Жол үстінде қиылған қыршын ғұмыр

114

Кеңшарда құрылысшы болып еңбек етемін. Жұмыстан келе сала айналдыратыным мерзімді басылым. Оның ішінде «Еңбек туы», қазіргі «Aq jol» газетінің әр нөмірін қалт жібермей оқимын. Басылымда «сен тұр, мен атайын» дегендей, шетінен мықты жігіттер еңбек ететіні әрқайсысының журналистиканың әр жанрынан жазған дүниелерінен аңғарылады. Сол көп мықтының ішінен бөлім меңгерушісі, жас жазушы Мұрат Сыздық жазған мақалаларды көз алмай оқып шығамын. Облыс орталығына жол түссе, бірден өңірдің мен деген қаламгерлері шоғырланған бас басылымның табалдырығын аттаймын.

Кейіннен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенімде жыл сайын жаз айында бір ай бойы өндірістік тәжірибеден өтуді осы газеттен бастауды жөн көріп, бүгінде өзім еңбек етіп жүрген «Ақ жолға» келдім. Мақсат біреу – мықтылардың тәжірибесін үйрену. Әттең, Мұрат Сыздық облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып, өсіп кетіпті. Қап, сіздей талантты қаламгер нағыз шығармашылық ортаның адамы еді-ау деймін іштей. Кейін ол еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстанға» («Егемен Қазақстан») облысымыз бойынша меншікті тілші болып, шығармашылық ортаға қайтып оралғанда ол заманда мықтының мықтысының қолы әрең жететін ел газетінің облыстағы тілшісі қызметіне өзім тұрғандай қуанғаным бар. Азамат Қазақстан компартиясы орталық комитетінің органы – «Социалистік Қазақстан» газетінде облыстың экономикалық-әлеуметтік жетістіктерімен қатар, шешімін күткен мәселелерді дүркін-дүркін көтерумен болды. Ол кезде баспасөзде көтерілген фельетон, сын, өзекті мәселелер ескерусіз қалмайтын. Жұмысты қожыратып жіберген қандай деңгейдегі коммунист-басшы болмасын бюроға салып, партиялық жауапкершілікке тартылатын. Сондықтан да олар журналистердің қаламының ұшына ілініп кетуден қаймығып, өздері жетекшілік ететін саланы, шаруашылықты, кәсіпорын-мекемелерді болсын ұршықша үйіріп әкетуге барын салушы еді. Облыстың өсіп-өркендеуіне жазушы-журналист осылайша үлес қосты. Әдебиеттен де қол үзбей кітаптарын да шығара бастады.
Бас басылымның меншікті тілшілігінен кейін қаламгер біткен бір соқпай кетпейтін Алматыға барып, біршама уақыт еңбек етті. Жай қызмет емес, білдей Баспасөз министрлігінің баспа бөлімін басқарды. Республикалық басылымдарда дүркін-дүркін шығып жататын дүниелерін тағы да тұшына оқып, қаламгер ағаға сырттай тілеулес болып, Қаратау сілемдерінің арасында орналасқан кеншілер қаласы – Жаңатаста жүріп жаттым. Мәкең Алматыға көп тұрақтамай елге оралды, облыс журналистерінің ауық-ауық түсіне енетін облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып тағайындалды.
Қызылорда облысының Шиелі ауданының тумасы, Жаңатаста журналистикада бірге еңбек етіп жүрген ақын досым, жарықтық Қуаныш Түменбайтегімен бірде облыс орталығына жолымыз түспесі бар ма. Қаладағы оны-мұны шаруаларымызды бітірген соң, Мұрат Сыздықпен таныстырды.
– Журналистиканың жүгі тым ауыр. Ол – халық қызметшісі. Қашанда халықтың атынан сөйлеп, оның мұң-мұқтажын билікке жеткізіп тұрады. Айлығым-шайлығыма жетпеді деп тастап кетпе, інім. Қазіргі кез бір қоғамнан бір қоғамға өткенде кездесетін өтпелі кезең. Жақсы күннің бәрі алда, – деп әңгімені төгілтіп отыр. Күн сенбі ме, әлде жексенбі ме, анық есімде жоқ. Әйтеуір жұмыс күні емес. Қала шетіндегі у-шуы аздау оңаша бір кафеде едік. Мәкең көп сөйледі. Қаламгер азаматтың дәмді сөзін бөлмей, ұзақ отырдық сол күні.
Бірде ол жаңадан жарық көрген кітабын алып, Жаңатасқа келді. Қуаныш достың үйінде дастарқан басында түннің бір уағына дейін әңгіме соқтық. Бұл жолы төрт журналиспіз. Төртіншіміз – Мәкеңнің сыралғы достарының бірі, белгілі журналист, бүгінде «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы болып еңбек етіп жүрген Жаңабай Миллионов. Сонда журналист-жазушының бойынан парасат, биіктікті, кісілік келбетін одан сайын тани түскендей болдым. Арада қанша уақыт өткені есте қалмапты. Облыс жақтан Жаңатасқа суық хабар жетті. Алматыға бара жатқан жолда талантты журналист, тамаша жазушы Мұрат Сыздық жол апатынан қайғылы қазаға ұшырапты. Қос перзентінің бірі, он екіде бір гүлі ашылмаған кішкентай қызын да сұм ажал аямапты. Әкесімен бірге мәңгілік мекенге кете беріпті.
Белгілі журналист, балалар жазушысы, бар болғаны қырық жасында қыршын кеткен Мұрат Сыздықтың соңында облыстық «Aq jol», республикалық «Егемен Қазақстан» және басқа да басылымдарда оқырмандардың көзайымына айналған ойлы дүниелерімен қатар, «Әйбат бала», «Күміс сақал арыстан», «Күн шығып келеді», «Жылдың соңғы айы», «Қуатым менің», «Ақбас тырна» атты кітаптары қалды.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.