- Advertisement -

Талас өзенінің суын пайдалану үшін арнайы кесте жасалады

82

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Сарысу ауданына барды. Өңір басшысы алдымен Байқадам ауылдық округіндегі «Ынтымақ» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Жақсыгелді Иманбаев басқаратын қожалық 1995 жылы құрылған. Бұл күнде мұнда 910 бас қой, 17 бас мүйізді ірі қара, 82 бас жылқы және 100-ге жуық түйе бар. Сонымен қатар 2 МТЗ тракторы, 2 комбайн және 1 арнайы жүк көлігі қожалықтың жұмысын жандандыруға өз септігін тигізуде. Қожалық төрағасы алдағы уақытта асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

– Бүгінде біздің қожалықта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың ай сайынғы жалақысы 100 мың теңге көлемінде. Болашақта мемлекеттің қолдауымен асыл тұқымды мал басын көбейтуді көздеп отырмыз. Дәл қазір біздегі қойлардың 50 пайызы асылдандырылған, – деді ол.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда суармалы жерлердің ендігі тағдыры асыраушы саланың мамандарын ғана емес, ауылдағы ағайынның құтын қашырып отыр. Оның үстіне, суға берілетін субсидия да қарапайым жұрт үшін қолжетімсіз болып тұр. Облыс әкіміне осы мәселемен жүгінген шаруалар түйткілдің түйінін тарқатуға ықпал етуді сұрады.
– Бүгінде Талас өзенінің суын қос ауданның игілігіне пайдалану үшін жұмыстар атқарылуда. Ол үшін арнайы кесте жасалады. Сол кестеге сәйкес, шаруалар суды рет-ретімен алатын болады. Сондай-ақ аудан әкіміне «ҚазСуШар» мекемесімен жүйелі жұмыс істеуді тапсырамын. Бұдан бөлек, өздеріңіз де каналдарға тазалау жұмыстарын жиі жүргізулеріңіз қажет, – деді Б.Сапарбаев.
Бұдан кейін, аймақ басшысы «Тасарық» каналына арнайы барды. Айта кетейік, өткен жылы бұл каналдың 15 шақырымына механикалық жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Аталған канал «ҚазСуШар» РМК тарапынан қаржыландырылатын 2021-2025 жылдарға арналған «Су арналарын автоматтандыру бойынша 5 жылдық жоспардың» ішінде 2022 жылы іске асырылатын нысандар тізіміне енгізілген.

Іргетасы 1972 жылы қаланған Саудакент ауылындағы мәдениет үйіне өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 166,8 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күні мұнда 31 адам қызмет етеді. Мәдениет ошағына арнайы бас сұққан облыс басшысы жөндеу жұмыстарымен танысып, құрылысқа оң бағасын берді.
Қазіргі таңда ресейлік «ЕвроХим-Тыңайтқыш» компаниясы аудан аумағында минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысын жүргізуде. Бұл орайда салынатын инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларын құраса, жоба жүзеге асқанда 900-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Өндіріс орнының ұжымымен жүздескен Бердібек Машбекұлы ағымдағы жылы жүзеге асатын «Жаңарған Жаңатас» жобасының маңыздылығына ерекше тоқталып, бұл ретте зауыт басшылығы қолдау білдіру қажеттігін айтты.
– Былтыр «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығында көпшіліктің көңілінен шыққан ілкімді істер атқарылды. Ал биыл «Жаңарған Жаңатас» жобасын іске асыруды мақсат етіп отырмыз. Осыған байланысты, өндіріс орнының басшылығын игі іске атсалысуға шақырамыз. Бұл ең бірінші кезекте туған қалаларыңызға көрсетілген құрмет, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында зауыт қызметкерлерінің коронавирус індетіне қарсы екпе алуы да сөз болды. Аймақ басшысы қалыпты өмірге қайта оралудың бірден-бір жолы – вакцинация екенін баса айтып, ревакцинацияның маңыздылығын еске салды.
Ирина Георгиади басқаратын «Стиль» тігін цехы 2010 жылы ашылған. Арнайы және медициналық киімдер мен төсек жабдықтарын дайындайтын цехта бұл күнде 20-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылы жобаны кеңейту жұмыстары жүргізіліп, жаңа нысанға орналасқан. Қазіргі таңда мұнда «Слава» маркасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Цех жұмысымен танысқан Бердібек Сапарбаев жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, аудан экономикасының өсуіне үлес қосып отырған кәсіпкерге мемлекет тарапынан қашан да қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жаңатас қаласының орталығындағы «Үш алып» ғимараты жыл өткен сайын тозып, қала көркіне нұқсан келтіруде. Жоспарға сәйкес ғимаратты қайта қалпына келтіріп, қала тұрғындарын баспанамен қамту көзделуде. Бұл жұмыстарға «Қазфосфат» ЖШС филиалы – «Қаратау» тау-кен өндеу кешені мүдделік танытып отыр. Айта кетейік, бүгінде реңі қашқан нысанның жертөлесіндегі спорт залда жасөспірімдер спорттың бірнеше түрімен шынығуда.
Аудан орталығындағы «Батыр-Бек» әлеуметтік дүкені әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік бағаларын негізсіз көтерілудін алдын алу мақсатында ашылған. Әйтсе де, мұндағы кейбір азық-түліктердің бағасы шекті бағадан асып жығылады. Осы мәселені сын тезіне алған облыс басшысы аудан әкіміне ескерту жасады.
Бердібек Сапарбаев жұмыс сапары соңында аудан активімен жиын өткізді. Басқосуда аудан әкімі Марат Сұлтанғазин аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндады. Ауданда атқарылып жатқан істерге қанағаттанарлық деген баға берген Бердібек Машбекұлы аудан басшысына жағдайы жасалса, халық та барлығына түсіністікпен қарайтынын есіне салды. Облыс әкімі сондай-ақ үлкендер жағы жастар тәрбиесімен мықтап айналысу қажеттігін жеткізді.

Есен Өтеулиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support