«Бізге су жібермей жатыр…»

39

Ауыл халқы көмек сұрайды!

Адамзат баласына ғана емес, жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің ауасыз, сусыз өмір сүре алмасы анық. Жер шарының 80 пайызын су басып жатқанымен құрлықтардағы су тапшылығы көп жерлерде уақыт өткен сайын басты проблемаға айнала бастағаны белгілі.

Біз бүгін – Байзақ ауданындағы бірнеше ауылдық округтерге қарасты елді мекен тұрғындарының су мәселесі бойынша мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін билік пен халық арасындағы алтын көпір – баспасөз бетінде жариялау арқылы облыс әкімі мен оның айналасындағы бірқатар жауапты лауазым иелерінің назарын аударуды жөн көрдік.

Аталмыш аудан тұрғындарының шақыруы бойынша арнайы атбасын бұрғанымызда Мырзатай ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Әуезхан Байгелов, ауылдық округтің әкімі Рүстем Әбілдаев, ауыл әкімдігінің бас маманы Асхат Оспанәлиев, Жалғызтөбе ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Темірхан Өмірәлиев, «Тұреке Б» шаруа қожалығының төрағасы Серікбай Маханбетәлиев, «Псибаев» шаруа қожалығының жетекшісі Ерназар Әбдуәліұлы Псибаев, «Ғазиз» шаруа қожалығының басшысы Рабжан Гайнединов және ауыл тұрғыны, күйші-сазгер Әбілсейіт Момбаевтардың, тағы да басқа ауыл белсенділерінің бас қосып, осы су тапшылығы мәселесі бойынша өткізген жиналысының куәсі болдық.

Жиналыс барысында облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтың атына арнайы хат дайындалды. Хатты оқып шыққан Рабжан Байділдәұлы ақсақал қалай болған жағдайда да оның мәтінімен облыс әкімін хабардар етуді өтініп, хатты бізге тапсырған еді. Енді төменде сол хатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сонымен…

«Құрметті Бердібек Машбекұлы! Біз, Байзақ ауданына қарасты Мырзатай, Бурыл, Көктал, Сазтерек, Жалғызтөбе, Ынтымақ, Көптерек ауылдық округтерінің тұрғындары сондай-ақ, Жетібай, Аққия, Төрткөл ауылдарындағы халықтың және шаруа қожалықтары жетекшілерінің атынан сізге өтініш жолдап отырмыз. Осы аталған бір округтің өзінде 1417 гектар суармалы жер бар. Багара, Багара-2, Ақкүмбез, Кеңес атты төрт көлі бар. Тараз қаласы Тектұрмас әулие кесенесі маңынан бастау алып, бізге дейін созылып жатқан «Сеңкібай» каналының ұзындығы 32 шақырым. 2000 жылдан бері күні бүгінге дейін су тапшылығын тартып келеміз. Жазғы шілденің аптап ыстығында жан-жануарлар мен мал ішетін су мүлдем жоқ. Көлдеріміз құрғап қаңсып тұр. Ең ақыры экологиялық қауіпсіздік үшін де су берілмейді. Қыстай көлдерді суға толтырып қойса болады ғой. Оның үстіне су тапшылығы тұрғындар мен шаруа қожалықтарының көктемгі егіс жұмыстарына қиындық туғызатыны айтпаса да түсінікті.

Ағыл-тегіл аққан судың Талас өзені арқылы барып, бекерден-бекер құмға сіңіп, құрдымға кетіп жатқаны қынжылтады. Осы айтылған талап-тілектер аудан, облыс әкімдіктеріндегі үлкен-үлкен жиналыс, семинарларда, облыстық су шаруашылығы басқармасында жылда айтылып келе жатыр. Әйтсе де, ешқандай әкім, осыған жауапты мекеме басшылары бізбен санаспайды, тыңдағылары да келмейді. Мал ұстап, мал өсірейік десек, жайылымдықтар да таратылып кеткен. Ауылда тұрып, сүт-майды, етті дүкендерден, базардан барып сатып аламыз. Қаланың асыраушысы ауыл десек, дүкен сөрелері мен базарларды көкөніспен, басқа да азық-түлік, жеміс-жидек түрлерімен толтыратын ауыл диқандары емес пе?! Әрине, су тапшылығы мәселесі шешілмей, азық-түлік мәселесі де шешілмейді. Бұл істі жоғарыда отырғандар шындап қолға алатын болса, шешілмейтін түйін болмас еді. Дегенмен бұл да қымбатшылықтың бір факторына айналып отыр.

