- Advertisement -

«Халық берген атақ бәрінен қымбат»

159

- Advertisement -

– Сіз қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде аға оқытушы қызметін атқарып жүрсіз. Ұстаздық – үлкен мәртебе. Дегенмен көпшілікке дәстүрлі әнші ретінде кеңінен танылғаныңыз рас. Кезінде «Қазақ» радиосында бірнеше жыл еңбек етіпсіз. Оны әрине біреу білсе, біреу білмейді. Мұндай мүмкіндіктің сәті қалай келді?
– Әуелі сіздердің басылым арқылы Әулиеата жұртына сәлем жолдап, әр үйге жақсылық тілегім келеді. Радиода еңбек еткенімнің еш құпиясы жоқ. Алматыда Құрманғазы атындағы консерваторияның соңғы курстарын оқып жүрген кезімде Серік Аббас-Шах ағамыз «Хабар» телеарнасына таңғы жаңалықтарды жүргізуге шақырған. Даусымның ырғағы талапқа сай болды ма, көп ұзамай «Қазақ» радиосынан шақырту алдым. Сол жерде 8 жылға жуық еңбек еттім. Анығын айтқанда бұл сәттілікке өзім де ерекше қуандым. Әнуар Байжанбаев секілді аңызға айналған аталарымыздың үні, ізі қалған мекемеде еңбек еткенім – Жаратушы нәсіп еткен үлкен бақыт деп білемін. Ол жерде музыкалық әдеби бағдарламалар редакциясында музыкалық редактор болдым. «Ән-аманат», «Әнші дауысы», «Өнер маржандары» хабарларын жасап, талай рет тікелей эфирге шықтым. Бұл жағдайға даусымның (үнімнің) тазалығы, жазу-сызуға бейімділігім жақсы әсер еткен болар. Мұнда алдыңғы толқын әпкелерден көп нәрсе үйрендім. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білікті журналист, әнші Алтын Иманбаева, танымал диктор Сауық Жақанова апайлардың еркелете де білгені, жұмысқа қызықтыра да білгені есімнен кетпейді.
Әр жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүрмей ме? Радиода жүріп, қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова, елдің жүрегінен ерекше орын алған талант иесі Ескендір Хасанғалиевтан сұхбаттар алғаным әлі күнге естен кетпейді. Қазақтың Фаризасы мені: «Сен әншісің ғой. Сен әлі өнеріңді көрсетуің керек» деп жоғары бағалады. Апай өмірден озғанша байланысымыз үзілген жоқ.
– «Қазақ» радиосында жүргенде қандай ерекшеліктерге көңіл аудардыңыз?
– Негізгі бағаны сол кездегі әріптестерім бергені жөн. Уақытпен санаспай, үйренуден жалықпай еңбек еткен секілдімін. Ғылыми бағыттағы өзгешеліктерді де естен шығармадық. «Көненің күмбірі» хабарында көне аспаптардың тарихы, құндылығы жайлы сыр шерттік. Көне аспаптарымызды орта ғасырдағы Түрік мәдениетімен байланыстыра зерттеген ғалым Болат Сарыбаевтың еңбектерін ерекше көрсеткен сәттерімізді қазақтың өнеріне деген құрмет деуге болатын шығар.
– Дәл осы тұста балғын балауса балалық шағыңызға бір саяхат жасасақ. Кіршіксіз таза сәби күндеріңізді сағынасыз ба?
– Тазалықтың мөлдір мекенінде күн кешетін балалығын кім сағынбайды дейсің?! Балдан тәтті бала күндерім Талас ауданының Ақкөл ауылында өтті. Ақкөл ол кезде аудан орталығы. Сол жерде Битама Мырзамбетұлы деген нағашы атам тұрды. Нағашым қаржы саласының майталман маманы, жергілікті газеттерге мақала, еңбектерін жазып тұратын көзі ашық кісі еді. Үнемі газет оқып отыратын бейнесі көз алдымда сақталыпты. Кейіннен газетті сол атаммен бірге оқитын болдық. Бала болсам да бір байқайтыным нағашы атамның шаңырағы берекеге, жылы шуаққа толып тұратын. Жаз айында ол үйде есік алдына үнемі киіз үй тігіледі. Сол киіз үйдің ішінде атам мен апам сары самаурынның сақырлап қайнаған шайын мейірленіп ішіп отырушы еді. Қазақтың мінезі, самаурыны, қол өнері, киіз үй жабдықтары ғажайып екенін сол шақтан түсіндік. Қазақ болғанымызға мақтандық. Нағашымның шаңырағы еш ақыл айтпай-ақ маған осындай құндылықтарды ұқтырды.
Нағашы Күлшар апам аңқылдаған, еңбектен ерінбейтін керемет кісі болатын. Қыздан тусам да, немеренің төлбасы едім. «Мә, іше ғой, жей ғой» деп мен аш жүргендей, бар тәттіні аузыма тосатын. Сонша мейірін төгіп еркелететін. Нағашымның үйінде кішкентай бала көп болатын. Апам шамамен 50 литр болатын дәу қазанға толтырып жүгері қайнатады. Жүгерінің жаңа пісе бастаған кезін дүмбіл дейді ғой. Сол барлық дәрумені бар дүмбіл нағашымның дастарқанынан үзілген емес. Апам сиыр сауып, құрт, айран, ірімшік, қаймағын әзірлеп, немерелерін қуантудан жалықпайтын. Мен бесінші сынып оқып жүргенде Жаңатас қаласына қоныс аудардық.
Әкемнің аты – Ынтымақ. Ол кісі қарапайым еңбек адамы болса да, бізге жақсы тәрбие берді. «Адал бол, өтірік айтпа, ешкімнің ала жібін аттама» деді. Өсиеті есте қалды.
