- Advertisement -

«Жыр алдымен маңдайға, сосын қағазға жазылады»

210

- Advertisement -

Бүгінгі сәті түскен сырлы сұхбатымыз «Шексіздік», «Қағаз жүрек» жыр жинақтарының авторы, ақын Жадыра Байбұлановамен өрбіді. Жырлары түрік, әзірбайжан, испан т.б. тілдерге аударылған ақынмен әңгімеміз әр тарапты қамтыды.

– Алғашқы өлеңдеріңізді қай кезде жаза бастадыңыз? Өлең жазуыңызға кім себепші болды?

– Өлеңге тағдыр себепші болады. Жыр ең алдымен маңдайға, сосын қағазға жазылады. Мен мектеп кезінде-ақ қағаз шимайлап жүрдім. Бірақ оны «өлең» деп айта алмас едім. Шын өлең енді жазылып жатқандай көрінеді өзіме…

– Сіз болмысыңызбен, жырыңызбен елге сүйіктісіз. Ал жарыңыз, ақын Мирас Асанмен қалай таныстыңыз?

– Біз студент кезде таныстық. Өлең жазып жүрген соң, орта, араласатын достарымыз бір болды. Достарымыз қалжыңдап, «Мирас – тұла бойына махаббат тұнған ақын» дейтін. Расымен де, ол – өлеңге де, өзгеге де қиянат жасамайтын, парасат биігінен ойлайтын адам. Өзінің де, менің де өлеңімді өлтірмей келе жатыр.

– Бала Жадыра қандай болды? Бүгінгі ақын Жадырадан айырмашылығы бар ма?

– Айтарлықтай өзгердім деп айта алмаймын. Бала кезімде де осындай тұйық болдым. Кітап оқығанды жақсы көрдім. Көп ауырдым, содан ба, нәзік, ерке болып өстім. Қазіргіден қатты айырмашылық жоқ. Әлі де менің ішімде сол бала Жадыра өмір сүреді…

– Ақынның жары болған қалай? Өзіңіз де ақынсыз. Бір-бірлеріңізді «тілсіз» түсінетін шығарсыздар?

– Осы сұрақ жиі қойылады. Көбі «Отбасында екі ақын болса, бірі – құрбан» деген қағидаға сүйенеді. Оны кім, қашан ойлап тапқанын білмеймін. Сүю деген бір-біріне емес, бірге бір бағытқа қарау ғой. Ендеше, біздің бірге қарайтын бағытымыз – өлең. Мұндай отбасында түсіністік әркез бола береді деп ойлаймын.

– «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» демей ме?! Ақындардың өлеңі көбіне неге мұңды болып келеді?

– «Ақын – мұңды, ақын – бақытсыз» деп, ақыннан «бейшара» жасайтындарға тағы қарсымын. Менің түсінігімде ақын – бақытты, ақын – сұлу, ақын – ерке. Онда өлең неге көңілсіз дейтін шығарсыз. Өйткені ол – «көңілдің кейбір кездері». Кез келген адам мұңаяды, сағынады, жылайды, өкпелейді, түрлі күй кешеді. Ақын сол сәтін қағазға түсіреді. Басқа уақытта бәрі қалыпты, өмірдегідей.

– Өзіңіздің бір сөзіңізде «Мен ақындарды екіге бөлемін. Сезімнің ақыны және ақылдың ақыны» деген едіңіз. Сіз қай топтағы ақынға жатасыз?

– Мен сезімнің адамымын. Ақынмын ба, ол жағы беймәлім.

– Сіздің сөзіңізге жазылған Роза Әлқожаның «Мен сені сүйем өмір» әнін тыңдағанымда көз алдыма қайсар қыздың бейнесі келеді. Ол әнді қырғыздың әншілері орындап жүр. Өлең қандай әсерден жазылды?

– Өлім – хақ. Басқа қиындықтың барлығы шешіледі, маған сеніңіз деп айтқым келеді. Өліммен бетпе-бет келіп, күресе білгенде, басқасы саған түк емес деп қайраймын өзімді. «Өмірді сүре алу мен сүйе алудың арасы бір-ақ әріп». Өмірді сүйіңіз, әр сәтті бағалаңыз.

– Алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлнар ТАЙЖАН,

студент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support