- Advertisement -

Көрген-баққан

332

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***

Тарихқа қиянат жасау Карамзиннен басталды. Оны қазірде Радзинский мен Мұрат Аджи жалғастыруда. Бұлар білімдар тұлғалар. Бәрін біле тұра бір ұлттың иә тұтас қауымдастықтың үстемдігі үшін осындай әділетсіздікке барады.

Ал, біздің тарихшы һәм жазушыларымыз халқымызда қанша Абылай мен Әбілмәмбет, Жәңгір мен Бөгенбай болғанын білмей әлі күнге шатыстырумен келеді. Ақыры біреудің атын біреуге мінгізіп, біреудің шапанын біреуге кигізіп тынады. Бұл әдейі істелген нәрсе емес. Өзімшіл надандықтың кесірі!

***

Той мен садақаның дастарқанында айырма жоққа тән. Той-салтанат, ерекше көңіл-күй. Қонағыңды қалай күтіп, сыйласаңда еркің. Ал, садақа… Өлімді жерге кісі ішіп-жеу үшін емес, қайғы түскен шаңыраққа жұбату айту, демеу үшін келеді. Сарылып көп отырмай, дұға қайырып, дәм ауыз тиіп кетеді.

Ендеше алуан түрлі тағамға майысып, қайысып тұрған дастарқанды не үшін жаямыз? Бұл не бәсеке ме? Байлықты көрсету ме? Әлде қара жамылып отырған шаңырақты шығынға батыру ма? Бақи кешкен адамға тиетіні дұға емес пе еді?

***

Махамбеттің руы Беріш, оның Жайық атасынан. Ұраны – Ағатай. Түбін қазсақ… Парсы патшасы Нәдір шахтан тарайды. Жаугершілік заманда қолға түскен екі бала Мәді мен Мәлі. Мәді адай руына сіңген. Ұрпағы бар, өркен жайған. Ал, Мәліні беріштер бауырына басқан. Құлмәлі атандырып, үйлендіріп, отау тігіп алдына мал салған. Махамбет сол Құлмәлінің шөбересі. Анығы сол!

Ана бір жылдары классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов Махамбет Керей руынан деген қағыс сөз айтып қалды. Ол біраз адамға жел берді. Дәлел жоқ, дәйек жоқ бұл неткен иемдену? Бабасы, атасы, ұрпағы бар бір қауым елдің назарына қаламын деп ойламаған-ау, шамасы.

***

«Мен» деген қуатты сөз тұлпар мініп, ту алған Махамбетке ғана жарасады. Қалғаны есек мінген ержегейлілер.

***

Студент кезімде Орал облыстық радиосында диктор боп қызмет еттім. Ауласы бар бір қабатты шағын тас үйден хабар таратамыз. Алмагүл Өмірбекова апай, Игор Савиндер алғашқы ұстазым.

Кейін білсем, ол Сақыпжамал апайдың алғашқы жұбайымен тұрған үйі екен. Атақты ақын Қасым Аманжолов пен жазушы Жәрдем Тілеков ағаларымыз сол шаңыраққа жиі келіп жүрген. Содан таныс-білістік басталған. Терезесінің алдында үйелмелі-сүйелмелі қос терек өсіп тұратын.

Сонау бір шетте сонау үй,

Шығарма сірә көңілден.

Тұрушы ед тартып мені ылғи,

Махаббат, жастық лебімен – деп Қасым ағамыздың шабытын шалқытқан шаңырақ.

Иә, Орал топырағы шежіреге бай мекен ғой.

***

Екі жақсы тауға шықса құдаласып түседі,

Екі жаман тауға шықса қуаласып түседі.

***

Жаны-аманат, демі-нәсіп, екі аяқты, бір басты пендеміз ғой. Артық кеткен жерім болса Алла кешірер.

***

Бір надан Шыңғыс ханды адай деп дәлел ұсынады. Екіншісі жалайыр, келесісі қоңырат деп… Сондағы ойлары не? Әлемде ұлы қаған жайлы 2700-дей көркем туынды, деректі, зерттеу еңбек жарық көрген. Жаңалық ашылып біткен жанкешті ағайын!

Бір ұлттың сиынары мен сүйенерінде шаруаларың қандай? Ол сендердің өз ойларыңмен өлшеп-пішкен кішкентай рулық көрпелеріңе сияр тұлға емес!

***

Шыңғыс ханға ұлы Жошының өлімін Кетбұға күйші естіртеді деседі. Рас дерек шығар. Өйткені сай-сүйегіңді үккен «Ақсақ құлан-Жошы хан» күйі қалды.

Мен білсем Кетбұға екеу. Бірі-күйші болса, бірі батыр, қолбасшы. Олай дейтінім қалың моңғол қолы парсы жұртын бағындырып, Мысырға шабуыл бастайтын еді ғой. Сонда әскер басында тағы да Кетбұға жүреді. Бұл тарихи дерек.

Ал, біздің зерттеушілеріміз осы екі тұлғаны бір адам деп қарастырады. Қиыспайтын тұсы көп.

***

«Қасқырда қас қылмайды жолдасына». Осы әдемі сөзді қазақ айтқан. Түз тағысының мәрт мінезін, адалдығын дөп басқан. Ал, осыны айтқан қазақтың бір-біріне жасаған қастығы аз емес. Парадокс!

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support