- Advertisement -

Дипломмен барғандар ауылда неге қалғысы келмейді?

173

- Advertisement -

Әлі күнге шалғайдағы ауыл-аймақтардың жас мамандарға мұқтаж болып отырғаны шындық. Себебі қалада білім алған жастардың дені ауылдың ахуалына көңілі толмаған соң, елді мекенде еңбек еткісі келмейді. Кей ауылдарда «көгілдір отын» жоқ, жолы нашар, басқа да инфрақұрылымдар бойынша мәселе көп. Алда-жалда бара қалғандарының өзі ат арқасын суытпай жатып, қайта қалаға қашады. Неге? Біздің қоғам осындай басы ашық сұрақтардың жауабын таппай келе жатқанына біраз болды. Біз де соның астарына қал-қадірімізше үңіліп көрдік.

Ауылдық елді мекендердегі білікті маман тапшылығын шешудің бірден-бір жолы – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Жастардың жігерін жанып, ынтасын арттыруы тиіс мемлекеттік бағдарлама ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұдайы назарында. Мемлекет басшысы 3 жыл бұрын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2020 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырған еді. Президент Жолдауда: «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын» деп «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру керек екенін айтқан болатын.

Мол мүмкіндік беретін бағдарлама

Иә, бұл бағдарлама еңбек жолын елді мекенде бастаған жастарға мол мүмкіндік беруі тиіс болатын. Алайда жастарға жолашар жобаның жеңілдіктеріне тамыр-таныс арқылы ие болып, көп ұзамай, келген ізімен кері қалаға қашып кететін кадрлар көбеймесе, әлі күнге азайған жоқ. Әлеуметтік жобаның бар жақсылығы қарапайым мамандарға қолжетімсіз болатын кездер де кездесіп қалып жатты. Содан маңдайы тасқа тиіп, кедергіге кезіккен соң, қалтасындағы қолақпандай дипломын сандықтың түбіне тастап, мегаполис қалалардан жалақысы көп қара жұмыс іздеп кететіндер де бар.
Негізі ауыл-аймақтарды әлеуметтік, техникалық кадрлармен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан бағдарлама түрлі сала бойынша мамандарға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда бағдарламаның өзіндік талаптары мен шарттары бар. Бүгінгі таңда бұл жоба Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылдың 6 қарашасындағы бұйрығына сәйкес денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалар бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылдың 17 наурызындағы қаулысы бойынша олардың қатарындағы агроөнеркәсіптік кешен мамандарына агроном, ветеринариялық дәрігер, ветеринариялық фельдшер, ветеринариялық техник, инженер-технолог, балық өсіруші, технолог, фермер сынды мамандықтар енгізілген.

Әлеуметтік жоба жастарға не береді?

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтермеақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынады. Әлеуметтік қолдау шараларына қол жеткізген маман ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады.
13 жыл бұрын бастау алған бағдарлама өңіріміздегі ауыл- аймақтарға қаншалықты серпін әкелді? Нәтиже қандай? Осыны саралап көрмек болып, облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қайырылдық. Басқарма ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2020 жылы 328 маманға тұрғын үй сатып алуға 1,3 миллиард теңгеге несие берілген. Сондай-ақ осы жылы жергілікті (аудандық) бюджет есебінен 582 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы төленіпті. Өткен жылы тұрғын үй сатып алуға берілетін бюджеттік несиеге 247 маман қол жеткізсе, 503 маманға 146,8 миллион теңге көтерме жәрдемақы төленген. Ал биыл мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 290 маманға 1 332,5 миллион теңге бюджеттік несие қарастырылып отыр екен.

Сандуғаш сенімді ақтауда

«Дипломмен – ауылға» жобасында түлектерге жүктелер үміт үлкен, сенім мол. Ендеше, үміт пен сенімді ақтау да жас маманның парызы. Міне, осындай үдеден шығып, бағдарлама аясында мемлекеттің көмегін алған жастардың бірі – Жамбыл ауданының тұрғыны Сандуғаш Беласарова. 2010 жылы мектепті бітірген ол Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне оқуға түскен. Аталмыш оқу орнын 2017 жылы тәмамдаған жас маман ауылдық жерде еңбек етуді көздепті. «Қолға диплом тиісімен, ауылдық жерге жұмысқа тұруға асықтым. Осы тұста, жас түлектер үшін таптырмайтын «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен танысып, сол бағдарлама арқылы Жамбыл ауданында орналасқан Қызылқайнар елді мекеніндегі амбулаторияға жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде жұмысқа тұрдым. Бағдарлама аясында біржолғы көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға несие де алдым», – дейді ол.

Берешек баспанадан қағылады

Несие демекші, енді несиелік тарихы бұзылған жастар тұрғын үй кредитін ала алмайды. Бұдан былай, 90 күндік берешегің болса, тұрғын үй несиесінен қағыласың! Тәртібі өзгерген бағдарламаның жаңа талабы осы. Яғни заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес бұдан былай кредиттік тарихы бұзылған азаматтарға тұрғын үй несиесі берілмейді.
Дәл осы кедергіге тап болған жас маманның бірі – Дулат Қыдырбай. Жас маман банктегі несиесін жауып қойса да, тұрғын үй несиесін ала алмағандығын айтады. «Алматы қаласында жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Жуалы ауданына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша бардым. Мамандығым – ветеринар дәрігер. Алғашқы көтерме жәрдемақыны еш қиындықсыз алдым. Алайда енді тұрғын үй несиесіне құжаттарымды тапсырып едім, төленіп қойған несиемнің 90 күндік берешегі бар болған уақыты шыға келді. Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады ғой. Белгілі себептерге байланысты, бұл кредит уақытында төленбей қалған. Бірақ одан кейін несиені толықтай жауып тастадық. Банктен алған осы анықтама қағазын апарсақ та, «кредиттік тарихы бұзылған, төлемеген күндерін қосқанда, 90 күннен асып тұр» деп тұрғын үй несиесі берілмеді», – дейді ол.
Әйтсе де, бүгінде ел арасында егер аудан әкімі жастарға «сенім хат» берсе, бұл мәселе шешілетіні туралы ақпарат тарап кеткен. Бұл қаншалықты рас? Алайда жергілікті атқамінерлер бұған бас ауырта қояр ма екен?

P.S: Мақала жазуда мемлекеттік бағдарламадан ілік іздеуді емес, жас мамандардың ауылға не себепті барғысы келмейтінін анықтауды мақсат тұттық. Өйткені «қазақтың түп тамыры – ауылда». Біздікі қаймағы бұзылмаған қазақы орта ауылды жас мамандардың күшімен одан әрі түлетсек деген ізгі ой еді.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support