- Advertisement -

Тамшылатып суғарғандар өнімді екі есе көп алады

82

- Advertisement -

Кейінгі жылдары облыста белең алған қуаңшылық егін салып, мал баққан шаруаны тығырыққа тіреді. Талас пен Шу өзендері бойына жақын орналасқан жұрттың бар тілеуі қос өзеннің суы мол болса дейді. «Кісідегінің кілті аспанда» деген, екі мемлекеттің Үкіметтері арасында нақты келісім болғанымен қырғыз ағайындар да егін салып, бау-бақша өсіретіндіктен мол су өздеріне де қажет болып, кейбір жылдары тиісті мөлшерде берілетін судан қысып қоятыны бар. Судың шуы кешегі кеңес заманынан бері жалғасып келеді. Өзен суының жағдайы осылай болып жатқан соң, тым болмаса жауын-шашын мол түссе екен деп шаруалар аспанға қарап, көп болып көктен тілейді. Ағын су мен көктен түсетін ылғалды күтумен келген кейбір аудандағы шаруалар су үнемдеу технологиясы қолданысқа енгенде үміт оты жанғандай болды.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда өткен жылы облыс бойынша 30674,0 гектарға тамшылатып, 9322,0 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын енгізу жоспарланса, 1 шілдеге дейін 40452 гектар алқаптың 28295,0 гектарына тамшылатып, 12157,0 гектарына жаңбырлатып суару технологиясы орнатылыпты. Тиімді жобаны жүзеге асыруда Қордай, Меркі, Байзақ, Рысқұлов және Жамбыл аудандары жоспарды асыра орындаған. Жуалы ауданында 680,0 гектар жерге тамшылатып, 1959,0 гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясы жоспарланса тамшылатып суару құрылғысы мүлде орнатылмаған, ал 1683,0 гектарға ғана жаңбырлатып суару технологиясы енгізіліпті.
– Біз шаруашылығымыздың картоп алқабына 50 гектарға жаңбырлатып, 50 гектарға тамшылатып суару технологиясын орнатып көрдік. Ол кезде «Ақсай» каналынан су мол келіп тұрды. Дегенмен топырақтың қыртысы тар болғандықтан картоп ашық қалып, ойлағандай өнім бермеді. Масақты дәнді-дақылдар мен жоңышқаға болмаса жаңа технологияның картопқа тиімсіз екеніне көзіміз жетті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жер асты суын пайдалануды шаруалардың есіне үнемі салып келеді. Тіпті, тиісті мекемелерге нақты міндеттер де жүктеген. Жер асты суын пайдалану үшін 7 ұңғымаға аудандық ауыл шаруашылық бөлімі арқылы тапсырыс беріп қойдық. Реті келіп тұрғанда мына мәселеге де назар аударайын. Былтыр біздің ауданның шаруалары 1000 гектар алқапқа пісте егіп, өнімін Түркіменстанға жөнелтті. Шаруалар еткен еңбегіне қарай табысқа кенелді-ау, бірақ бір өкініштісі пісте еккен жерге енді басқа дақыл шықпайды. Жермен айналысып жүрген әріптестерім осындайға абай болса деймін, – деді Жуалы ауданындағы, «Злиха» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев.
Талас өзенінің облыс аумағына енетін тұсында отырса да Байзақ ауданының шаруалары ағын суға үміт арта бермей, су үнемдеу технологиясын енгізуді мықтап тұрып қолға алғандарына біраз жыл болды. Оның жемісін көріп те келеді.
– Соңғы жылдары жеке шаруашылық құрылымдары жаңа технологияларды енгізу жұмыстарын қарқынды қолға алуда. Мәселен, ауданның агроқұрылымдары тамшылатып суару технологиясын 2019 жылы 1346 гектар алқапқа енгізсе, 2020 жылы оның көлемі 3032 гектарды құрады. Былтыр 1478 гектарға ұлғайып, аудан бойынша 2038 гектарға тамшылатып және 2472 гектар жаңбырлатып суару технологиясы енгізіліп, 4510 гектарға артты. Аудандағы суармалы егіс көлемінің 16,3 пайызын қамтамасыз етті. Былтыр «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 27 шаруашылық құрылымы 40 жаңбырлатып суару технологиясын 188,1 миллион теңге лизингке сатып алды. Су үнемдеу технологиясын қолданған шаруашылықтар дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда өнімді екі есеге дейін артық алуда, – дейді Байзақ ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Ақжолов.
– Бостандық ауылдық округіндегі «Жаңалық» шаруа қожалығы 30 гектар егістік алқабына тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын пайдалануда. Тамды ауылдық округінен «Дін-Ислам» шаруа қожалығы 60 гектар көпжылдық шөпті және Ойық ауылдық округінен «Береке» шаруа қожалығы 5 гектар бақша, 10 гектар көпжылдық шөпті құбырлы құдық арқылы жаңбырлатып суару әдісімен суарды. Сондай-ақ «Нұр-Дәулет» шаруа қожалығы 106 гектар жерді игеру үшін 77,0 миллион теңге болатын инвестициялық жоба бойынша жаңбырлатып суару қондырғысын құрастырып, сынақтан сәтті өткізді. Биыл егін егіп, жаңбырлатып суаруды бастайды. Сонымен қатар биыл егістікке жаңбырлатып суару технологиясын пайдалану үшін Ақкөл ауылдық округіндегі «Бекен» шаруа қожалығы 42,0, Аққұм ауылдық округіндегі «Алмар» шаруа қожалығы 84,0 және Қызыләуіт ауылдық округіндегі «Ынтымақ» шаруа қожалығы 15,0 миллион теңгеге жаңбырлатып суару құрал-жабдығын сатып алуға құжаттарын дайындауда, – дейді Талас ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай.
Судың басында отырса да байзақтық шаруалар су үнемдеу технологиясының тиімділігін сезініп, жыл сайын көлемін ұлғайтып жатқанда таластықтардың да қалыспай өміршең технологияны жаппай енгізуге бет бұрғаны дұрыс-ақ. Жуалылық белгілі фермер Керімқұл Бегалиев айтқандай, жер асты суын пайдаланудың да маңызы зор. Сондықтан да бұл мәселемен су шаруашылығымен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары мықтап тұрып шұғылдануы қажет-ақ. Әсіресе судың аяғындағы сарысулық шаруалар үшін қасқалдақтың қанындай болып бара жатқан су мәселесін осылайша шешу керек шығар. Ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы саласына басшылық жасайтын азаматтардың бірден-бір айналысатын жұмысы осы болмақ. Аудан әкімдерінің де бұл мәселе назарынан шықпаса дейміз.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support