Ауылдардағы тұрғын үйлерде газ бар, мектебінде жоқ

52

Бұл күнде біздің өңір 88,6 пайыз «көгілдір отынға» қосылған. Аталған жұмыстармен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы айналысады. Жалпы аталған салада 657 адам еңбек етсе, біздің өңірдегі газбен жабдықталған аумақ 6362 шақырымды құрайды. Газ тарату ісіне қатысты бірқатар мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалында өткен жиында кеңінен қозғалды.

Жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Машбекұлы аталған филиалдың өткен жылғы жұмысы жаман болмағанын, әсіресе Қордай ауданында ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтіп, дегенмен екі аудан орталығының «көгілдір отынсыз» отыруы көңілге қонбайтынына баса назар аударды.
– Өздеріңіз білесіздер Жаңатас қаласы әлі күнге газға қосылмаса, Мойынқұм ауданы тұтастай «көгілдір отынның» келуін асыға күтіп отыр. Осы Сарысу мен Мойынқұм аудандарын газдандыруды біз ертерек шешкеніміз жөн. Бұл ретте де осы филиалдың белсенді жұмысы қажет, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Исмайлов облыс әкімі алдында есеп берді. Филиал басшысының айтуына көңіл аударсақ, өткен жылы газды тұтыну көлемі 30 пайызға артқан. Өңіріміздің Тараз қаласы мен 9 ауданына «көгілдір отын» кідіріссіз жетіп тұр. Қаратаудағы газ құбыры желісі күрделі жөндеуден өткен. Осы салада еңбек ететін жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға, әкімшілік қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өскен.
Былтыр 153 мың теңге айлық алатын жұмысшының жалақысы биыл 196 мың теңгеге жетіп отыр. Есеп беру кезеңінде филиалда еңбек ететін 74 адамға түрлі көмектер көрсетілген. Мәселен, дауыл салдарынан үйлері қирап қалған 3 маманның баспаналарының жөнделуіне қажетті көлемде көмек берілген. Қызметкерлердің Қапшағай мен Бурабай демалыс аймақтарына қолжетімді бағамен демалып қайтуларына да мүмкіндік жасалған.
Дегенмен кейбір түйткілдер мен «әттегенайлар» да жоқ емес. Мәселен, Жамбыл ауданында газдануы тиіс 8 елді мекеннің мәселелері кешеуілдеп отыр. Былтыр газға қатысты 60 жайсыз оқиға орын алып, 123 тұрғын зардап шеккен. Өкінішке қарай 5 тұрғын қаза тапқан.
Жиында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев, бірқатар басқарма басшылары , электр, жарыққа қатысты мекеме басшылары қысқаша пікір білдіріп, аталған филиалдың жұмысына ризашылықтарын жеткізді.
Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылап: «Сәкен Сұлтанұлы, филиалда бірқатар жұмыстар атқарылғаны көрініп тұр. Дегенмен алдағы міндеттеріңіз де ауқымды. Мәселен, кейбір ауылдарда газ бар, сол ауылдағы мектепте, ауруханада газ жоқ. Мұны қалай түсінеміз? Ауылда газ жанып тұрғанда, мектептер неге көмір жағуы тиіс? Одан өзге де ауқымды мәселелер бар. Шу ауданында 100 мың тонна шикізат өңдейтін қант зауыты салынып жатыр. Өзге аудандарда да құс етін, жұмыртқа өнімін өндіретін кәсіпорындар газ мәселесі шешілсе, өндіріс ауқымын ұлғайтамыз деп отыр. Ал біздің облыс құс етімен де, жұмыртқамен де өңір халқын толық қамти алмай отырмыз. Жалпы, қай саланың ілгерілеуіне де газ өнімінің әсері мол» деді.

Есет Досалы

Comments are closed.