірімізде билер институты қалыптасып, бұқараны тәрбиелеуде үлкен күшке айналды. 600-ге жуық билер дау-дамайды сотқа жеткізбей шешуде көп тәжірибе жинақтап, халықтың сеніміне ие болды. Нәтижесінде облыстық билер кеңесінің жұмысы республикада жоғары бағаланды.
«Дәнекер» жобасын іске асыруда аудандардағы билер кеңестерінің жұмысы ай сайын сараланады. Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлының билер институтын қалыптастырудағы ізденісі көңілге қонымды. Жуырда Талас аудандық билер кеңесінің кеңсесін тірек орталығы деп атау жөнінде қаулы қабылданды. Мұндай шешім қабылдауға билер кеңесінің іс-тәжірибесі себеп болып отыр. Жалпы, аудандық билер кеңесінің жұмыс істей бастағанына 3 жылдан аса уақыт өтті. Сол аралықта 19 елді мекенде билер кеңестері құрылып, қазіргі таңда аузы дуалы, сөзі өтімді 60 би іріктеліп, жұмыс жасауда. 2018 жылдың қазан айында ұйымдастырылған билер кеңесі сол жылдың өзінде-ақ 15 елді мекенде топ құра алса, 2019 жылы 27 іс қаралған. 2020 жылы аудандық соттың қызметкерлерімен бірігіп, 80-ге тарта істі қарады. Талас ауданында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен басқосуда «Би – елдің құты» деген тақырыпта аудандық билер кеңесінің жұмысы жайлы жан-жақты айтылып, сол аттас кітаптың тұсауы кесілді. Бұдан бөлек, «Шешендік-өнер» деген тақырыпта 25 минуттық деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Кейінірек, облыстық «Jambyl» телеарнасынан аудандық билер кеңесі туралы 14 минуттық фильм көрсетілді.
Өткен жылы билер кеңестеріне 100-ден аса адам қайырылған. Әсіресе аудандардағы билер кеңестеріне сенім артқан халық саны жыл санап өскендігі бізді қуантады. Бұл дегеніңіз – көпшіліктің құқық қорғау органдарына беталды шағымдана бермей, билер кеңестеріне жүгініп, дау-дамайды айқайсыз тиімді шешуді түсінгенін білдіреді. Оның үстіне, аудандық сот отбасы дауларын қоғамдық ұйымдарға, билер кеңестеріне жолдауы көп отбасын сақтап қалуға көмегін тигізуде. Тиісті талдау жұмыстары көрсеткендей, соңғы жылдары ауылдық жерлерде ерлі-зайыптылардың ажырасуы сиреген. Есесіне, бұл факті қалада күн санап көбеюде. Бұған себеп – әлеуметтік мәселенің қиын шешілуі, ұлттық тәрбиенің кемшіндігі. Осыған байланысты билер кеңесі еліміздегі озық тәжірбиелерді ескере отырып, отбасын сақтау жөнінде мәселе көтеруді ұйғарды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Асарлатып үй салу» жобасына ардагерлеріміз, билеріміз белсене қатысты. Мұнда да Талас аудандық билер кеңесінің мүшелері белсенділік көрсетті. Мәселен, аудандағы Аққұм ауылының билері тұрмысы төмен отбасыларға асарлатып үй салуда мұрындық болды. Осы ауылдағы билер кеңесінің төрағасы Пәрімбек Бейсенұлы өз қалтасынан жүз мың теңгеге жуық қаражат шығарып, өзгелерге үлгі көрсетті. Бұл істен Бостандық ауылының ақсақалдары да шет қалмады. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғазы Шәріпбаев және билер кеңесінің төрағасы Жаңабай Есімов игі істің қасында жүр. 2021 жылы ауыл ардагерлері қор ашып, көшелерге ағын судың келуіне себепші болды. Аудандық билер кеңесіне ұсыныс айтып, ауылдағы Ш.Ділдахан деген азаматқа электрлі қол арба алып беруге ықпал етті. Сонымен қатар аудандық билер кеңесінің араласуымен Қаратау қаласындағы «Флора» саяжайындағы бірнеше жылдан бері көршілер арасындағы үлкен дау шешімін тапты.
