- Advertisement -

Ата-ана мен мұғалімнің сөзі біз үшін заң еді

147

- Advertisement -

«Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген сөз былай қарағанда, қарапайым, жаттанды болып көрінуі мүмкін, бірақ ол сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Ендеше, ел Тәуелсіздігін сақтап қалу, мәңгілік ету, Отанға, мемлекетке деген патриоттық сезімді әр қазақстандық азаматтың қастерлеуі басты парыз. Осы құндылықтардың қаншалықты маңызды екендігін кешегі «Қасіретті қаңтар» оқиғасы қатты сезіндірді. Әсіресе 5-7 қаңтар күндері, үш күн бойы Алматыдай әсем, ең көрікті, сүйікті қаламызды бұзақылар, лаңкестер талқандап, өртеп жатқанда өз басым қатты налыдым… Бұл қалай болғаны, халықты, қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға міндетті полиция, ұлттық қауіпсіздік қызметтері қайда, тиісті мемлекетті қорғайтын мақтаулы әскерімізге не болған деген сан түрлі ойлар маза бермеді…

Өкінішке қарай, кейін білгеніміздей, кейбір басшылар опасыздыққа барған екен, қылмыстық әрекетсіздікке жол берген екен. Ол туралы көп айтылып, жазылып та жатыр. Тек Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бар жауапкершілікті мойнына алып, түйткілді шешуге батыл кіріскенінің арқасында еліміз, Тәуелсіздігіміз аман қалды.

Халықаралық сарапшылардың мәліметі бойынша, Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екені жария етілді. Қазір Мемлекет басшысы әділдік пен заңдылықты ұстанып, елдегі жағдайды халық мүддесіне қарай бұру барысында батыл қадамдарға барып жатқанын көріп отырмыз. Бұған дейін байлар одан әрі байып жатса, қарапайым халық кедейлене берді. Осылай халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларының алшақтығы елдің наразылығын тудырды. Оның соңы «қаңтардың қантөгісіне», жаппай тәртіпсіздікке апарып соқтырды. Ол жағдайды бұрыннан жасырын жоспар құрып жүрген сыртқы-ішкі жауларымыз пайдаланып кетті. Нәтижесінде 227 адам қыршын кетті, мыңдаған адам жарақаттанды. Еліміздің экономикасына, кәсіпкерлерге миллиардтаған шығын келді.

Мұндай заңсыздық, бассыздық, біздің сүйікті қаламыз Таразда да орын алды. Бүлікшілер полиция департаментін, бөлімшелерін, облыс әкімдігін, «Nur Otan» ғимараттарын талқандап, өртеді. Бірнеше жеке нысандарды да талқандап, тонап кетті. Полиция департаментінде сақтаулы тұрған бірталай қару-жарақ қолды болды. Осы орайда бұзақылар мен лаңкестерге қарсылық көрсетіп, өз орындарын қарумен қорғап қалған облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлерінің ерлігін айтқым келеді. Лаңкестерге қарсы тұрып, антына адал болған ұлттық қауіпсіздік комитетінің подполковнигі, терроризмге қарсы күрес орталығының басшысы Дастан Әділбай ерлікпен қаза тапты. Президенттің Жарлығымен аяулы азаматымызға берілген екінші дәрежелі «Айбын» орденін Дастанның әкесі Әділбайға облыс әкімі табыс етті.

Қазір облыстағы жағдай тұрақты, бірақ әлі қолда ұрланған, қайта тапсырылмаған біраз қару-жарақ бар. Сондықтан өз еріктерімен қару-жарақты полицияға тапсырған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды деп жатыр. Әлі де қолды болған, тығып қойған, көміп тастаған қару-жарақтар болса жергілікті полиция бөлімдеріне тапсырған жөн. Себебі ертең ол қаруды қылмыскерлер пайдаланып кетулері мүмкін.

Өңірде бұзақылық салдарынан бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл жұмыс облыс басшысының қатаң бақылауында екенін көріп отырмыз.

Жуырда облыс әкімінің бастамасымен Тараз қаласында «Қоғамдық қабылдау кеңсесі» құрылды. Кеңсе құрамында облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, белгілі кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері, блогерлер, жастар мен зиялы қауым өкілдері бар. Мақсаты – халықтың үнін, тілегін тыңдау, сын-ескертпелерін жергілікті билікке жеткізу, орындалуын қоғамдық бақылауға алу. Бүгінде кеңседе күнделікті қоғамдық қабылдаулар, аудандарға шығып жергілікті халықпен кездесулер өткізу үшін 9 топ құрылған. Әзірше қоғамдық қабылдауға тергеу изоляторында отырған күдіктілердің ата-аналары, жақын туыстары келуде. Қамауда отырған 69 адамның арасында кәмелетке толмаған 7 жасөспірім бар. «Қаңтар оқиғасына» бейбіт шеруге қатысып, кейін арандатушыларға еріп, әкімдікке, полиция департаментінің, бөлімдерінің ғимараттарын талқандауға, өртеуге, полиция көліктерін өртеуге, банкке, кәсіпкерлердің орындарына зиянын, зақым келтіргендері үшін, қару-жарақты заңсыз иемдену, тонау деректері бойынша ұсталғандар. Ата-аналарының айтуынша, олардың балалары қызық көріп өртенген жерлерді, ғимараттарды телефонға түсіргені үшін ұсталып отыр.