– Нағашы атаңыздан осылай алыстадыңыз ба?
– Ата-анамның шешімі солай болды. Нағашы атам мен апамды бұрынғыдай жиі көре алмайтын күндерге тап болдым. Мүлдем алыстап кетпегенмен, бұл жағдайға да көп уақыт көндіге алмай жүрдім. Бірақ Жаңатасқа баруымыздың да көптеген жақсылықтары болды. Музыкаға бала күнімнен құштар едім. Мейрамгүл анам әнші болатын. Бойымдағы өнерімді алғаш байқаған да сол кісі. Екеуміз талай дуэт болып ән шырқадық. Сол 5-сыныптан мені анам музыка мектебіне берді. Домбыраны қолыма ерте ұстадым. Майра, Елтай деген ұстаздардан сабақ алдық. Сосын Көпжасар Арынов ағайдың тәрбиесіне өтіп, дәстүрлі ән мектебінен сусындай бастадым. Ақан сері, Біржан, Жаяу Мұса, Шашубай шығармаларымен танысып, көзіміз ашылды. «Әнші балапан» байқауының «жұлдызы» болдық. Тіпті, жерлесіміз Тынышбай Рахым ағамыздың «Кеш, жарық!» телебағдарламасына екі-үш рет қонақ болып, ән шырқағаным бар.
– Консерваторияда білім алдыңыз. Қандай мақсатты көздедіңіз? Әнші болу үшін музыкалық колледждер де жетеді деп жатады. Рас па?
– Талайдың арманы болған Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда білім алғанымды бақытым деп санаймын.
Алматыға оқуға түсерде комиссия мүшелерінің алдында ән салдым. Сонда комиссия төрағасы Есмұхан Обаев ағамыз: «Сен әнші болсаңшы. Ол үшін Жүсіпбек Елебеков атындағы екі жылдық өнер колледжіне түссең болады» деді. Осы сөз есімнен кетпейді. Мен бірақ жолым болып консерваторияға түстім. Қайрат Байбосыновтың, Сәуле Жанпейісованың сыныбында білім алып, көп нәрсе үйрендім. Менімен бірге оқыған Айгүл Елшібаева, Тоқтар Серіков, Ардақ Балажанова, Сержан Мұсайынов – бұл күнде ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері. Жақсы ортада жүргеніме, жақсы ұстаздардан білім алғаныма өте ризамын.
Өнердің арқасында әлемнің бірнеше елдерінде болдық. Ел көрдік, жер көрдік, қазақтың өнерін насихаттадық. Алтынбек Қоразбаев ағамың да жақсылығын көп көрдім. Ол кісі өте тамаша адам.
– Біраз жыл аудандарда еңбек еттіңіз. Мәдениет саласында жүрдіңіз. Ауыл мәдениетіне, мәдениет саласының адамдарына не жетпейді деп ойлайсыз?
– Менің байқағаным, ауылдағы адамдарға бәрі жететін секілді. Себебі олар – қанағатшыл. Сол еңбектеріне қанағат етеді, өз жұмыстарына жауапты. Қордайда аудандық кітапхана, Шуда аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары болып еңбек еттім. Ауылдарды көп араладым. Жақсы, қонақжай, жайдары адамдарды көп көрдім. Шуда талантты композитор, күйші Әбдімомын Желдібаев ағамызбен, Қордайда айтыскер Күміскүл Сәрсенбаева әпкемізбен өте жақсы араластық. Ауыл халқынан үйренгенім көп. Сол кісілермен әлі де байланысым үзілген жоқ. Сол уақыттарды сағынып жүрмін.
– Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониядан неге кеттіңіз? Ешкім ренжіткен жоқ па?
– Олай емес. Облыстық филармонияда Мұхтарбай Рахманқұлов, Асылхан Шүңіреков ағалармен, Жандос Омаров бастаған өнерпаздармен жақсы қызметтес, сыйлас болдық. Директор Сейітқасым Түктібаев та осы ұжымға үздіксіз еңбегін сіңірген азамат екен. Ол кісінің де тек жақсы қасиетін көрдім.
Тараз өңірлік университетіне өз еркіммен ұстаздық жолды жалғастыру үшін ауыстым. Ғылыми еңбектер жазып, осы жолға тер төккім келеді. Қазір ізденіс үстіндемін. Мұнда келе сала классикалық деңгейдегі әнші Әсел Уәшовамен шеберлік сағаттарын өткіздік. Алда да жоспарларым көп. Әншілігім де бойымда, оны ешкім алып қоймайды, әнімді айта беремін деп ойлаймын.
– Сіз үшін атақтың маңызы бар ма?
– Өнер, шығармашылық адамына атақ деген маңызды емес деп ойлаймын. Оларға атақты халық бергені дұрыс. «Анау кісі керемет жазушы, анау керемет әнші» дегендей. Халық берген атақ бәрінен қымбат. Сондықтан мен үшін атақтың маңызы жоқ.
– Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Перзенттеріңіз өнерге жақын ба?
– Жолдасым облыстық деңгейде қызмет етіп жүрген кісі. Мен сол кісінің жағдайымен де өнерден біраз сырт жүрген кезім болды. Оған өкінбеймін. Үлкендердің батасын алдым. Қазір сол ұстаздыққа қайта оралдым. Үш перзентіміз бар. Бәрі де білімге құштар. Әнді, өнерді түсінеді. Менің өте жақсы тыңдармандарым. Сондықтан барлығы үшін шүкір деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support