- Advertisement -

«Пионерде» не дау болып жатыр?

187

- Advertisement -

Күні кешеге дейін Жамбыл ауданындағы «Пионер» өндірістік кооперативінің жұмысы дүрілдеп, даңқы аспандап тұрды. Осы өңірде оған тең келетін шаруашылықтар өте сирек еді. БАҚ өкілдері де шаруасы шалқыған шаруашылық туралы талай рет қызықты репортаж жасап, очерк, мақалалар жазды. Сол «Пионерді» талай жылдардан бері Алпысбай Жұмаханов басқарып келеді.

Хош, сонымен жақында әлеуметтік желіде «жарқ» ете қалған бір жазба көптің назарын бірден өзіне аударды. Нақтырақ айтсақ, белгілі айтыскер ақын, сол ауылдың азаматы Айтмұханбет Исақов фейсбукте «Пионер» өндірістік кооперативінде 190 үйдің ортақ үлестері, сондай-ақ бүгінде кеңшардың меншігінде меринос қой, техника, гараж, қырман, суармалы жер, жайлау, қыстау және қоралар бар екенін айта келіп, ары қарай «Кооператив басшысы Алпысбай Жұмаханов ұжым мүшелерінің келісімінсіз сол мал-мүліктерге материалдық шығын келтіріп отыр. Жасы жетпістен асса да жастарға орнын бергісі келмейді. Жалпы табыс пен өнім сапасы, техника, жайлау, қыстау, баз, мал басы жылдан жылға азаюда. Жастарды ауыл шаруашылығына бейімдеп, жаңа техникалар алып жұмысты қайта жандандыру – біздің басты мақсатымыз. Ауыл – алтын бесігіміз. Осы аталған мәселелер бойынша республикалық, облыстық, аудандық ауыл шаруашылық құрылымдарының мамандары ауыл халқына көмектесіп, ақыл-кеңестеріңізді берсеңіздер екен. «Пионер» өндірістік кооперативі мүшелерінің өтініші» деп жазады. Алайда кооператив мүшелерінің нақты аты-жөні көрсетілмеген. Мұнысы «Құрысын, басымыз бәлеге қалмасын» деген сақтықтан туындады ма деп те ойладық. Қалай болғанда да ауылдың жағдайын белгілі ақынның өзі шырқырап айтып жатқан соң, бұл жерде шешімін таппай тұрған мәселелердің бар екенін бағамдадық. Турасына келгенде 190 үйдің тағдырына бейжай қарауға болмайды.
Сонымен аталған өндірістік кооперативке қатысы бар бірнеше кісілерге хабарластық. Алайда ол кісілерден де көсіліп сөйлегісі келген ықыласты байқамадық. Бірақ аз сөздерінің өзінен шаруашылық басшысына деген наразылығы, әсіресе 74 жасқа қараған шағында төрағалықты атқарып отырған басшыға деген көңіл толмаушылықтары бар екенін анық аңғардық.

