Жаңалықтар

Былтырғы «сәбіз жыры» биыл тағы қайталана ма?

Былтырғы «сәбіз жыры» биыл тағы қайталана ма?

Елімізге шекара асып, шеттен келетін тауарлардың бағасы қымбат әрі сапасы күмәнды болатыны айтпаса да түсінікті. Демек, біз өзімізде отандық өнімнің молшылығын жасағанда ғана инфляцияны ауыздықтап, экономикамызды қарыштап өркендете аламыз. Әлбетте, отандық өндірісте нарықта өтімтал тауарлар өндірудің маңызы зор. Ал өз әлеуетін ұтымды пайдаланбай, өзіне қажеттінің барлығын шеттен сатып алатын мемлекеттің келешегі қашанда бұлыңғыр. Біздің еліміздің де әлі күнге осындай үрдістен арыла алмай отырғаны алаңдатады. Бұған мысалды көптеп келтіруге болады. 2021 жылдың сәуір айында облысымыздың дүкендері мен базарларда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бірі – сәбіздің бағасы шарықтап шыға келді. Оның әр килограмының құны 800 теңгеден сатылды. «Арық атқа қамшы ауыр» демекші, онсыз да қымбатшылықтан күйзеліп отырған жұрт көкөністің бұл түрінің құны бір күнде осылай 4-5 есе өскеніне қайран қалды. Мұның «сыры» көп ұзамай белгілі болды. Облысымыздағы көкөніс қоймаларында маусымаралық кезеңге сақталған асханалық сәбіздің қоры бір ай бұрын таусылып қалған. Көкөністің бұл түрінсіз дастарқандағы астың дәмі кіре ме? Олқылықтың орны Қытай, Түркия және Қырғызстаннан жеткізілген өніммен толықтырылған. Шекарада кеденнен өтіп, оған жеткізушілердің қызметі қосылған тауар бағасы осылай шарықтап шыға келген. Мұны білген жұрттың көңілі қатты құлазыды. Біреулер: «Енді бізге сырттан сәбіз жеткізу қалып еді» десе, келесілері: «Қолымыздан сәбіз өсіру де келмей ме? Оны егетін жер жоқ па?» деп күйінді. Салиқалы да саналы бірқатар кісілер: «Бізде көкөніс молшылығын жасауға мүмкіндік мол. Оны сырттан тасу – елдігімізге сын емес пе?» деп шамырқанды. Таяуда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қаңтар оқиғасына байланысты Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл – Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді», деп айрықша атап айтты. «Шындық көз шаншиды» дейді орыс мақалы. Еліміз жер көлемі жөнінен дүниежүзінде тоғызыншы орынды иеленеді. Осыған қарамастан өңделген азық-түліктің үштен екісі әлі күнге шет мемлекеттерден жеткізіледі. Демек Қазақстанның ақшасы сыртқа ағылып жатыр. Олардың сыртқы қаптамалары көз тартарлық, жылтырақ болғанмен ішіндегі тағамның сапасы қандай? Біз ұзақ уақыт сақталу үшін түрлі консерванттар қосылған тағамдарды тұтыну арқылы өз денсаулығымызға нұқсан келтіріп жатқан жоқпыз ба? Нидерланды – Еуропадағы әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің бірі. Жер көлемі небәрі – 41 мың шаршы километр. Тұрғындарының саны – 18 миллионға жуық. Алақандай жерде отырған мемлекет жылына 59 миллиард АҚШ долларының өнімін экспорттайды екен, оның үштен бірі – ауыл шаруашылығына тиесілі. Жер көлемі 20 мың шаршы километр Израиль мемлекетінің жылдық ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты – 5 миллиард доллар. Жері Қазақстаннан үш есе кіші Түркия жылына 23 миллиард доллардың өнімін экспорттайды. Ал еліміздің бұл бағыттағы көрсеткіші 3 миллиард доллардан сәл ғана асады. Қазақстанда 40 миллион гектар егістік, 184 миллион гектар жайылымдық жер бар. Осындай әлеуетпен жүздеген миллион адамды асырауға болар еді. Ал біз ат төбеліндей халықты қажетті тағаммен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Қытайда әр шаруаға 50 сотықтан артық жер берілмейді. Шаруа оны бір жыл игермесе, мемлекет қайтып алып қояды. Олар осындай телімнен алған өнімімен өзін де, өзгені де азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Елімізде ондаған, жүздеген, тіпті, мыңдаған гектар ауыл шаруашылығы