- Advertisement -

Әр әңгімесінен адалдық пен балдәурен балалықтың лебі еседі

171

- Advertisement -

ХІХ ғасырдың 50 жылдарында орыс әдебиетіне Н.Гогольдің әсері зор болғаны белгілі. Орыс жазушылары түп-түгел «Біз Гогольдің «шинелінен» шыққанбыз» деседі. Бірақ бұл сөз жазушының тікелей шәкірттерінің емес, оның дәстүрін, бағытын жалғастырушылардың айтқаны, тікелей шинелін емес, осы аттас шығармасын меңзегені еді. Қалай десек те тұрақты сөз тіркесі болып қалыптасты. Қазір де екінің бірі өзі еліктеп, үлгі тұтқан тәлімгеріне деген құрметін «сол кісінің шекпенінен шыққанбыз» деген бір-ақ ауыз сөзге сидырып жүр.

Бала кезімізде-ақ таң шығындай мөлдіреген әңгімелерін оқып өскен, кейін он жылдай аялы қамқорлығы аясында қанаттарымызды ұштаған біздің буынның да балалар жазушысы, бұрынғы бас редакторымыз Әлдихан Қалдыбаевтың «шапанынан шыққанбыз» деп айтатынына бек сенімдімін. Олар кө-өп! Әлдекеңнің «шапаны» тура өзінің пейіліндей кең, мол еді! Қашан көрсең де, біреудің жылы сөзіне ділгір болып келген біздің де, редакцияның да о жер, бұ жерін сол шапанымен қымтап жүретін. Қазіргідей емес, қазына қалтасының тақұл- тұқылдау кезі, айлық жалақымыз мерзімінен едәуір кешіксе, тікелей облыс әкіміне, немесе орынбасарына шығып, бар беделін салып жүріп жағдайымызды түзейтін. Ешкімнің де бетінен қақпай, алаламай, ұжымды өнімді жұмыс істеуге сәтімен жұмылдыра алды. «Ақ жолда» ондаған жылдар бойы тапжылмай, табан аудармай қызмет етіп, күллі облыс журналистикасының, өңір баспасөзі «қарашаңырағының» тұтқасын ұстап отырғандардың бірі болды. Қазіргі орта буын журналистердің бірқатары өз кезінде өңіріміздегі кәсіби журналистиканың қалыптасуы мен дамуына айрықша елеулі үлес қосқан осындай үлкен жүрек иесіне қарыздар. Әлдекең олардың өмірінде өзіндік айшықты ізін қалдырды.

Басшы болудың, әсіресе, газет редакциясы секілді күнара дерлік мерзімдік басылымның жаңа бір нөмірінің «кіндігі кесіліп» жататын шығармашылық ұжымды басқарудың қыры да, сыры да көп. Мұндай ортада шығармашылық қабілет-қарымымен, жазуымен шектеліп қалмай, киім киіс, жүріс-тұрыс, мінез-құлық – бар мәнері, болмысымен журналистер жанын жаулап, оларды адами өмір сүруге баули алатын жан ғана нағыз басшы атануға әбден лайық. Біз білетін Қалдыбаев сондай жандар қатарынан- ды.

Әлдекең үшін дүниеде өзінің туып-өскен жері – Бала Жайсаң мен Кербұлаққа, оның тамылжыған табиғатына тең келер ештеңе жоқ еді. Кейде бұл жайлы қызықтыра әңгімелеп, аузымыздың суын да құртатын. Задында, қай-қай шығармасында болсын ойы, тілі жеткенінше тамсана суреттеп, жер-көкке сиғызбай мақтап, туған жерін сіз бен бізге танытқан жазушының өзі шығар, сірә. Иә, иә, шынында да солай! Өмір бойы жазиралы өлкесін талмай жырлап өтті. «Әркімге туған жері – Мысыр шәрі» екен ғой, сөйтсек. Еліктің лағы, мойылды, бүлдіргенді шатқал, күркіреген өзен, тұйықкөл бізде де бар. Бала кездегі қызықтарды тіпті айтып тауыса алмаспыз. Туған жерімізді, балдәурен балалығымызды дәл сол кісідей көрнекі тұсқа, зәу биікке көтере алсақ деген арманға да жиі бой ұратынбыз. «Су тасушы Әшірбегін», «Қос тентегін», «Көк дөңгелегін», «Көк қозысын», «Шаншар атайын» оқып, жазушының таңдай тұнық әлеміне дендей ендік. Қолымызға қалам ұстап, шимайлап бірдеңе жазуымызға да сол себеп.

Талас аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінде қызмет істеп жүргенімде, облыстық газет пен телерадио компаниясы тілшілері тарапынан белгілі бір тақырыптар төңірегінде ақпарат беру, жазу жөнінде жиі «тапсырыс» түсіп тұратын. Бірде маған… анау-мынау емес, мүйізі қарағайдай облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Әлдекеңнің өзі телефон шалып, алғашқы «тапсырмасын» берді. Пәлендей таныстығымыз да жоқ еді. Дегенмен өзімді мақалаларым арқылы біліп, бақылап, «көздеп» жүреді екен.