Мәселен, біз тілдескен кооператив мүшесі Берікжан Сағатілдә: «Бұл кооперативтің жұмысы нашарлап барады. Былтыр 190 үйдің тиісті үлестері де берілмей қалды. Кооперативке ақсақалдық жасқа келген адамның басшылық етіп отыруы орынсыз. Менің төраға болсам деген ниетім жоқ. Алайда бұл орынға қырық жастан енді асқан Дәурен Мұраталиев секілді жастар келіп жатса, қолдауға әзірмін» десе, сол Дәурен Мұраталиев: «Шаруашылықты басқару – оңай емес. Бірақ көзімізді ашқалы осы шаруашылықта еңбек етіп келемін. Қазір басқарма мүшесімін. Көпшілік қолдау білдіріп жатса, жауапкершілікті мойынға алуға дайынмын. Кооператив жұмысының ақсап, кері кетіп бара жатқаны жанымызға батады» деді. Айтыскер Айтмұханбет Исақов «Әлеуметтік желідегі пікір – халықтың пікірі. Кооператив айлық жалақы мен дивиденттерді әлі бермеген. Жер жыртуға бір тиын қаражат жоқ. Тұқым алып, егін егілуі керек қой. Ортақ мүлік сатылмасын. Шаруашылық тізгінін қолынан іс келетін жастарға берсін. Көптің талабы – осы. Әйтпесе кооператив төрағасымен сөзге келіп, ренжісіп қалған ештеңеміз жоқ» дейді.
Содан мән-жайды тереңірек білу үшін осы ауылға бардық. Жер-көкті шуылдатып жатқан «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмахановты жұмыс орнынан таптық. Сол кооперативтің үлкен кеңсесінен төрағадан басқа жан адамды кездестірмедік. Шаруашылық басшысының үлкен кабинеті де суық екен. Бір сағатқа жуық отырып, төрағаға жаурағанымызды білдіруге ұялдық.
Алпысбай Жұмаханов, «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы:
– Бұл жерде не айтуға болады?! Өзіңіз бәрін біліп, зерделеп келген секілдісіз. Бірақ жағдай әлеуметтік желіде жазылғандай емес. Бұл шаруашылық баяғы дүркіреген «Пионер» кеңшарының 46 пайызы ғана. Мәселен, осы өндірістік кооператив 1997 жылы құрылды. Бірер жыл өткенде ұжымның 37 пайызы бөлек шығып, өз алдарына «Атамұра» шаруа қожалығын құрды. Олардың үлесіне 7 трактор, 2 комбайн берілді. Ғимараттар да берілді. 2009 жылы «Сеңгірбай» шаруа қожалығы құрылып, 17 пайыз үлес алды. 5 трактор соларға берілді. Бірақ өкінішке орай осы екі шаруа қожалық көп ұзамай тарап, жаңағы техниканың барлығы талапайға түсіп кетті. Және оларға берілген малдың да жағдайы солай болды.
Ал біздің кооперативте қазір 1005 гектар егістік жер бар. Суармалысы – 910 гектар болса, оның 330 гектарына ғана су барады. Өзгесі суаруға қолайсыз қашықтықта. 193 гектар тәлімді, 13 160 гектар жайылымдық жеріміз бар. Оны ешкім көтеріп кеткен жоқ. Ал мал басының азайғанына келсек, былтыр 350 басқа кемігені рас. Ол неге азаймайды? Біріншіден, біздің өсіріп отырғанымыз – меринос қой. Оның бағасы басқа еділбай тұқымды, қазақы қойларға қарағанда 2-3 есе төмен. Мериносты базарда 20 мың теңгеге сатсаңыз, қазақы қойды 55 мың теңгеден кем сатпайсыз. Осыдан кейін мал басын көбейткен сайын шығыны шаш-етектен болып отыр. Жанар-жағармай қымбат, мал бағасы құнсыз. Меринос қой бір жылдары жүнімен құнды болды. Жүнінің килосы 1 мың теңгеге дейін бағаланды. Қазір жүннің 1 килосы 400 теңгеден аспайды. Онда да жүн ешкімге керек болмай қалды. Сондықтан қойдың біразы кооперативтің қажеттілігіне сатылды. Және басқарма мүшелерімен келісім жасала отырып саудаланды. Былтырғы жыл кооператив үшін ауыр болды. Төлді төмен алдық. Көктемде күннің суықтығынан қозылар көп шығын болды. Меринос қойдың қозылары әлсіз келеді. Ал бұйырса биыл төлді әр жүз саулықтан 85-90 қозыдан аламыз деп отырмыз. Былтыр бидайдың әр гектарынан 6, арпадан 3 центнерден ғана өнім алдық. Үлескерлердің үлесін бере алмағанымыз сол. Даудың бәрі сол үлестің берілмеуінен шығып жатыр. Өзге жылдары үлескерлер үлесін жақсы алып келген. Биыл 150 гектарға бидай септік. Ал көктемде көп көлемде мақсары егуді жоспарлап отырмыз. Себебі мақсарыға субсидия төленеді. Екіншіден, ол суды көп қажет етпейді. Арықпен су келмегелі екі жыл болды. Себебі біз ағын судан тым алыс орналасқанбыз, ең шетіндеміз. Талас пен Аса өзендеріне телміріп отырмыз. Қазір 5 отар қойымыз бар. Малшылардың еңбек ақысын малмен төлеп отырмыз. Аз ғана жалақымен шопанды ұстап тұра алмайсыз. Өйткені ауылдан 160 шақырым қашықта құмның ішінде отырып мал бағу оңай емес. 12 трактор, 3 комбайнымыз бар. Мал және астықпен төлесек те, тракторшыларға да жақсы жалақы төлейміз. Механизаторлар да тапшы қазір. Алды зейнет жасына жақындап келеді. Ауылға мал, егін мамандары келмейді. Тракторшылар мен шопандарға зәруміз. Мен төраға болғалы жас мамандар келген емес. Бұл да – өзекті мәселе.
Былтыр басқарма мүшелерін ауыстырып, жастарды сайладық. Соларды шаруашылық ісіне үйретіп жатырмыз. Енді дайын жас маман болса, неге орынды босатпасқа? Нағыз іскер маман табылып жатса, орнымды босатып беремін.

Түйін:

Міне, кооперативтің төрағасы осылай деп ағынан жарылады. Бір жағынан 29 жыл осы шаруашылықты басқарған кісінің де сөзінің жаны бар. Механизатор, малшы тапшы екені рас. Егіншілікке су әкелу де жылдан жылға күрделі мәселеге айналып барады. Бұл ретте жерасты сулары немесе тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиясын қолдану керек шығар. Демек, жаңашылдықты меңгерген мамандар керек. Мүмкін жаңашыл жас басшы керек. 190 үйден құрылған ұжымды басқаратын азамат жоқ дегенге қалай сенеміз? Жұмаханов 30 жыл басқарған уақытында неге ізбасар маман дайындамады екен?
Жақында «Пионер» өндірістік кооперативінің жалпы жиналысы өтіп, төраға есеп беретін көрінеді. Бәлкім, осы жиналыстан соң «пионерліктер» түсінісіп, бір жағына шығар. Қалай болғанда да кезінде дүрілдеген «Пионердің» басынан бағы тайып, шаруасы күннен күнге құлдырап бара жатқаны анық. Тез арада нақты шешімдер қабылдау қажет сияқты.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support