Сайлау талаптары жайында біле жүріңіз

25

Елімізде 1995 жылы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде ерікті сайлау таңдалды. Сонымен қатар мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық деп нақтыланды. Тиісті заңнамаға күні бүгінге дейін өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, барынша ашық және әділ сайлау өткізудің тетіктері қаралып келді. Осы тұста біз сол жаңашылдықтардың негізгісіне тоқталуды жөн көрдік.

Конституцияның 33-бабына сәйкес, сайлауға он сегіз жасқа толған азаматтар қатыса алады. Сонымен қатар олардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне және өзге де жағдаяттарына қарамастан мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді. Сайлауға тек сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған және сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыса алмайды. Себебі олардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқы жоқ. Конституцияның және сайлау туралы заңның ережесі бойынша Президентті, Парламент Мәжілісі мен жергілікті органдардың депутаттарын, сондай-ақ жергілікті органдар мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өтедi.
Жамбыл ауданы әкімінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы «Сайлау учаскелерін құру туралы» шешімімен ауданда 34 сайлау учаскесінің аумағы бекітілген. Ауданда сайлаушылар саны жалпы 50 919 адамды құраса, оның 200-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Сайлау учаскелерінің барлығы да нысанның бірінші қабатында орналасқан. Ғимарттың кіреберісінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар орнатылып, нысан ерекше жандарға арналған картаға енгізілген.
Сайлау комиссияларының құрамы Жамбыл аудандық мәслихатының 2019 жылғы 9 қаңтардағы №36-2 шешімімен бекітілген. Жалпы 35 сайлау комиссиясы бар. Оның құрамына 253 адам мүше. Комиссия құрамына «Nur Otan» партиясынан – 31, «Ауыл» – 30, «Ақжол» – 27, «Adal» – 28 және ҚХП партиясынан 25 азамат комиссия мүшелігіне ұсынды. Сонымен саяси партиялардан – 141 (57,3%), қоғамдық бірлестіктерден – 86 (34,9%) және жоғары сайлау комиссиясының ұсынысымен 26 (10,5%) адам тартылған.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың ұлттық жоспарына сәйкес, 2021 жылы 24 мамырда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Саяси партиялар туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарына ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде былтыр шілдеде Жамбыл ауданының Аса, Ақбастау, Ерназар, Жамбыл, Қаратөбе ауылдық округтерінде әкімдер тікелей сайланды. Сонда аудан бойынша сайлаушылар тізіміне 17823 азамат еніп, оның ішінде 15608 сайлаушы үміткерлерге дауыс берді. Бұл пайыздық көрсеткішке шаққанда 87,57 пайызды құрады. Оның ішінде 123 ерекше қабілетті сайлаушы да өз таңдауын жасады. Аудан бойынша сайлау өткізілген 10 учаскеде саяси партияның, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары болды. Бұған қоса, кандидаттардың сенімді өкілдері мен БАҚ өкілдері сайлау процесін байқауға қатысты. Сайлаудың әділ өтуін бақылауға ниетті азаматтардың көптігіне қарап, тұрғындардың ауыл әкімдерін сайлауға белсенді атсалысқанын байқауға болады. Кейін, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлау қорытындысы туралы хабарлама аудандық сайлау комиссияларының парақшаларында және БАҚ құралдарында жарияланды.

Бауыржан Көшербаев,
Жамбыл аудандық сайлау
комиссиясының төрағасы

Comments are closed.