– Баймахан, – деді телефонның ар жағынан естілген жұмсақ дауыстың иесі. – Халің қалай?

– Жақсы, – дедім мен. Ол кезде ауыл тілшілерімен облыстық газеттің бас редакторының тікелей өзінің хабарласып, хал-жай сұрасуы сирек кездесетін оқиға. Содан ба, бұған сенер-сенбесімді білмей, абдыраңқырап тұрғанымда Әлдекең:

– Ақкөлде Оспанәлі ағамыз тұрады ғой. Сол кісінің жақында «Ақ қайың жарды бүршігін» деген романы жарық көрген екен. Осы кітапқа рецензия жазып берші, жарай ма? – деді тікелей тапсырмасына көшіп.

– Жарайды, – дедім мен.

– Газетіміздің сенбі күнгі нөміріне саламыз. Тездеп жазып бере ғой, – деп нықтады «редакторым».

Бірден бас шұлғып келіскенімнің жайы мынадай. Өзім де уақ-түйек рецензиялар жазуға машықтанып қалғанмын. Ол қолымнан келеді. Ал менің бұл қырымды Әлдекең қайдан білді екен? Мәселе – осында. Екінші бір қиындық, ол – аталған кітапты әлі оқымағанмын. Оны әуелі оқып танысып алуым керек қой! «Ақ жолдың» басшысы бәрін де күні бұрын болжап біліп, бұл іс бір келсе менің қолымнан келетініне дейін таразы басына салып, безбендеп алған секілді. Осағаң маған аталас жақын ағайын болып келеді әрі көршім. Содан не керек, «ұрыста тұрыс жоқ», әлі тарала қоймаған, ешкімнің қолына түспеген үр жаңа романды авторының үйіне барып, бірер күнге қолқалап сұрап алдым да, оқып талдауға кірісіп кеттім. Бірер күнде-ақ жазып біттім. Жаман шықпаған сияқты. Көлдей дүнием «Ақ жолдың» тұтас бір бетін алып, үтір, нүктесі өзгертілмеген күйі жарияланды да. Әрине, бұл мені қанаттандыра түсті. Болашақ бас редакторымның сенім білдіруінің арқасында кейін ауылда жатып-ақ қала өмірі жөнінде түйдек-түйдек мақалалар жазып, «Ақ жолдың» сол кездегі ай сайын беріліп тұратын «Жамбыл таңы» атты бір беттік қосымшасының екі-үш нөмірін шығарғаным да есімде. Бұл үшін шаһарда бірнеше күн аялдап, өндірістер тыныс-тіршілігімен тереңдеп танысуым жеткілікті болды да тұрды. Енді мұны қалайша жаны жайсаң азаматтың ұстаз, тәлімгер ретіндегі үлгісі демеске?

Тоқсаныншы жылдардың аяқ шенінде қарамағында жұмыс істей бастағанымда ол кісінің айрықша еңбекқор екендігіне де айқын көз жеткіздім. Бөлімдерден келіп түсетін қыруар мақаланың қай-қайсысын да мұқият оқып шығатын. Оқып қана қоймайды, тыныс белгілерін «түгендеп», күзеп-түзейді. Содан кейін ғана барып шекесіне сия қаламмен баттита қолын қоятын. Бұл – ендігі жерде мақала жерде қалмайды деген сөз. Мені қайран қалдыратыны – бастығымыздың әлгі бір көз майын тауыса оқып шыққан аткөпір мақалаларды газетке шығып бара жатқан кезде де қайта қарап, шұқшиып отыратыны еді. Не деген шыдам, төзім еді десеңізші!

Ол кісі ұжымға жайлы басшы болды. Жұмыстың ара-арасында қолына киін ұстап келіп, кабинетімнің есігін ашып қарап «Жүр, бір «партия» сызып тастайық, былтырдан қалған жұмыс жоқ, тәйірі» дейтіні, тәуір материалдар жазсақ, балаша қуанып, сүйіншілейтіні, қарамағындағы журналистерге қандай жағдайда да ата қаздай арашаға түсіп, қорғап бағатыны, әсіресе, менің адуындау мінезімді де жұмсартыңқырап, «Ойбай, Баймахан не айтса да бағынамыз ғой» деп соңын әзілге шаптыратыны, сірә, естен шығар ма!

