- Advertisement -

Адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ

303

- Advertisement -

Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені ел Конституциясында тайға таңба басқандай жазылған. Адамның өмірі еліміздің бас құжатында аса зор құндылыққа бағаланып отырғанынан да әрбір жанның өмірі үшін төтенше жағдайлар департаментінің, құтқару қызметі, басқа да күштік құрылымдардың қызметкерлері адамдарды ақ түтек бораннан, оттан судан, басқа да табиғи апаттардан немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан ажал аузынан алып қалып, қайта өмір сыйлап жатады. Ол енді тікелей қызметтік міндеті десек, өмірде өздерінің өмірлерін қатерге тіккен қарапайым жандардың да адамдарға қайта өмір сыйлаған оқиғалары аз емес.

Бұрынғының адамдары жаратқаннан «Ел-жұртты оттан, судан, түрлі апаттан сақтай гөр!» деп қашанда халықтың амандығын тілеп, дұғаларына қосып отыратын. Көпті көрген қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің тілек-ниеттері қабыл болып жата ма, біздің бала кезімізде табиғат апаты да, басқа да төтенше жағдай орын ала бермейтін. Бәлкім ол заманда адамдардың пейіл-ниеті дұрыс па, әлде табиғатқа деген жанашырлық басым ба, мүмкін сақтық шараларын қатаң сақтаудан да шығар, әйтеуір қалада да, ауылда да төтенше жағдай немесе кісі өліміне алып келген қайғылы оқиғаны ести бермейтінбіз. Балалар отпен ойнамайтын, ата-ананың рұқсатынсыз өзен-көлді жағалап кететін ұл-қызды көрмеуші едік. Жастарды қауіп-қатерден сақтандыруда үлкендердің айтары көп еді.
Алда-жалда оқыс оқиғадан, түрлі апаттан екі немесе одан да көп кісі өлімі орын алса республика, тіпті одақтық деңгейде көтеріліп, жоғарыдан шұғыл комиссия жететін. Қайғылы оқиға адам факторынан болса, жауаптылар қатаң жазаланатын. Өндірісте немесе шаруашылықта орын алған ондай оқиғадан коммунист-басшылар партиялық қатаң жауапкершілікке тартылып, жұмыстан қуылып, қылмыстық іс қозғалатын. Ал қазір ше? Бұрынғыны айтпай-ақ, өткен жылдың өзінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде табиғи және техногендік сипаттағы 688 төтенше жағдай тіркелген. Одан 174 адам зардап шегіп, 48 адам қайтыс болған. Байзақ ауданы аумағындағы №28349 әскери бөлімінде болған өрт пен жарылыстың зардабы тым ауыр болғаны ел есінен шықпайды. Сол қасіретті күндері 17 адам қайтыс болып, 103 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Облыс аумағында үш рет табиғи сипаттағы, екі рет техногендік және табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланған. 17 қарашада болған қатты дауыл облысқа үлкен материалдық шығын әкелді. 1206 тұрғын үй және әлеуметтік нысандар зардап шекті. Демеушілік көмек есебінен 1085 нысан қалпына келтірілсе, 121 нысанға жергілікті бюджеттен 364,7 миллион теңге қарастырылыпты.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент қызметкерлері шаруашылық жүргізуші субъектілерге 1734 өрт-техникалық тексеру жүргізіп, ол бұрнағы жылға қарағанда 67 пайызға артқан. Тексеру барысында 11535 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілері анықталған. Жыл бойы тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері еріктелерімен бірлесіп, 295 үйді аралап, жиын өткізген. 558 мың адамға нұсқау беріп, 431 мыңнан астам жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылған. 2021-2022 жылдардағы жылу беру қарсаңында жергілікті атқарушы органның ақпараты бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан 6600 тұрғын үй есепке алыныпты. Осы үйлер 100 пайыз профилактикалық жұмыспен қамтылып, оның ішінде 4821 үйге жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге барып, 11623 азаматқа нұсқау берілген. Профилактикалық тексеру барысында 2182 тұрғын үйде негізінен электр техникалық желілер мен электр жабдықтарын, автономды жылыту жүйелерін пайдаланумен байланысты өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 2979 жағдайы анықталған.Тұрғын үйлердегі есептегіш құралдарын анықтап, газдың қауіпті шоғырлануына баса назар аударылған. Жергілікті атқарушы органдар және үкіметтік емес ұйымдар қаражаты есебінен үш жыл ішінде 49 есептегіш құралы орнатылған. «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы Жамбыл филиалы газ отынымен жылытылатын үйлерде кейінгі екі жылда 23812 газ талдағыш орнатыпты.
