Мәжіліс депутаты араша іздеген аналармен жүздесті

66

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін халық арасында полиция қызметкерлерінің заңсыз іс- әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар азаяр емес. Күдікті деп ұсталғандарға қатысты мәселенің ақ-қарасын құзырлы органдар анықтайды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде бейбіт шерушілермен қатар арандатушылар да аз болған жоқ. Бүгінде осылардың аражігін ажырату, ақ-қарасын анықтау аса маңызды мәселе болып тұр. Ең бастысы – қылмыстық пиғылы болмаған, қолына қару алмаған, өртеу- қирату әрекеттеріне бармаған, тек айқай-шуды қызық көріп телефонымен видео түсіріп ұсталғандарға заң аясында көмек қолын созу. Олардың арасында кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер де жоқ емес.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдерге араша түсу мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Тараз қаласына келіп, тергеу изоляторына кіріп, қамауда отырғандармен кездесіп, олардың хал-жағдайларын сұрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, билік пен халықтың арасындағы кері байланысты нығайту мақсатында өңірімізде «Қоғамдық қабылдау» тобы құрылған болатын. Гүлдара Алданышқызы облысымызға жұмыс сапары барысында «Достық» үйінде орналасқан сол «Қоғамдық қабылдау» кеңсесінде де болып, күдіктілердің ата-аналарымен кездесіп, мұң-мұқтажын, арыздарын тыңдады. Қоғамдық қабылдауға барлығы 19 ата-ана келді. Бауыр еті баласына араша іздеп, шырылдаған аналардың зарын толық тыңдаған Мәжіліс депутаты алдағы уақытта істі толық зерделеп, азаматтардың, әсіресе жасөспірімдердің құқықтарын бұзу деректеріне байланысты Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдайтынын айтты.

«Aq jol»-Aqparat».

Comments are closed.