127 бала жайсыз отбасында тәрбиеленуде

76

Кеше Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша мектеп директорларымен жиын өтті.

Бүгінде 2930 кәмелетке толмаған жасөспірім түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Қала аумағында соңғы 12 ай ішінде жасөспірімдермен жасалған 50 қылмыс дерегі тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34,2 %-ға кеміген.

Қазіргі таңда қаладағы 59 жалпы білім беретін мектепте 75 905 бала білім алуда. Оның ішінде 127 бала жайсыз отбасында тәрбиеленсе, ата-аналары туыстарына қалдырған, сенім хатпен тұрып жатқан оқушы саны 479-ды құрап отыр. Сондай-ақ жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 467 бала, толық емес отбасында тұратын 8449 оқушы бар.

Балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қаланың білім ошақтарына бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері қойылды. Сондай-ақ 15 мектепке турникеттер орнатылды.

Мектеп педагогтерінің қатысуымен қашықтықтан оқыту кезінде көмекті, қадағалауды қажет ететін 2322 балаға сырттай бақылау жасалып отыр. Ағымдағы оқу жылы білім алушылардың 73%-ы мектепішілік, 22,6%-ы мектептен тыс түрлі үйірме және секцияларға қамтылған. Полиция есебіне алынған 49 білім алушының 68%-ы сабақтан тыс уақытта үйірмеге тартылған.

Мамандар «жасөспірімдердің жағымсыз іс-әрекетке жиі баруы – тиісті бақылаудың болмауынан» дейді. Айта кетейік, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тиісті органдар тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуда.

«Дана әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас-жауы» деген, сондықтан сіздер тек білім ғана емес, алдымен рухани-адамгершілік тәрбиесін беру қажетсіздер. Сонда ғана оқытқан білімдеріңіздің нәтижесі көрінеді» дегенді тілге тиек еткен шаһар басшысы ұрпақ тәрбиесіне келгенде ата-ана, мектеп тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, сан түрлі мәселенің салдарымен күреспей, алдын алуға жұмыс жүргізуге шақырды.

Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.