Ал прокуратура қызметкерлері бір де бір адам кінәсіз отырған жоқ, бәрі егжей-тегжейлі тексеріледі дейді. Өткен сенбіде Таразға арнайы келген ҚР Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова тергеу изоляторында болып, онда ешқандай зорлық-зомбылық орын алмағанын айтты, кездескен күдіктілер ешқандай арыз айтпағанын да мәлімдеді.

Алайда сол күні Қоғамдық қабылдауға келген 19 баланың ата-аналары біраз шағымданып, балаларын қорқытып, күштеп қол қойдырған дегенді айтты. «Мемлекеттен бөлінген адвокаттар істеріне бейжай қарап, жұмыстарын сылбыр, жауапсыз атқарады, сондықтан қанша қиналып жүрсек те ақылы (200-350 мыңға) қорғаушыларды жалдадық, олардың да кейбіреулері келісімшарттың көшірмесін бермей, жауапсыздық танытуда» деп қынжылды.

Қоғамдық қабылдауға келген ата-аналарға «Общественная позиция» қоғамдық қорының төрайымы, белгілі құқыққорғаушы Әсия Калиева жүйелі заңгерлік көмек көрсетіп, консультация беруде.

Қабылдауға келген ата-аналардың көбісі ауыр материалдық-тұрмыстық жағдайда екендерін жеткізіп, қоғамнан көмек сұрады. Тіпті ба ла ларына т амақ апаруға, көлік жалдауға шамаларының жоқтығын жеткізді. Көбісі көпбалалы, жалғызбасты, отбасында мүмкіндігі шектеулі, ауру жандар бар екен. Осы жағдайды зерделеп, Қоғамдық қабылдау жүргізген Нұрлан Қанатовтың ұсынысын қолдап, топ мүшесі, белгілі меценат Меруерт Лештаева көмекке мұқтаж жандарға тікелей ақшалай көмек көрсете бастады. Бірақ мұндай көмекке қарсы шыққандар да болды. Мәселен, белгілі блогер Жанна Мамашева «Ғимараттарды талқандаған, өртеген, Отанымызға қарсы шыққан азаматтарға неге көмектесуіміз керек?» деді. Шынын айтқанда, мен де Жаннаның ұстанымын қолдаймын! Неге ол ата-аналардың балалары осындай жаппай тәртіпсіздікке, шабуылға, қылмыстық бұзақылыққа барды?! Неге балаларына ата-аналары ие болмады? Алайда зар илеген ата-аналарының ауыр жағдайын, жылағандарын көргенде амалсыз үнсіз қалдым.

Осы ой құшағында ұзақ жүрдім. Кезінде әрбір бала «әкең келе жатыр!» деген сөзден именетін еді. Болмаса әкеңнің қабағы мен өткір көзін көргенде тәртіпті болып кетуші едік. Үлкендердің сөзі, ата-анаңның сөзі, мұғалімдердің сөзі біз үшін заң еді ғой. Қазір қоғам қатты өзгерді, жаһандану заманы, ғаламтор заманы дейміз бе… Кінәліні қайдан іздейміз?! Жақында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады. «Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына жаппай қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық, жалбақтау мен жарамсақтық орнықты… Өз ордасын өзі талқандайтын, өз мүлкін өзі ойранға салатын,бұл әрекеті үшін бір сәтте ойланбайтын қаныпезерлік қайдан шықты?» деп қынжылады сенатор. Осындайда, еріксіз, «қазақтың жауы – қазақ» деген Абайдың сөзі еске түседі. Ютуб-ты ашып қараңдаршы, бір-бірін жамандап жатқан, бір-бірін әшкерелеп жатқан, басшыларын өлерше сынап жатқан ҚАЗАҚ… Керісінше, өзбек ағайындар түрлі ұлттық тағамдарын қалай дайындауды барша әлемге үйретумен әлек. Ал біз…

«Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпайды. Отбасында береке-бірлік, сыйластық пен үлкенге құрмет керек. Сондықтан өскелең ұрпақтың тәрбиесіне әр ата-ана жауапты, қазіргідей «әттеген- ай» деген ата-аналардың жағдайы қайталанбас үшін еліміздің келешегі – жастарымыздың тәрбиесіне баса мән берген жөн.

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,

«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ

облыстық филиалының басшысы, Қоғамдық қабылдау кеңсесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support