- Advertisement -

Cапасыз салынған үйді енді сантехник жөндеп жүрмей ме?

61

- Advertisement -

Тараз қаласындағы №15 шағын ауданда салынған №1025 нөмірлі көпқабатты тұрғын үйден пəтер алған тұрғындар баспанасына кіре алмай отыр. Бұл үйдің тұрғындары баспана жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілсе де əлі күнге жарық пен жылу берілмегенін айтуда. «Біз пəтер алдық деп қуанып едік. Енді өз баспанамызға жылудың, жарық пен судың жоқтығынан көшіп бара алмай отырмыз. Пəтерімізге кірген кезде мердігердің бұл тұрғын үйді салғанда көптеген кемшілік жібергенін байқадық. Есік-терезелері дұрыс орнатылмағаны былай тұрсын, басқа да толып жатқан кемшіліктер жетіп артылады», – дейді жаңа тұрғын үй иелері.

Әлеуметтік желіде алғаш рет осы мәселені көтерген облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Исламбек Дастанды да сөзге тартқан едік. Ол: «Мұндағы көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар пəтерлеріне кілттің жоқтығынан емес, жарық пен жылудың, су мен газдың берілмегендігінен кіре алмай, сапасыз құрылыс жұмыстарына наразылықтарын білдіруде. Бұл мəселені əлеуметтік желіде қозғап, билікке де жеткіздік. Тараз қаласы əкімдігі мұндағы кемшіліктерді бастапқыда 15 ақпанға дейін қалыпқа келтіреміз деп уəде берген. Енді 28 ақпанға ұзартып отыр. Пəтер кілті тапсырылғаннан бері қала билігі құр уəде беруден аса алмауда», деді.
Бұл көпқабатты тұрғын үй өткен жылдың шілде айында дайын болып, желтоқсан айында пайдалануға беріліпті. Оның құрылысын тараздық «Бірлік сервис компания» ЖШС жүргізген.
Осы үйдің тұрғыны Зульфия Күлімбаева жалғызбасты ана, мүмкіндігі шектеулі баласының барын, жылудың жоқтығынан осы баспанасына кіре алмай отырғанын ашына жеткізді.
– Мен осы үйді көп күттім. Он жылдан бері пəтер жалдап тұрып келемін. Енді пəтерлі болдым ба дегенде өз баспанама кіре алмай, пұшайман күй кешудемін. Алған пəтерімізде кемшілік көп. Жылуға қосылмағандықтан пəтер іші суық. Əрбірден кейін суы да, жарығы да қосылмаған. Мен денсаулығы жоқ баламды мұнда қалай алып келемін? Айта берсе бұл үйде кемшілік өте көп. Қалалық əкімдікке де барып шағымымызды айттық. Кеше осы құрылысқа жауапты Тараз қаласы əкімдігінің құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Алиасқар деген жігіт келіп, уəдені үйіп-төгіп кетті, – деді ол.

Бұл үйдің тұрғындары ешкім тыңдар емес, мердігер мен əкімдік бір-біріне сілтеп әлек. Уəдені үйіп төккен əкімдік өкілі кеткеннен кейін ертеңіне-ақ келуі тиіс компания жұмысшылары қара көрсетпеген. Терезе де басқасы да ауыспаған. Ал бес баланың анасы Индира Айтбаева пəтер алдым деп қуанып, бұған дейін жалдап тұрып келген пəтерін өткізіп, көшуге асыққан. Енді, міне екі айдан бері пəтеріне көшіп келе алмай тоқсан мың теңгеге қайта пəтер жалдап тұрып жатқан жайы бар.
– Қолымызға пəтер кілтін ұстатқанда ертеңіне-ақ көшуге дайындалғанмын. Сөйтсем билік көз бояушылық жасап, бізді алдаған. Жарығы, суы, газы, жылуы жоқ үйді беріп, бізді мазақ еткені ме? Үйдің құжаты дайын болмаса қоя тұру керек еді ғой елді алдамай. Жарыққа барсақ құжат өткен жоқ дейді, жылуға барсақ жылу келіп тұр, бірақ насос жоқ дейді, əйтеуір сылтаулары таусылмайды. Үйдің сапасы төмен. Есік-терезелері де қалай болса солай орналастырылған. Соған қарамай көшіп келгіміз-ақ келіп отыр. Жылуды, суды берсе ертең-ақ көшіп келер едім, – дейді ол.
«Шенеуніктерге айта-айта тауымыз шағылды. Олар келгенмен ештеңе бітірмейді. Қалталарына қолын салып, сенікі-менікі деп біріне-бірі сілтеп кетеді бар болғаны» дейді шағымданған жұрт.
Тұрғындардың наразылығына селт еткен билікті көрмедік. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» демекші ақыр соңында бар кінə мен жауапкершілік осы үйден баспана алған сантехникке жүктелген. Іс біткен, қу кеткен. Сантехник Əділ болса, «Менің бір өзімнің қолымнан не келеді?» – деп шарасыз күйде отыр.
Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Алиасқар құрылыс компаниясына кемшіліктерді жою туралы тапсырма беріліп, ол кемшіліктер 28 ақпанға дейін ретке келтірілетінін жеткізді.
– №15 шағын аудандағы 80 пəтерлі №1025-ші тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Жоба аясында 5 қабатты тұрғын үйдегі пəтерлердің жалпы алаңы 4625,30 шаршы метрді құрайды. Оның бір бөлмелісі – 15, екі бөлмелісі – 45, үш бөлмелісі – 20 пәтер. Оның құрылыс жұмысын мердігер сегіз айда тәмамдаған. Тұрғындардан түскен арызға сәйкес, «Бірлік сервис компани» ЖШС-не тұрғын үйдегі кемшіліктерді тез арада қалпына келтіру бойынша ескерту хат жолданды. Қазіргі таңда, серіктестіктің он жұмысшысы іске кірісті. Олар кеткен кемшілікті толық қалпына келтіру жұмыстарын 28 ақпанға дейін аяқтауға тиіс. Егер, біз берген талаптар мерзімінде орындалмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 12-бабы 4-тармағы, 3) тармақшасының негізінде мекемені Мемлекеттік сатып алу конкурстарына жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа жүгінетініміз туралы ескертілді. Сонымен қатар тұрғын үйдің жылу желілерінің қуаттылығын арттыру үшін насос орнатылды. Тұрғын үйдегі жарық пен жылу жүйесі толығымен қалпына келтірілді», – деді ол.
Тағы бір айтары, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев тұрғындардың шағымы бойынша аталған шағын ауданның №1025 және оның қасындағы №992, №997-ші көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайымен танысып, тұрғындарымен кездесті.
Шаһар басшысы жауапты тұлғаларға ол көпқабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарын белгілі мерзімде аяқтауды тапсырып, өз жеке бақылауына алатындығын айтты. Осыдан кейін жағдай түзелетін шығар деген сенім бар!

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support