Бірде кабинетіне именшіктеп кіре бергенімде, сонда отырған өзінің бір қаламдас әріптесі, жақын досы маған ала көзімен ата қарап, «Мынауың әнебір кітапқа редактор етіп өзін жазып қойыпты, менің аты-жөнімді сызып тастап. Қазір жұмыстан шығар!» деген сипаттағы уәжін айтып, көрінеу қоқан-лоққы жасағаны бар. Сонда ғой… Әлдекеңнің досы үшін ұялып, жүзі күреңіте қызарып кетіп, оны сол сәтінде-ақ «Әй, жетті енді…» деп дауысын көтере тиып тастағаны. Ал маған мейірлене қарап, «Ағаң айта береді, бара ғой, алаңсыз жұмысыңды істе» деді де қойды. Сосын… бірде «Өлеңдерімді тап та тап» деп дігірлеп, алдына салып айдап келе жатқан менен де адуындылау бір апамызды кабинетіне енді ғана бас сұға берген ағамыз ілкі тоқтатып (мән-жайды бірден ұға қойған зеректігін айтсаңызшы), «Сіздің өлеңдеріңіз халық ақындарыныкінен жоғары болғанмен, жазба ақындардікінен төмен. Содан да газетке жариялауға келмейді. Баланы бекер босқа күйдірмесеңізші!» деп табанда тегеурінді тойтарыс беріп, айылын жиғызбағанын қайда қоярсыз!

Алғашқы өлеңдер жинағымды апарып бергенімде, өзімнен бетер қуанып, «Осымен тоқтап қалма, кемінде 10-15 кітабың жарық көретін болсын» деген ақжарма тілегін де білдіріп еді. Аузы уәлі ағамыздың сол батасы, шынында да қабыл болып, түрлі жанрда жазған оншақты кітабым баспадан шықты. Ең бастысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанып, Әлдекең бастаған облыс қаламгерлері шоғырына іліктім.

Әлдекең өзінің бір сұхбатында «Басшылықтан кеткен соң, талайдан жазған- сызған дүниелерімді үйге тасып жеткізуіме екі күнім кетті. Бір повесть, екі драма, көптеген әңгіме, эсселер жазыппын. Бұл дегенің әлденеше ондаған пәпкіге жүк болды. Жұмыста да құр отырмаған екенмін» деп өзіне-өзі таңғалатыны бар-ды. Бұған біз де қайранбыз. Күнбе-күнгі жұмысының жайын әлгінде айттық. Арасында жоғары басшылық тарапынан «анда шап, мында шап» жұмыстардың да саябырси қоймайтыны белгілі. Ал сөйтіп жүріп, редакторымыз өзінің жеке шығармашылығына қалай, қайтіп уақыт тауып жүр?! Ерен еңбеккештігіне бұдан артық мысалды қайдан табарсың!

Әсіресе «Мен – апамның баласымын» романы қазақ балалар әдебиетіне қосылған саусақпен санарлықтай ғана сүбелі дүниелердің бірі екенін талайлар мойындады. Оның шабытты қаламынан туған драмалық туындылардың төртеуі сахналаныпты. Таңдамалы шығармаларының төрт томдығы жарық көрген. Міне, осындай еңбектері еленіп, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты атануы да ағамыздың көңілін көлдей тасытып еді…

Көп жылдар бойы қағаз «кеміріп», жауһар туындыларының бірінен кейін бірін дүниеге әкеліп, жазу үстелінде тапжылмай ұзақ отырудан болар, ағамыз жүрек ауруының біраз зардабын да тартты. Екі-үш мәрте жүрек талмасымен ауруханаға түсіп қалды. Соңғысында әріптесім Болат Жаппарұлы аға екеуміз арнайы барып, көңілін сұрап шыққан едік. Рухының мықтылығы ғой, Әлдекең сыралғы сырқатына әл беріңкіремей жатты. Тілі күрмеліңкіреп болса да, дертінің жайын айтып, бізбен біраз сыр бөлісті. Шынында да ол кісі көп өтпей аяғына тұрып кетті. «Арай» жастар газетінде кеңесші болып қызмет етті. Айтпақшы, ұзақ жылдар бойы өзінің бірінші орынбасары болған Бақытяр Әбілдаұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі – жаназасына да өз аяғымен келді. Маған біраз етінен арылып, сылыныққырай түскендей көрінген. Жүзі де солғындау еді. Бұл асыл ағаны соңғы рет көруім екенін ол кезде қайдан білейін…

Әрбір шығармасының ғана емес, өзінің де өн бойынан адамгершіліктің, адалдықтың, парасаттылықтың, балдәурен балалықтың лебі андыздай есетін. Маңғаз басып есіктен кіріп келгенінде, ортамызға ерекше шуақ қоса енгендей болушы еді… Сол шуақтың сарқылып, түнекке сіңуі еш мүмкін емес. Бейнесі көзден кетсе де – көңілде, адами үлгісі – өмірде, сөзі – кітаптарында қалды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, облыстың Құрметті азаматы, көрнекті балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаевтың таңдай тұнық әлемі алдағы уақытта да талай ұрпақты балалық шақтың балдай күндеріне қызықтыра жетелей бермек.

Баймаханбет АХМЕТ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support