Жоғарыда айтылған «Сеңкібай» каналы біз білетін Кеңестер Одағы кезіндегі 70 жыл бойы бұрынғы «Фрунзе» ұжымшарына (орталығы Жетібай ауылы еді) қазіргі Мырзатай ауылдық округіне қарасты үш ауылдың барлығы 1385 гектар егіс алқабы еш қиындықсыз молынан су ішіп келді. Шаруашылықта 400-500 гектарға дейін қант қызылшасы өсіріліп, оның әр гектарынан жоғары өнім беріліп тұрған болатын. Ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан Кеңестер Одағы кезеңінен бері мал және егін шаруашылықтарының, елдің тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзіне айналған байырғы Сеңкібай, Белқожа, Өтеміс каналдарында уақыт талабына сай суды үнемдеу мақсатында бетондау жұмыстары басталған. Дегенмен, жасалып жатқан бұл жұмыстар нәтижесінде өңірдегі жерасты суының төмендеп кету қаупін тудыруда. Көлдер мен су қоймаларындағы балық шаруашылығының да жоғалып кету қаупі бар. Табиғатымызға экологиялық жағынан да зиян келуде. Жоғарыда айтылған, жаңартылып жатқан тоған, каналдардың жанынан табиғи арық-тоғандар жасалса дейміз. Кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылып, жекешелендіруден кейінгі жиырма жылдан астам уақытта «Сеңкібай» арнасының үздіксіз ағып жатқан суы белгісіз себептермен Жамбыл ауданына қарай бұрылып, бізге мүлде су жіберілмейтін болды. Алайда Жамбыл ауданы шаруашылықтарына «Аса» өзенінің суы да жеткілікті еді. Сондықтан да ескі су арналарының қайта қалпына келтірілуін сұраймыз.

Бір семинарда біздің өңірде 24 мың гектар алқапта пияз егілетіні тілге тиек етілді. Сол пияз егуді неге 50 пайызға кемітпеске. Өйткені пияз егілген жерге арпа, бидай егетін болсақ, ары кеткенде 15 центнерден артық өнім ала алмайтындығымыз. Ал пияз егілмеген жерлерден керісінше 30-40 центнерден өнім алуға әбден болады. Пияз дегеніміз суармалы жерлердің барлығын эрозияға ұшыратуда. Атап айтар болсақ, Сеңкібай – 1800, Сазтерек – 1300, Жалғызтөбе – 1417, Ынтымақ – 3,500, Көптерек – 1900, барлығы 9917 гектар суармалы жер осы бес ауылдық округке тиесілі. Әйтсе де, су мұнда мүлдем келмейді. Міне, азық-түлік жетіспеушілігі мен қымбатшылықтың басты себептері осыдан басталады.

Ұзын сөздің қысқасы, біздің өтініп, сұранар басты талабымыз – «Сеңкібай» каналына қажетті мөлшерде су жіберу мәселесін шешу», делінген аталмыш хатта. Міне, бес бірдей ауылдық округіне қарасты барлық шаруа қожалықтары және басқа да жекелеген шаруашылықтар басшылары мен жалпы жергілікті халықтың талап-тілектері осыған саяды.

Жақында баспасөз беттерінде облыс бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің 24,7 миллиард теңге несиесі есебінен су шаруашылығы және су бұру жүйелерінің 310-ы қайта жаңғыртылатыны айтылған болатын.

«Байзақ» магистральды каналының 21,9 шақырым болатын Түймекент, Дөңсары, Өтеген, Ұзын ішкі шаруашылық жұмыстарының жалғасып жатқаны, нәтижесінде 1000 гектар алқаптағы суармалы жерлердің қалпына келтірілетіні, ал Сәмбет, магистральды каналының Отарбек, Болпан, Анар және Өтелбалық ішкі шаруашылық арналарын қайта жаңғырту 700 гектар суармалы жерді айналымға қосуға септігі тиетіні жайында жазылған еді.

Ал біз барып, өз көзімізбен көрген «Сеңкібай» каналының аталмыш Сеңкібай ауылынан небәрі 500 метрге дейінгі жерінің ғана бетондалып, 3 арнаға шлюз арқылы шығатын орнының ғана істеліп, аяқталмай тасталғанының куәсі болдық. Сонда қарқынды жұмыс істеп жатқан мердігерлердің кенеттен бұл жұмыстарды тастап кеткені несі? Демек, тиесілі ақша қажетінше әрі уақтылы бөлінбеген немесе мүлде тоқтатылған. Ал осыған кімдер жауапты?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні облыс әкімі Бердібек Машбекұлы осы мәселенің оң шешімін тауып, нүкте қояды деген сенімдеміз.

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.