- Advertisement -

Қазық қағылды, енді қаржы қарастырылуда

210

- Advertisement -

Сексен жылдан аса тарихы бар облыстың мемлекеттік архиві тар ғимаратта отырғандықтан онда қазір құжат сақтайтын орын қалмаған. Негізінен екі ғимаратқа бөліп орналасқан мұрағатта барлығы 47 адам жұмыс істейді. Бөлтірік шешен көшесінде орналасқан, осыдан алпыс жыл бұрын салынған ғимараттың жалпы алаңы 993,7 шаршы метрді құрайды. Ондағы төрт қойманың жалпы сыйымдылығы – 602 шаршы метр. Ал Абай көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналастырылған мұрағаттың жалпы алаңы 995,9 шаршы метр болса, екі архивтік қойманың шаршы метрі – 586,8. Сонда қос ғимараттың алып отырған жалпы алаңы 1785,7 шаршы метрге тең.

Қазіргі таңда облыстық архивте 2605 қор бар. Архивтік қоймалар «аузы-мұрнынан шығып», кейін келген құжаттарды қоятын орын болмай тұр. Мекеме директоры Көсемәлі Сәттібайұлы архив сақтайтын қоймалардағы құжаттар 100 пайыз толып тұрғанын жеткізді.
Осы мекемеге басшы болып тағайындалған соң, ол архив жағдайымен жан-жақты таныса келіп, мәселені басылым бетінде көтеріп, облыс әкіміне де ұсыныспен шығыпты. Өз кезегінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жағдаймен таныса келіп, мәселенің оң шешімін табуы үшін Тараз қалалық әкімдігіне жер телімін бөлуді тапсырған. Алғашында Тараз қалалық әкімдігі 37 сотық жер телімін бөлген. Аймақ басшысының қайта араласуымен №15 шағын ауданның қақ ортасынан 1,5 гектар жер телімі беріліп отыр.
– Осыдан алпыс жыл бұрын бой көтерген ғимарат бастапқыда басқа салаға арнап салынған екен. Қазіргі таңда ол заманауи талаптарға сай келмейді. Оның үстіне құжаттар сақтайтын қоймалар 100 пайызға толған. Бұл – облыстық мемлекеттік архив ғимаратының бұдан ары қарай құжаттар қабылдауға және сақтауға мүмкіндігі жоқ. Ал бізге жүзден аса мекемеден құжаттар архивке сақтауға жеткізіледі. Дәл бүгінгі таңда ол құжаттарды орналастыратын бос орын жоқ, – дейді мекеме директоры.
Сонымен қатар ғимаратта архившілер үшін кең де жарық бөлмелер жетіспейді екен. Көне құжаттарды залалсыз түрде өңдейтін зертханалар ашып, оған заман талабына сай жабдықтар орналастыруға да мүмкіндік жоқ. Ал Абай көшесіндегі тар ғимаратта қысылысып отырғандарына 32 жыл болыпты. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген нысанның құжаттарды жоғары қабатқа көтеріп-түсіретін лифтінің істен шыққанына 20 жылдан асқан. Бұрынғы Кеңес үкіметі тұсында пайдалануға берілген лифтінің қазіргі таңда бөлшектері табылмайтын көрінеді. Сонымен қатар қоймалардың ауасын тазартып тұруға арналған вентиляциялық жүйе де істен шыққан. Ол жөндеуге жарамсыз болып тұрғандықтан, архившілер өз күшімен желдеткенмен де құжаттарды шаң тез басып қалуда. Міне, осындай мәселенің бір ғана шешімі бар көрінеді. Архившілер қазіргі жағдайды саралай келіп, келешекте кемінде 1 миллион 500 мың және 2 миллион сақтау бірлікке арналған жаңа үлгідегі 4-5 қабатты үлкен ғимарат (жертөлесімен, автотұрағымен, т.б.) қажет деп санайды.
– Әрине, біз уақыт талабына жауап беретін, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, заманауи технологиялармен жабдықталған архивтің болғанын қалаймыз. Сол үшін билікке өтінішпен шығып, жер мәселесін облыс әкімі Бердібек Машбекұлының қолдауымен шешіп алдық. Болашақта архив түсетін, №15 шағын ауданда орналасқан 1,5 гектар жер телімін белгілеп, ғимарат түседі-ау деген орынның қазығын ұжым болып қағып қайттық. Ұжым мүшелері де бұл бастамаға қуанып отыр. Ең бастысы, біздің өтінішіміз жерде қалған жоқ. Сең қозғалды. Ендігі кезекте жаңа ғимараттың жобалық -сметалық құжаттамасын жасау үшін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама мен құрылыс басқармаларына хат жолданып, қаржы қарастырылуда, – дейді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Архивтің біздің өмірімізде алар орны маңызды. Ол өткен тарихты, заман көші мен жеке тұлғалардың еңбек жолын тануға, талай ақтаңдақтардың бетін ашуға көмектесетіні анық. Олай болса, архив құжаттарының да талапқа сай сақталып, келер ұрпаққа аманат етіп тапсыру үшін де бұл ғимарат керек-ақ. Басы жақсы басталған бастама аяқсыз қалмаса игі.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support