Көрген-баққан

27

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***
Қазақ қаламгерлері өмірбаяндық, естелік кітап жазуға әуес боп алды. Замана келбетін, уақыт лебін сезінуге, тұлғаларды тануға таптырмас дүние. Өркениетті елдердің бәріне тән нәрсе. Оқи бастайсыз. Әдемі-ақ тізбелейді. Өйткені жазып отырғаны өз өмірбаяны. Алдымен бәсжетпес талантын, сосын жазған шығармасын тәптіштейді. Елдік пен ерлігін де бірқыдыру жырлап өтеді. Қазақта өзінен басқа марқасқа жоқ екенін санаңа сіңірумен болады. Әйелі, бала-шағасы бүкіл ұлтқа өнеге боларлық екен. Ұлы мақсатқа ұмтылған мұның жолына көп кісәпір шөңге шашқан екен. Аққа Құдай жақ. Алысқанын жықты, шабысқаны бұқты… сұңқар да өзі, тұлпар да өзі.
Адам емес робот па дерсің. Пәнде болған соң кемшілігі, қайғы-мұңы, әттеген-айы болмас па? Жо-жоқ, атай көрмеңіз. Періште бітім. Бітті!
– Қойшы, көке, – деп сосын кітапты тастай саласың. – Мен сіздің кім екеніңізді білем ғой. Өтірігіңізге береке берсін!

***
2000 жылдан Москвадан шығатын «Караван историй» журналын алдырып оқимын. Орыстың һәм әлемнің өнер иелерінің өмірбаяндары мен сұхбаттары үзбей жарияланады. Шынайы әр салада еңбек еткен тұлғаның бар бітім-болмысы көз алдыңнан өтеді. Адал әңгімелеріне еріксіз сүйсінесің, әпенді істеріне күлесің, оғаш қылықтарына опынасың…
Жасырын жоқ, жаба тоқу жоқ. Ісіну жоқ, кісімсу жоқ.
Мысалы, олар жанұясы жайлы баяндап отырып «Білесіз бе, бұл менің үшінші некем. Бұл әйелім де бұрын бір байға тиіп шыққан. Айтпақшы, екі арада бәленшемен көңілдес болған. Мен де оған үйленгенге дейін түгенше арумен ашыналық қатынаста жүрдім», – деп жосылтады. Немесе «Табыс таппайсың деп әйелім шатақ бастады. Көше кезіп, ұзақ қаңғырдым» – деп сыр ашады.
Қарапайым адами тірлік. Жеңісі мен жеңілісі итжығыс түсіп жатқан өмір. Бәрі табиғи. Жаныңа жақын. Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып әуреге түспейді. Өйткені екі аяғымызбен жер басқанмен төбеміз көк тіремеген пендеміз ғой. Ал, пендеге бәрі де тән!

***
Анатолий Кимнің пәтерінде болдым. Бір шынаяқ кофе ішіп біраз әңгімелестік. Шығармашылығын сұрап ем И.Смоктуновскийдің өмірінен «Гений» атты повесть жазып жатқанын айтты.
– Москвада ұзақ сенделдім. Жазғанымды он жылдап шығара алмадым. Бәлкім оқымайтын да шығар. Мүмкін бойым тәпелтек, көзім қысық кәріс болғаным да әсер етті ме…
Анатолий ағам өткен күндердің елесін қуалағандай біраз ойланып отырып қалды.
– Сондай алқұлым шақта құтқарушым боп Иннокентий Михайлович жеткен. Жәй жеткен жоқ, бас-аяғы екі айда «Аврора» журналына екі әңгімемді жарқ еткізген. Бұл 1973 жыл еді. Егер осы ұлы актер болмаса мен бәріне қолды бір сілтеп, троллейбус жүргізушісі боп кетер ме едім. Менің өмірлік қамқоршым баһи кешті. Оның қандай тұлға болғанын, адами келбетін, қайталанбас талантын баяндап беру менің парызым.
Ким үлкен жазушы ғана емес, керемет кісілікті де жан.

***
Жастықтың өзі – жарты мас. Баянғали Әлімжанов екеуміз тау етегіндегі «Шығармашылық үйде» асыр салып жүріп, байқамай Сафуан Шәймерденов ағамның кешкі бір стакан айранын ішіп қойыппын. Жазушы тас-талқан боп ашуланды. Ерегесіп мен де кешірім сұрамадым.
Ертеңіне қас қылғандай «Қазақ әдебиетіне» шыққан әңгімелердің талқылауы өтсін. Сафекең редакция алқасында. Менің жақын әзірде жарық көрген бір әңгімеме құзыры түсті.
– Бұл жас жігіт тіл біледі. Сонысын малданып айна алдында тұрған сұлу қыз құсап ана жерін бояйды, мына жерін бір бояйды дей ме-ау. Түгімді қалдырмады. Шерағаң, Зейнолла Қабдолов, Хамит Ерғалиевтер мені соншама неге төмпештегенін білмей дал. Үнсіз қалды. Бәрін іштей сезіп отырмын. Бір стакан айранның әлегі. Сонымен тарады.
Араға үш-төрт ай салып көшеде Сафуан ағаны кездестірейін. Күлімсіреп қос қолымды ұсындым.
– Айналайын, бақытты бол. Соңғы кезде көрінбей кеттің. Денің сау ма? Қаламың әбден төселген жігітсің. Көптен саған көзім шауып жүр, – деп ағам ақтарылып түсті.
Менің сәл-пәл оғаштығыма өзінің тым қатты кеткеніне қысылған сыңайлы.
– Тағы да айраныңызды ішіп қоям ба деп қорқып жоламай жүрмін, – деуге шақ қалып тілімді тістей алдым.
Әй, ақкөйлек ағаларым-ай!

***
Марат Қабанбаев қандай дарын еді, босқа күйіп кетті.

***
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада басшы кезім. Фариза апаның «Тұмар» журналына ұжымымен қоса қоныс беріп, өзіме алып алдым. Екі күннің бірінде апам кең көсілме кабинетіме келіп шай ішеді. Әңгіме айтамыз. Жөнді-жөнсіз ұрсып та жатады. Үнсіз көтеремін. Бірінде апамның маған кіжінуі тым жиілеп кетті.
– Апа, – дедім сосын. – Сізге бір ұсыныс айтайын. Орындайсыз ба?
– Айт!
– Айтсам сізге әйел алып берейін. Ұрсасыз ба, сабайсыз ба өз еркіңіз. Рахат!
Фариза апам есі ауып қалғандай аңырып біраз отырды. Ой, сосын бір бетін столға төсеп күлді дейсің. Қояр емес. Өзім қорқа бастадым.
– Ой, айналайын, – деді сәл ес жиып. – Маған жетпей жүргені сол еді. Дәл таптың. Сол қатынды сен ал десең аламын…
Қайтып ұрыспайтын болды. Апа! Апа! Апа!

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.