Талас аудандық билер кеңесінен үйренетін тағы бір тәжірибе – көршілер арасындағы дау-дамайды сол аумақтағы көршілерді қатыстыра отырып шешу. Біздің білуімізше, Қаратау қаласындағы Қошмамбетов көшесіндегі үш көршінің арасындағы және мөлтек аудандағы екі көршінің арасындағы дау осы тәсілмен шешілген. Сондай-ақ билер кеңесінің елді мекендерде болып, дауларды сол ауылдардың билерін қатыстыра отырып көшпелі сот отырысын өткізуі үйренерлік тәжірибе деп санаймыз. Соңғы кездері билер кеңесі үш-төрт ауылдардан біріктіріп бір ауылдың билер кеңесінің кеңсесін үлгі-тәжірибе алатын тірек орталығы етіп белгілеуі де өте орынды. Тағы бір үйренетін үрдіс – билер корпусын жаңғыртып отыру. Ауданда өткен жылы өткізілген билердің есеп беру жиналысында ақсақалдардың қатысуымен билердің құрамы қайта жаңғыртылды. Билер кеңесінің төрағалары балама негізде сайланды. Аудан әкімдігінің қолдауымен елді мекендердегі ардагерлер және билер кеңестерінің кеңселері айқындалып, оны жабдықтау қолға алынды.
Бүгінде Талас ауданында билер кеңесінің жанынан «Шешендік өнер мектебі» ашылды. Ашылғалы бері аудан көлемінде 6 мәрте сабақ өткізіліп, 3 мәрте шешендік сөз бен бата беруден жарыс ұйымдастырды. Осы ретте облыстық билер кеңесінде де шешендік өнер жөніндегі дөңгелек үстелдің өте мазмұнды өткенін айта кеткім келеді. Күні бүгінге дейін Ойық ауылы ақсақалдарының «Ішімдіксіз, бұзақысыз және отбасы берік үлгілі ауылға айналайық» деген бастамасы өз маңыздылығын жойған жоқ. Сондықтан облыстық ардагерлер кеңесі билер кеңесімен біріге отырып осы бастаманы жалғастыруды жоспарлап отыр. Өйткені елімізде шаңырақтың шайқалып, ажырасу фактісінің жылдан-жылға өсуі бәрімізді аландатады. Таластық ардагерлер әсіресе билер кеңесі ауданның құқық қорғау органдарының өкілдерімен, зиялы қауыммен бірнеше мәрте кездесіп, дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Алайда бұл кесел дендеп барады. Ұлтымыздың басына сын болып тұр. Барлық кінәні жұмыссыздыққа жауып, қол қусырып отыруға болмайды. Негізінде қоғам болып күресетін дерт бұл. Жақында Талас аудандық билер кеңесі «Отбасы – шағын мемлекет» деген тақырыпта қалың жұртшылыққа Үндеу тастамақшы. Біз бұл бастаманы қолдап отырмыз. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы да тәрбие жұмысын, әсіресе отбасы тәрбиесін алдыңғы қатарға қойып отырғанын халық та, билік те түсініп отыр. Егер біз ардагерлер өзімізді сыйлата алмасақ онда тәрбие жұмысы бар деп айта алмаймыз. «Дәнекер» жобасы да жастарды Отанды сүюге, адамшылыққа, бірлікке, тірлікке үндейді. Дәл қазір қоғам болып, ел болып ес жинайтын кез келді. Сөзге тоқтайтын, өзгені тоқтата алатын жандар ауадай қажет болып тұр. Бүгінде өңірімізде есімі елге белгілі, халықтың ыстық ықыласына бөленген билер кеңестерінің төрағалары баршылық. Атап айтқанда, Тараз қаласы билер кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Жапаров, Жуалы аудандық билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, Байзақ аудандық билер кеңесінің төрағасы Мейірбек Болатбеков, Талас ауданы «Аққұм» ауылдық билер кеңесінің төрағасы Пәрімбек Бейсенов, Жамбыл аудандық билер кеңесінің төрағасы Рахым Жапаров осы үдеден шығып жүр. Ендеше, елге жол көрсететін, дұрыс көшбасшы болатын ақсақалдарға, билерге жақсыдан үйренейік, жаманнан жиренейік дегім келеді. Осынау жауапты сезінетін билер кеңесінің жұмысы алға баса берсін!

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.