- Advertisement -

Көрген-баққан

116

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***
Қалихан Ысқақов қазақ қара сөзінің қаймағын алып, қаспағын қырған қаламгер. Оның қаламынан туған тың тіркестер мен тосын ой, иірімдерді санап шығудың өзі аз шаруа емес. Тәкен Әлімқұлов, Ахан Нұрманов, Тельман Жанұзақов портреттері, Торғай сапары хикаясы, інілері хақындағы толғауы несін айтасыз шедевр. Тек осының өзін жоғары оқу орнының журналистика факультетіндегі студенттерге тәжірибе есебінде оқытса, бір жылға азық. Ғұмырлық тағылым!
Бір таңғалатыным, осыншама шаппай бер дарын иесі үлкен шығармаларға келгенде бір ізге түсіп алады да, шиырлап шыға алмай жатады. Кең құлаш жоқ, үлкен ауқымнан ада. Не себеп?
Әсілі Қалағаң Чехов, О’ Генри, Майлин сынды шағын жанрда жауһар туғызатын жазушы.

***
Москваға жиі барамын. Көбіне кітабымның аудармасы, шығару, тираж жайы. Аудармашым – орыстың үлкен жазушысы, «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин. Ылғи кабинетінде әңгімелесіп отырғанда көңіліме бір сұрақ кептеледі. Не себептен бөлменің обойын жаңартып, жөндеу жүргізбейді. Мынау көне мебель, диван, креслоны ауыстырмайды – деген. Бірінде сұрап та көрдім. Бақсам бұл Максим Горькийдің өмірінің соңына дейін отырған кабинеті болып шықты. Бәрі-бәрі сол заманнан келе жатқан жәдігер. Ешнәрсе қозғалмаған. Тұнып тұрған тарих, шежіре.
– Жаңамен ауыстыруға қимаймыз. Ұлы қаламгердің рухын сезінген абзал. Осының әрқайсында оның қолының табы жатыр, – деген Георгий Владимирович тебіреніп.
Үлгі етерлік іс.

***
Шериаздан аға Елеукенов мемлекет пен қоғамның үлкен қайраткері. Беделді сыншы, аузы дуалы ақсақал. «Литературная газетада» кезекті бір әңгімем жарияланған. «Актриса» деген. Оқыпты. «Қазақ әдебиеті» газетіне қуана хат жазыпты. Әңгімені талдап, сүйіспеншілік сөзін айтыпты.
Ерекше риза болдым. Ағалық, азаматтық деген осы.

***
Мені қолымнан жетектеп Москваға алып барған Әбдіжәміл аға.
– Қатал таңдаудан өттің, бала, – деген бір жолыққанымда. – «Қараша қаздар қайтқанда» деген кітабыңды қолыма карандаш алып отырып, дұшпанның көзімен оқыдым. Мін іздедім. Таптырмай қойдың. Менде стилист едім. Сен менен де өтіп кеткен оңбағыр екенсің. Жүр кеттік. Ер маған.
Көтеріп сөйлеген де. Әйтпесе Нұрпейісов болу қайда? Алдымнан Европа мен әлемнің кең жазира жазығы осылай ашылған. Бүгіп қажеті не!

***
Әңгімелесіп отырғанымда Шерхан аға:
– Айтматовтың қаншама кітабын аудардым, аға боп бір маңдайымнан сипауды білмеді ғой, – деп наз айтты.

***
Бішкек. Тоголок Молдо көшесімен төмен түсіп келе жаттым. Қарсы алдымнан Шыңғыс аға кезікті. Сәлемдесіп кідірдік. Денсаулық сақтау министрлігіне бара жатқан беті екен.
– Қайдан келесің, батыр? – дейді ұлы қаламгер әдетінше жылы жымиып.
– Кинофото архивке барып ем. Қырғыз бен қазақ ақын-жазушыларына қатысты көптеген көне кадрлар бар екен. Біразын шығартып алдым. Мынау Жамбыл жәкем, анау Күләш Байсейітова мен Сайра Киізбаева, мына бірі Қажымұқан ағамның белінен ұстамаймын деп күреспей қоятын атақты Қожамқұл палуан… Тізе жөнелдім.
Шыңғыс аға көбін бұрын көрмесе керек, әрқайсысын ілтипатпен қолға алып, асықпай зер салып жатты.
– Аға, мына фотода сіздің жастық шағыңыз бейнеленіпті. Шығартып алдым, – деп ең соңынан өзімше сюрприз ғып және бірін қолына ұстаттым.
– Ой, қоқи! – деді Шыңғыс аға даусын анық көтеріп. – Мұны қайтіп көрмегенмін. Бұл 1962 жылдың көктемі. Қырғызстанның Ленинградтағы күндерінен көрініс. «Аврораның» үсті. Ортада тұрған республика басшысы Искак Раззаков. Мына тұрған мен. Онда республикалық әдеби журнал «Литературный Киргизстанның» бас редакторымын. Жанымда… жанымда…
Даусы діріл қаққан ағаның жүзіне қарасам жылап тұр. Шошып кеттім. Байқамаған боп сырт айналдым. Сәлден соң Шыңғыс ағаның даусы бекіді.
– Ғафу ет. Жанымда тұрған Бүбүсара Бейшеналиева. Алғаш рет тап осы «Аврораның» үстінде танысып, өмір бойы… өмір бойы… Мына фотоң үшін саған алғыс айтамын. Өзіңде сақта. Айырылып қалма. Кейін кітапқа берерде сенен сұрап алармын. Хош!
Ұлы адамның махаббаты да ұлы. КСРО халық артисі, ғажайып биші атанған Бүбүсара ханым мен Шыңғыс ағаның ғашықтық хикаясын бүкіл ел біледі. Оны тәптіштеп қайтеміз.
Кейін диалог кітап «Құз басындағы аңшының зары» шыққанда әлгі фото соған енген.

***
Бішкекте Республикалық филармония алдына Манастың ескерткіші тұр. Табаны жер баспай азынай шапқан тұлпар қандай! Қылышын сермей ұмтылған батыр қандай! Көрерге көз керек! Бұл құйылған қола емес. Жанды бейне. Әр қимылы сөйлеп тұр. Мүсіншісі – Тұрғынбек Сыдықов. Осы ескерткіш үшін заманында Лениндік сыйлық алған. Бұл бір елдің қазынасы, тарихи, тағдыры, бүгінгі мен ертеңі.
Қазақстанда да ескерткіш көп. Жаяуы бар, аттылысы да аз емес. Тұщынатының жоққа тән. Образды беру, көркемдік келісім, шеберлік шешім әйтеуір ақсап жатады. Алматы темір жол вокзалының алаңында тұрған Абылай хан ескерткішіне көз салыңыз. Хан ат үстінде. Бәрінен бұрын аттың ұмасы тасырайып көзге ұрады. Хан басына цирк клоунының қалпағын кигізіп, қолына шолақ таяқ қыстырыппыз.
Бар-жоғы сол! Абылайдың жүзінен ерлік, уайым мен үміт шуағы есіп тұрса дейсің ғой. Емге таппассыз!
Жұмекен ағаның өлеңі бар-ды:
Бір ескерткіш қойып едім тіріңде,
Ол да саған ұқсамады қайтейін, – деген.
Ұқсатпауға, оқсатпауға келгенде не деген шебер елміз!

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support