- Advertisement -

Баға басқарма басшыларының жоспарына бағынбай тұр

32

- Advertisement -

Баға нарығын тұрақтандыру бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Билік те оны қанша ауыздықтауға тырысып бақса да бой берер емес. Күн санап сан құбылған нарық бағамына әзірге ешкім тосқауыл қоя алмауда. Бүгінде халықты бір жағынан пандемия талаптары, екінші жағынан қымбатшылық қыспағына алған. Әсіресе мереке күндері баға біраз шарықтап кетеді де, сәл түскен болады. Оның өзінде алдыңғы айларға қарағанда бағаның бірнеше теңгеге жоғарылап кеткені аңғарылады. Бағаны тұрақтандыру үшін не істеу керек?

Осы салаға жауапты мамандардан сұрай қалсаң бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «Бәрі бақылауда, баға тұрақты. Әлеуметтік дүкендерде 19 азық-түлік тауары өзге сауда орталықтарынан 15-20 пайыз төмен бағада өткерілуде», дейді. Бірақ олар да нарық бағамының күн санап, уыстан шығып бара жатқанын мойындайды. Мәселен, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өңірлік тұрақтандыру қоры басқару департаментінің директоры Арман Түймебаевтың айтуынша, бүгінде азық-түлік бағасы қымбаттамаса арзандайтын түрі жоқ. Қазіргі таңда облыстағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында бірқатар кешенді шаралар қабылданыпты. Атап айтсақ, қазіргі таңда облыста 33 әлеуметтік дүкен мен павильон жұмыс істеуде. Оның 22-сі Тараз қаласында, қалған 11-і аудан орталықтарында орналасқан.

– Өткен жылы Тараз қаласының әлеуметтік павильондары мен сауда нүктелерінде («Фиркан», «Вкусная корзинка» және «Әлеуметтік павильондар» ЖШС) тұрақтандыру қорының күріш, ұн, қарақұмық жармасы, жұмыртқа, сәбіз және тағы басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары өткерілді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлерден 406,7 миллион теңгеге 3060 тонна азық-түлік тауарлары сатып алынды. Ол тауарлар әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік маңызы бар 4506 тонна азық-түлік, 30,5 мың бөлке нан және 339,36 мың дана жұмыртқа сатылған. Сонымен қатар әлеуметтік павильондар мен сауда нүктелеріне жергілікті тауар өндірушілер «Көкжиек-2030» және «Бурненская сүт компаниясы» ЖШС-нен сүт өнімдері тұрақты жеткізіліп тұрды, – дейді ол.

Корпорация бағаны тұрақтандыру мақсатында да санаулы кәсіпкерге несие үлестірген. Ол несие әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және көкөністердің белгілі бір түрлері, күнбағыс майы мен ұн жеткізу бойынша бес кәсіпкерге берілген. Ал биыл 1500 тонна қант, 3000 тонна ұн, 1,5 миллион жұмыртқа, 800 тонна көкөніс, 300 тонна сүт, 120 тонна өсімдік майын алу жоспарлануда. Сонымен қатар кəсіпкерлерге пайызсыз несие беру шеңберінде 3100 тонна ұн, 2500 тонна көкөніс, тағы басқа əлеуметтік тауарлар сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілген.

Тұтынушылар сұранысына қарай әлеуметтік дүкендер қатарын арттыру күн тәртібінде тұр. Мәселен, бұған дейін бір ғана әлеуметтік дүкенге бір күнде 100-150 келуші сауда жасаса, олардың қатары қазір 400-450-ге жеткен. Осылайша әлеуметтік дүкендердің қызметі өткен жылдармен салыстырғанда 3,8 есеге артқан. «Мұндай павильондар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жасалып отыр. Алып-сату фактілеріне жол бермес үшін бір адамға сатылатын тауарлардың көлем-нормасын да белгілеу қолға алынған. Осыған орай, бір қолға берілетін тауарлардың күнделікті нормасы 1,5 килограмм қант, 1 литр күнбағыс майы және 10 дана жұмыртқа болып белгіленді», – дейді Арман Бекмұратұлы.

Базар аралап, сауда орталықтарына да кіріп көрдік. Сатушыдан «Неге қымбат?» десең. Оны сатушылар әртүрлі түсіндіруге тырысады. Бір сатушы «Бізге жеміс-жидек көрші Қырғыз елінен, басқа өнімдер Өзбекстан мемлекетінен Түркістан облысы арқылы жеткізіледі. Бағаны да көтеріп отырған сол жақтан жеткізетін арадағы делдалдар. Оларға неге қымбат десең түрлі сылтау айтады. Біз де тауарды арзан алып, төмен сатқымыз келеді. Бағаны түсірсек біз ұтыламыз. Амал жоқ бағаны көтеруге мәжбүрміз» деді. Келесі бір кәсіпкер «Мереке сайын кейбір азық-түлік түрлерінің екі-үш есеге бағасының артып кететіні рас. Бағаның көтерілгенін біз де қаламаймыз. Бізге тауар жеткізетіндер бағаны көтеріп әкеледі. Содан кейін біз өз шығынымызды ақтау үшін қосамыз. Негізінен билік тарапынан бағаға бақылау қойылса. Арадағы делдалдар жойылмай бағаның осылайша құбылғаны-құбылған», – деді өз аты-жөнін атамауын өтінген кәсіпкер.

