- Advertisement -

Онлайн мен офлайн немесе ата-аналардың көңілі неге алаң?

136

- Advertisement -

Соңғы кездері еліміздегі эпидахуалдың сәт сайын «құбылып», күрт күрделеніп кетуіне байланысты, оқу форматының «түсі» де үнемі өзгеріп, онлайн мен офлайнның арасында жүретін болды. Оған бүгінде халықтың да еті үйреніп, балалар да қашық пен жақыннан білім алудың аражігін ажырата алмайтын күйге жетті. Дегенмен мектепке барып, партада отырып, сыныптастарымен бірге, мұғалімнің өз алдынан алған білімге не жетсін?!

Мерзімі жағынан ең ұзақ тоқсан болып саналатын үшінші тоқсанның оқу форматы да аралас түрде басталғаны белгілі. Естеріңізге сала кетсек, ҚР Білім және ғылым министрінің «2021-2022 оқу жылының 3 тоқсанында оқытуды ұйымдастыру туралы» хаты мен бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №5 қаулысын басшылыққа ала отырып, оқу жылының үшінші тоқсаны ағымдағы жылдың 17 қаңтарында дәстүрлі форматта 600 оқушыға дейінгі мектеп оқушылары мен 1-2-сынып оқушылары арасында басталды. 600-ден астам оқушысы бар білім беру мекемелеріне мектептің жобалық қуатының 50 пайызынан аспайтын жүктемемен штаттық форматта оқу мүмкіндігі берілді. Ал егер вакцинацияның толық курсын аяқтаған оқушылар болса, оқу орны әкімшілігінің қалауы бойынша олардың штаттық режимде оқуына мүмкіндік қарастырылуы тиіс.

Вакцина демекші, жуырда ватсап желісі арқылы ата-аналардың ортақ чаттарында: «Құрметті 6-11-сыныптардың ата-аналары! Сынып оқушылары 100 пайыз ковидке қарсы вакцина алған жағдайда сол сынып онлайн форматтан офлайн форматқа ауыстырылатындығын хабарлаймыз. (Мысалы, 7 «А» сыныбының оқушылары 100 пайыз вакцина алса, мектепке келіп оқиды)» деген хабарлама тарады. Осы хабарлама біраз ата-ананың алаңдаушылығын туғызды. Тараздық сондай ата-ананың бірі Динара Ашимова: «Мен мәселен, ұлыма вакцина салдыруға қарсымын. Егер ол оқитын сынып оқушылары тегіс вакцина алып, оқу форматы офлайнға ауысса, менің ұлым секілді вакцина алмаған балалардың жайы не болады, олар онлайн форматта оқумен толық қамтылады ма? Вакцина алу, алмау ата-ананың өз еркінде емес пе?» деп өзінің алаңдаушылығын білдірді.

Осыған орай біз облыстық білім басқармасына қайырылған болатынбыз. Тиісті басқарманың баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқу жылының басынан ІІІ тоқсанға дейін барлық мектептер штаттық режимде жұмыс істеп, оқушылар дәстүрлі түрде білім алды. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты үшінші тоқсанда оқушылар саны 600-ден асқан облыстың аудан және қала орталығында орналасқан 87 мектепте сабақ аралас форматта жүргізілуде (бір ауысымда мектептің жобалық қуатының 50%-нан аспайтын толымдылықпен штаттық форматта оқытылады). Қалған 393 мектеп штаттық форматта, санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмысын жалғастыруда екен.

Жалпы алғанда облыста 57427 (23,5%) оқушы онлайн форматта, 186872 (76,5%) оқушы штаттық форматта білім алуда. Сонымен қатар басқарма мамандары қашықтан оқыту форматына көшірілген барлық білім алушылар компьютерлік техникамен қамтамасыз етілгенін де атап көрсетті.

Ал ата-аналардың алаңдаушылығын тудырған ватсап желісіндегі «шулы» хабарлама турасында облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов: «Ватсап желісінде таратылып жатқан «Сынып оқушылары 100 пайыз вакцина алса, офлайн оқиды» деген мағынадағы хабарламаның жалған екендігін хабарлаймыз. Рас, еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің арнайы қаулысына сәйкес, оқушылардың вакцина алу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда тағы да естеріңізге саламыз, баланың вакцина алуы ата- аналардың рұқсатымен ғана жүргізіледі», – деді.

Бұдан былай ата-аналардың екпеге қатысты ешқандай алаңдауына негіз жоқ. Еліміздегі коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында толыққанды офлайн оқу форматына көшу мәселесі қарастырылды. Нәтижесінде, 14 ақпаннан бастап барлық сынып оқушылары дәстүрлі оқыту форматына ауысады. Бұл орайда, 5-11-сынып оқушыларына қатысты мектеп әкімшіліктеріне ата-аналардың балаларды дәстүрлі форматта оқыту туралы өтініштері ескерілген көрінеді.

Соңғы ке здері мамандар жұқпалы індеттің балалар мен жастар арасында да жиі таралып жатқанын айтуда. Мәселен, пандемия басталғаннан бері облыста коронавирустық инфекцияның 26273 жағдайы тіркелді. Тек биылдың өзінде 4829 адам ауырды. Соңғы тәулікте КВИ індетінің 13 дерегі анықталған. Бұлардың ішінде 37 пайызы 20-39 жастағы жұмысқа қабілетті жастарды құраса, 15 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар екен. Бұл туралы 8 ақпан күні өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шиналиев айтқан еді. Сонымен қатар сала басшысы 1 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің арасындағы жұқпалы дерттің асқынуы алаңдататынын жеткізді. Мәселен, былтыр 1 жасқа дейін ауырған балалардың үлес салмағы 0,7 пайыз болса, жыл басынан бері 6 пайызға жеткен.

«Сондықтан халықтың барлық тиісті топтарын вакцинациялау өзекті болып қала береді. Облыс бойынша қазіргі таңда 18 жастан асқан 636 286 адам вакцинациялаудың бірінші компонентімен, 606 307 адам екінші компонентімен қамтылды. Өңірдегі білім беру ұйымдарында 221 оқушы, орта арнайы оқу орындарының 21 студенті, жоғары оқу орындарының 5 студенті, 16 балабақша тәрбиеленушілері және интернаттық ұйымдардың 17 қызметкері бар», – деді Байділда Шиналиев брифингте.

Маман атап көрсеткендей, екпе алу мәселесі қашанда өзекті болып қалатыны даусыз. Рас, екпе туралы бастапқыда ел арасында алуан пікір таралды. Осыған байланысты бауыр еті баласының өмірі әркімге маза бермесі анық. Алайда еш уайымсыз баласына вакцина салған ата-аналар да жоқ емес. Солардың бірі тараздық Назима есімді ана.

– 13 жастағы ұлымызға «PFIZER» епкесін салдырдық. Алдында апасы екпе жайындағы бар ақпаратты зерделеді, таныс-туыс дәрігерлермен кеңесіп, «салдырамыз» деп шешті. Күн артқан сайын балалар арасында да «Ковид-19» вирусының таралуы дендеп бара жатқанын ақпарат көздерінен көріп, біліп оқып отырмыз. Баға жетпес байлығымыз баланың денсаулығы маңызды. Сондықтан вакцина алу шешімін қабылдадық. Жағдайы Аллаға шүкір, тәуба. Еш өзгеріс байқалып жатқан жоқ әзірге, – деді Назима Жұбандықова.

Бәлкім, басқа да ата-аналарға о сы тұрғыдағы пікірін қайта ой-таразысына салуы керек шығар. Қалай десек те, білімнен бұрын басты байлық – денсаулық маңызды емес пе?!

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support