- Advertisement -

Жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына беру туралы тапсырма әлі орындалған жоқ

282

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы мәселелеріне ерекше назар аударды.

Бүгінде әлем Қазақстанды аграрлық мемлекет ретінде таниды. Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету. Өкінішке орай, 30 жылдың ішінде осы мәселе шешілген жоқ. Мысалы, Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларының ішінде 9 түрінен – 100%-ға, 8 түрінен – 50%-ға облыс өзі қамтамасыз ете алады, ал 2 түрі басқа аймақтардан әкелінеді (күріш – Қызылорда облысынан, қарақұмық – Солтүстік Қазақстан облысынан).

Президенттің айтуы бойынша, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 трлн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Өкінішке орай, шаруалар субсидияны мемлекет беретін төлем деп қабылдайды. Субсидия дегеніміз – шаруаларды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл. Сондықтан да субсидияны шаруаларға мақсатты беру, тиімді пайдалануына талдау жасап, бақылауда ұстау, субсидиялау туралы ақпарат ашық болып, толық қамтитын платформа әзірлеп, шаруаларға тегін қызмет көрсету – осындай тапсырманы Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге берді.

Көктем жақындаған сайын халықты ағын су мәселесі аса мазалап жүр. Былтырғы құрғақшылық ауыл шаруашылығына үлкен сын болды. Биыл да сол жағдай ауа райының өзгеруіне байланысты қайталануы мүмкін.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша 2030 жылы әлемде су тапшылығының көлемі 40%-ға жетеді. Бұл мәселені шешу жолдары – су нысандарының экожүйесін сақтау, суды үнемді пайдалану, каналдарды қайта жаңғырту, жаңадан су қоймаларын салу, су сақтайтын технологияларды пайдалану. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда 9 жаңа су қоймалары салынады, оның үшеуі Жамбыл облысында, Қордай және Байзақ аудандарында.

Егінді суару кезінде біздің облыс Қырғызстан Республикасына тәуелді екені белгілі. Сондықтан Талас өзені суларын тиімді пайдалану қажет. Мысалы, жақында Сарысу ауданы Саудакент ауылында өткен халықпен кездесуде шаруалар судың дауына байланысты наразылықтарын білдірді: «Талас өзенінің суын Талас ауданының ауылдық округ әкімдері жолдан қайта-қайта жырып, өздеріне бұрып алады. Бізге су жетпейді» дейді сарысулықтар. Биылдан Талас өзенінің суы Сарысу және Талас аудандары арасында арнайы кестеге сәйкес бөлінетін болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырды. Себебі 2003 жылы қабылданған Су кодексі суды шаруашылық мақсатқа пайдалану тәртібін ғана реттейді. Бұл қажет су ресурстарын сақтауға және оны тиімді пайдалануға мүмкіндік бермейді.

Келесі үлкен мәселе – жайылымдық жердің тапшылығы. Президенттің кезінде берген тапсырмасы – бос жатқан жайылымдық жерлерді қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беру әлі де орындалған жоқ. Бұл жұмыста көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Осы мәселені шешудің бүгінгі жолдары – елді мекендердің аумағын кеңейту және шаруа қожалықтарымен меморандумға қол қою. Осы меморандумдардың негізінде ауыл тұрғындары малын фермерлердің жеріне жаюға мүмкіндік алып отыр.

Тағы бір маңызды мәселе – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жекеменшік құқығында болуы мүмкін жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлерін айқындау. Ауыл шаруашылығы министрлігі әр облысқа, әр ауданға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 24 қарашадағы №839 Қаулысына сәйкес осындай шекті мөлшерлерді бекіткен. Президент осы құжатты сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен қайта қарап, жер учаскелерінің шекті мөлшерлерін ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін бекітуді тапсырды.

Бір жағынан, экономикалық айналымда көбірек жерлердің пайдаланғаны дұрыс, екінші жағынан, ол жерлерді инвестиция құйып, тиімді игеруге жауапкершілік болу керек.

Қорыта айтсақ, көктемгі егіс науқаны жақындап қалды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау – барлығымызға ортақ міндет. Халық ауыл шаруашылығы өнімдерімен, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен толық қамтамасыз етілмесе, инфляцияны тоқтату қиын болады.

Махметғали САРЫБЕКОВ,
Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы, 

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support