Өрт қауіпсіздігінің сақтау жұмыстары осылай ауқымды жүргізіліп жатса да тұрғын үй секторында 375 өрт оқиғасы орын алып, «тілсіз жаудың» 62 пайызын құраған. 120 өрттің автокөлікте орын алуы жүргізушілердің немқұрайлылығын көрсетсе керек. Жалпы өрттің салдарынан 22 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алған.Тұншықтырғыш газбен улану жағдайының кейінгі екі жылға қарағанда 3,5 есе азайғанымен 7 адам ауруханаға түсіп, бір адам қайтыс болыпты.
2021 жылға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарының, сонымен қатар «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдан алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасының орындалуына мониторинг жүргізілген. Осы шараны жүргізу барысында 142 километр дренаж және суару каналдары, 185 километр арық желісі қоқыстан тазартылып, теміржол мен автомобиль жолдарында 154 көпір мен 522 су өткізу құрылыстары тазартылған. 18 ғимарат пен 37 реттеуші құрылғы жөнделген. Талас өзенінің арнасы бойынша жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуге өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 555,5 миллион теңге бөлініп, қаржы толық игеріліпті. Жамбыл ауданында 4,7 километр жағалауды бекіту бойынша жұмыстар орындалған. Облыстағы су айдындарында адамдардың қаза болуын болдырмау жөніндегі жоспарланған іс-шаралар нәтижесінде бұрнағы жылмен салыстырғанда суға батқан адамдардың саны 3,5 есеге азайыпты. Дегенмен былтыр 7 адам суға кетсе, оның үшеуі балалар екені жүрек сыздатады. Былтыр үш ауданда жергілікті атқарушы органдардың 4 бекеті орналасқанын да еске сала кетейік.
Азаматтық қорғаныс республикалық оқу-әдістемелік орталығында жергілікті атқарушы органдардан 91 тыңдаушы оқып, сертификат алса, департаменттен 1407 тыңдаушы оқытылған. Облыстың жергілікті атқарушы органдарына, азаматтық қорғаныс және кезекші-диспетчерлік қызметтерге адамдардың өліміне және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы 129 дауылды ескерту мен ақпарат жеткізілген. 227 рет облыс тұрғындарына СМС хабарламалар жіберу арқылы қолайсыз гидро және метожағдайлар туралы хабарланған. Маусымдық төтенше жағдайлардың туындау қаупіне байланысты мәселелер облыстық, қалалық және аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиялардың 59 рет өткен отырысында барлығы 121 мәселе қаралған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті биыл да өздерінің кәсіби міндеттерін мінсіз атқару жолында тәулік бойы қырағы күзетте. Олардың ең бірінші алға қойған мақсаттары – қандай жағдайда да адам өмірін сақтау. Осы жерде кім-кімнің де есінен «Сақтықта қорлық жоқ» деген мақал шықпаса дейміз. Адамдардың аман болуы көбіне өздеріне байланысты. Жылдың қай мезгілінде болсын өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау, жазғы шомылу науқаны кезінде рұқсат етілмеген жерге суға түспеу сияқты ережелерді сақтау қажет. Мұны «төтеншеліктер» әр кезде де ескертіп келеді. Жоғарыда үлкендердің аузынан түспейтін «Ел-жұртты оттан, судан, түрлі апаттан сақтай көр!» деп отыратынын бекерден-бекер еске алғанымыз жоқ. Үлкен-кіші демей бейкүнә бір жанның ажалы оттан, енді бірінің ажалы судан болып жатқан соң сақтық шараларын қатаң сақтаса дейміз. Ауа райының құбылмалы кезінде мүмкіндігінше жолға шығудың жөні жоқ. Департамент тарапынан күн «бұзылар» алдында ауа райы болжамын хабарлап, жұртты құлағдар етіп отырады. Тараз қаласы сейсмологиялық қауіпті аймаққа жататыны да облыс орталығы тұрғындарының есінен шықпаса. «Апат айтып келмейді» десек те адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support