Қордың алдында ауқымды міндет тұр
Қордың алдында ауқымды міндет тұр
«Самұрық-Қазына» бірнеше компанияны қысқартпақ
Кеше Астана қаласындағы ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасы ғимаратында Елбасының қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Трансформация бағдарламасының тұсаукесеріне арналған форум өтті. Алдағы үш жылда «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірнеше компаниясы қысқартылмақ. Жиын барысында қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев осылай мәлімдеді. «Бір-бірінің қызметін қайталайтын компанияларды қайта ұйымдастыру арқылы қысқартамыз немесе жекеменшік қолға өткіземіз. Алдағы үш жылдың ішінде 600 компанияның санын 300-ге дейін қысқартамыз. Компаниялардың қызметін басқару менеджментін инвестиция тарту мен басқару ісіне қарап бағалайтын боламыз. Шетелден үздік менеджер мамандарды тарту арқылы шығындарды азайтамыз, – деді Шөкеев. Сонымен қатар ол «Самұрық-Қазына» 2020 жылға қарай еліміздің ЖІӨ-іне 2 триллион теңге үлес қосатынын да тілге тиек етті. Сарапшы «Самұрық-Қазынаның» топ-менеджерлерін сынға алды Форумда сөз алған «Самұрық-Қазына» Қоры Директорлар Кеңесінің мүшесі Сэр Ричард Гарри Эванс менеджерлер жоғарыдан қоңырау күтпей, бизнеске көбірек маңыз бөлулері керектігін баса айтты. Оның пайымынша, қазақстандық топ-менеджерлердің рөлі басқа ірі компаниялардың рөлімен мейлінше аз байланысады. Өйткені, сарапшының пікірінше, біздегі топ-менеджерлер өз қызметтерін ішінара атқаратындай болып көрінеді. «Олар көбінесе Үкіметтен, жоғары жақтан қоңырау күтетіндей. Сөйтіп, нақты бизнеспен айналысуға аз уақытын шығындайды. Ал мен үшін бұл – трансформациядағы басты мәселе», – деді ол. Елбасы Кеңес Одағын «күл-паршасы шығып сынған ыдыс» деп атады Бізге әлемдік атаулар қалыптастыру керек, одан еш қорқудың қажеті жоқ. Форум барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. Біз тіпті жоқ жерден мемлекет құрдық емес пе? Елбасы Кеңес Одағын «күл-паршасы шығып сынған ыдыс» деп атады. «...Ал соның ішінде тақыр жерден Қазақстанды тұрғыздық. Қазақтар туралы, Қазақстан туралы ешкім де білмейтін. Қазір бүкіл әлем Қазақстанның қайда орналасқанын біледі. Біз мемлекетті өзгерттік, астанамызды салдық, экономиканы ауыстырдық. Ендігі міндет – Трансформация», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан бөлек, Елбасы әлемдік еңбек бөлінісінде де Қазақстан өзінің лайықты әрі сенімді орнын иеленуі тиістігін атап өтті. «Ең маңыздысы – Қордың алдында ұлттық ауқымдағы міндеттер тұр», – деді Назарбаев. Нұрсұлтан Назарбаев форум барысында бағдарламаның негізгі мақсаттарын да атап өтті. «Трансформация бағдарламасы бірнеше мақсаттарды қарастырады. Біріншіден, «Самұрық-Қазына» Қорына кіретін компаниялар құнын арттыру. Екіншіден, «портфельмен басқару» тиімділігін арттыру. Үшіншіден, Үкімет пен Қор Директорлар Кеңесі, Қордың басқармасы, сондай-ақ, Қор мен оның «портфельді компаниялары» арасында жауапкершіліктерді нақты ажырату», – деді Назарбаев. Осы ретте Президент бұған кедергі келтіретін мәселелер де аз еместігін атап өтті. Елбасының айтуынша, трансформация – бұл күрделі жұмыс. Ал әлемде осы жолмен жүрген 100 мемлекет болса, соның 70-інің жолы болмаған. «Біз сол 70-тің ішінде емес, қалған отызының арасында болуымыз керек. Өйткені, сол отыз елдің бүгінгі жетістіктері адамды таңқалдырады. Біз де бұған ұмтылуға тиіспіз», – дей келе Президент мысал ретінде сингапурлық «Темасек» қызметін алға тартты. Қордың өз мақсатына оралатын уақыты жетті «Самұрық-Қазына» қоры өзінің әу бастағы мақсатына оралатын кезі жетті. Осы орайда Елбасы: «Біз «Самұрық-Қазына» Қорын құрған кезде дүниежүзінің тәжірибесін алып, негізгі активтеріміздің пайдалылығын, олардың ауқымын көтеру үшін, әлемдегі өркендеген елдермен теңдей жұмыс істеуді Қор алдына мақсат еткен болатынбыз. Алайда, дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде компания жұмысы өзгерді. Қазір бұған басқаша қарап, жағдайын түзететін уақыт келді», – деді. Мемлекет басшысы бұл ретте әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, келешек қадамдарды анықтаудың қажеттігін атап өтті. Басқарма басшысына батырып айтты Форум барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өмірзақ Шөкеевке қорға жұмыс істегісі келетін жастарды тарта алмаса қызметінен кететінін қатаң ескертті. «Маған жоғарыда ел үшін, өзі үшін жұмыс жасағысы келетін жас адамдардың тізімі мен суреттерін көрсетті. Оларды компанияға қалай тарту қажеттігі – бұл маңызды мәселе болмақ. Бұл адамдарды білігі, тәжірибесі, білімі бойынша қалай жоғарылатуға болады? Яғни, бізде жеткілікті басқа да ұстанымдармен емес, істеген ісіне байланысты. Қоңырау шалса, танысы болса жеткілікті және ондай адам жұмысқа орналасып жатады. Олар ол жақта бос отыр. Міне, бұл басты міндет және Шөкеев мырза осы міндеттерді атқара алсаң, ары қарай жұмыс істейсің. Атқара алмасаң, жұмыс істемейтін боласың», – деді Елбасы қордың басқарма төрағасы Шөкеевке қарата. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бүгінгі жиында компанияны дайындығы жоқ адам басқарса табысқа жету мүмкін еместігі әділ айтылғандығын баса айтты. «Қажеттінің барлығын біз саған береміз. Жаса. Жасай алмасаң жұмыс істемейсің. Бізде нақты жұмыс жоспары болуы тиіс», – деді Президент. Елбасы Қор басшысының жұмысын сынай келе, «ҚазПошта» мен «Кегок» тиімділігі төмен желілік компания деңгейінде қалғанын айтты.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».