Ал бағаға жауапты кәсіпкерлік саласы нарық бағамын бақылауда ұстай алмағаны былай тұрсын, жоспарлаудан аса алмауда. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Асфандияр Сейсебаев азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар шараларды күшейту керек деп санайды.

– Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Сауда орталықтарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстемақы қою 15 пайыздан асырылмайды. Дегенмен бақылау жұмыстарын жүргізуде үйде орналасқан дүкендердің көптігіне ресми құжат айналымының болмауы сияқты қиындықтар кездесуде. Олармен алдағы уақытта мониторингтік топтары жұмыс істейтін болады, – дейді ол.

Бұдан бөлек, мониторингтік топ жеміс-жидек пен көкөніс өнімдеріне бақылауды күшейтуді фитосанитариялық қызметке, ал сауда орталықтарының бақылау-кассалық машиналарды қолданылуын бақылауды мемлекеттік кірістер басқармасына жүктемек. Басқарма тарапынан жүргізілген талдау, дүкендердегі бағалар өндірушінің, тасымалдап жеткізушілерінің және сауда орталығының үстемесінен құралатынын көрсетті. «Дүкендер мен өнімдердің түрлері бойынша әртүрлі жеткізушілер, арада жүрген делдалдар нарықтағы баға бағамының құбылуына әсер етуде», – дейді басқарма басшысы.

«Бүгінде шағын дүкендерде тауарларды шағын партиялармен сатып алу үрдісі қалыптасқан. Тауарлардың үлкен партияларын сатып алуға бос айналым қаражатының және оларды сақтауға арналған қоймалардың жоқтығы да бағаның құбылуына әсер етуде. Осы факторлардың әсерінен дүкендерде әр кезде әртүрлі баға сатып алуға және бағаның үнемі өсуіне алып келуде» дейді ол.

Ол үшін не істеу керек? Басқарма басшысы Асфандияр Сейсебаев бұл мәселенің шешімін тапқандай. Оған зер салып көрелік, ол төмендегідей мәселені қойып отыр. Атап айтсақ, бірінші, облыстың ірі сауда желілеріне өңірдегі тамақ өнімдерін өндірушілер мен ірі көтерме қоймалардан тікелей тауар жеткізуді қамтамасыз ету. Екіншіден, үш және бес ай мерзім сақталатын азық-түлік тауарларының қорын жасақтау. Оның ойынша, бұл аймақтағы бағаның өсуін толығымен тоқтатпаса да, тұрақтандыруға септігі тиеді дейді. Табиғи және экономикалық факторларды айтпағанда, бұл шаралар, біріншіден, арадағы делдалдық байланыстарды жою арқылы бағаны төмендетуге, екіншіден, ірі партияларды сатып алу және қоймаларда 5 айлық тауар қорын сақтау арқылы инфляция қарқынын бәсеңдетуге мүмкіндік беретін көрінеді.

– Облыстағы әлеуметтік дүкендер мен павильондар бұрынғысынша қалыпты жұмыс істеуде. Онда халықтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алуға мүмкіндіктері бар. Жоғарыда көрсетілген шаралардан басқа, азық-түлік өнімдерінің жергілікті өндірісін мемлекеттік қолдау мен дамытудың кешенді саясаты да жүргізілуде. Сонымен қатар биыл және алдағы жылы өңірдегі кәсіпорындардың жылдық қуаты артып, ол аймақтағы бағаны тұрақтандыруға өз септігін тигізетін болады, – дейді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының айтып отырғаны «Алель Агро» ЖШС өнімі 20 мың тонна тауық, «Аса Даму» ЖШС 90 миллион жұмыртқа, «Qylylsha» ЖШС 1 миллион тонна қант, «Вкусная корзинка» ЖШС 2160 тонна ұн, «Бахор» ШҚ 3600 тонна және «Мол Даму» ӘКК жылдық қуаты 7000 тонна сүт өндіргенде барып, аймақтағы нарық бағамы осының есебінен тұрақтанбақ дегенге саяды. Қарап отырсақ, біздің басқарма басшылары жоспар құрып, арман қуып жүргенде, баға күн санап өсіп барады.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support