Алдаберді Мақашев,Қазақстан кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің үздігі. ағайындардай араласып, тату-тәтті өмір сүрудеКөршісінің жақсы болуын кім қаламайды дейсің? Былайша ойлап қарасаң, өміріңнің мәнді де сәнді өтуі бір жағынан көршіңе де тікелей байланысты. Көршің жақсы болса, емін-еркін араласып, қуаныш-жұбаныштарды бірге бөлісесің. Ал, көршің нашар болса, көңілің орнықты болмай, бір нәрсе жетіспегендей елегізіп отырасың. Қазақтан сөз қалған ба, «Атың жаман болса сатып құтыласың, көршің жаман болса қайтіп құтыласың?» деген мақал да бар ғой. Оның бір жолы, амал жоқ, көшіп құтылуға тырысасың. Ал қазіргі заманда көшіп-қону деген оңай ма? Екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.
Көршілердің аралас-құралас болмағы түгілі, өз орталарында маңайына самарқау қарайтындар да аз емес. Олай дейтінім, пакетке салып алған қоқыстарын үйдің кіре берісіне қалдырып немесе ең сорақысы, терезеден лақтырып жатады. Маңайын күнделікті тазартып отыру былай тұрсын, жылда көпшілікпен өткізілетін сенбіліктерге тіптен атсалыспайтын үй иелері де баршылық. Осының барлығы, айналып келгенде, сана-сезімге, ортаға деген бей-жай көзқарасқа байланысты.
Мәселен, мен өзім көршілеріме дән ризамын. Тараз қаласына көшіп келгеніме үш жыл болды. Біз «Жансая» мөлтек ауданындағы Тәуке хан көшесі, №4-інші төрт қабатты үйде 16 отбасы тұрамыз. Бір есіктен кіріп-шығамыз. Мерекелерде бір-бірімізді құттықтау қалыптасқан жайға айналған. Наурыз мейрамында көршілер шақырысып, айт күндері бірігіп айттап, мәре-сәре болып қаламыз. Нәрестелер дүниеге келгенде шілдехана жасалып, игі тілектерімізді білдіріп жатамыз. Үйдің кіре берісі кезекпенен жуылып, тазартылып тұрады. Есіктің алдында тал-дарақтар, гүлдер жайқалып өсуде. Оны да кезектесіп суарып, баптап отырамыз.
Жақында оқушы балалар арасында ұлттық ойын – асық ату, қазақ күресінен, сондай-ақ, қысқа қашықтыққа жүгіру, қол күресінен жарыс ұйымдастырдық. Балаларымыз риза болып қалды. Сол татулықтың арқасы болар, бізде бейсауыт жүрген адамдар көрінбейді, тұрған үйімізде тәртіпсіздік, келеңсіз көріністер белең алған емес. Бұған біз, тұрғындар тарапынан шүкіршілік етеміз. Көтеріліп отырған мәселені күлбілтелемей турасын айтатын болсақ, бір-бірімен тату-тәтті араласып тұру әуелі көршілердің өздеріне байланысты. Сол ортадағы жасы келген кісілер болса, үлкендігін білдіріп, ауызбіршілікке шақырып, бәрін біріктіріп жүрсе, қандай ғанибет болар еді.
Қазіргі кезде ауылдық жерлерден қалаға келіп, қоныстанып жатқан отбасылар баршылық. Міне, солар үлгі бола біліп, ауланың шаттығын шалқытуға атсалысса, берекелді істің көзі ашыла түсер еді.