жері, агроқұрылымдар бар. Нәтиже қайда? Олардың игерілмей арамшөп басып жатқаны қанша? Ауыл шаруашылығы саласын интенсивті дамытудың ең тиімді тетігі – кластерлік жүйемен, яғни тізбектелген технологиямен жұмыс істеу. Агроқұрылым жер жыртудан бастап, өнімді өндіріп, өңдеп, оны өзі өткереді. Бұл – шаруаға да, тұтынушыға да тиімді. Арада делдал сияқты артық «арамтамақтар» болмайды. Өркениетті елдер ауыл шаруашылығы өндірісін осындай тәсілмен өркендетіп келеді. Елімізде 15 жыл бұрын осындай игі бастама көтерілген болатын. Қазақстандықтар үшін аграрлық саланы өркендетудің ең тиімді жолы да осы еді. Өкінішке қарай, өміршең бастама аяқсыз қалды. Мемлекетіміз ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылында бұл мақсатқа жүздеген миллиард теңге субсидия бөлінді. Сатып алған техника және олар салған нысандарға жұмсалған шығынның бір бөлігін өтеп береді. 2003-2005 жылдар «Ауыл жылдары» деп жарияланды. Қазір де жасалып жатқан қамқорлықтар аз емес. Бұрынғы облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен біраз ауыл тұрғындарына үй іргесіндегі телімдерін игеру үшін екі пайыздық өсіммен жеңілдетілген несие берілді. Мұндай игілікті істі жүзеге асырып жатқандарды дүниежүзінен іздеп таппайсың. Қолдау бар, қайтарым қайда? – Мен көптеген шет мемлекеттерде болдым. Әсіресе Қырғызстанға жиі сапар шегемін. Қырғыз елінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне біз сияқты мемлекет тарапынан жасалып жатқан бірде-бір қолдау жоқ. Олар менен осы әңгімені естігенде қызғаныштан жылап жібере жаздайды, – дейді Жамбыл ауданындағы «Байелі болыс» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмасейіт Нұрбаев. Қырғыз ағайындар осыған қарамастан өздерін қажетті жеміс-жидекпен, көкөніспен қамтамасыз етіп келеді. Оларды экспортқа да көптеп шығарады. Осы тұста өткен ғасырдың 60-70 жылдары Жуалы ауданының Талапты ауылындағы мына бір игілікті іс ойға орала береді. Ол кезде ауылда 120-ға жуық отбасы бар болатын. Арықтарда ағын су сарқырап ағып жататын. Соған қарамастан ауыл тұрғындары үй іргесіндегі 25-50 сотық жер телімдеріне жоңышқа өсірумен немесе бұзау мен есек арқандаумен шектелетін. Жалғыз ғана Махамбет көкеміздің үйіндегі Роза апамыз бақшасына сәбіз, орамжапырақ өсіретін. Күзде елді мекенде ас пен тойдың науқаны қызады. Олар көкөністі базар бағасымен осы үйден сатып алатын. Сөйтіп Роза апамыз бір ауылды жалғыз өзі көкөніспен қамтамасыз ететін. Сәбіз – адам өмірі үшін аса бағалы дәрумендер мен минералды заттарға толы өсімдік. А дәрумені, калий тұзы мен каротинге бай ол ағзадағы тұзды суды реттеп, оның денеден бөлінуін қамтамасыз етеді. Сәбіз шырыны бөбектер, бала емізетін аналарға, асқазан, бүйрек, жүрек, қант диабеті ауруына шалдыққандарға ем ретінде беріледі. Ежелгі Русь елінде оның көмегімен тыныс жолдарын, жүрек және бауырды емдеген. Өсімдік құрамындағы А дәрумені адамның бойын өсіреді, көру қабілетін жақсартады. Оның құрамында каротинмен бірге ағзаға сіңген кезде глюкозаға айналатын 6-8 пайыз қант та бар. Ол қаны азайған адамдарға өте пайдалы. Сәбізді тері күтіміне де пайдалануға болады. Оның күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына бекер енгізілмегенін осыдан-ақ айқын байқауға болады. Асханалық сәбіз қолданылмайтын тағам сирек. Ол барлық асқа пияз және картоппен бірдей пайдаланылады. Дүнгендер сәбіз қосып, жүзден астам тамақ түрін әзірлейді екен. Ал облыста осындай бағалы көкөністің әзірлену барысы қалай? Мәселен, облыста 2020 жылы 258240 тонна картоп, 625638 тонна пияз жиналған. 2021 жылы картоп – 269568 тоннаны, ал пияз – 1255670 тоннаны құраған. Енді сәбізге келейік, 2020 жылы – 107980 тонна, 2021 жылы – 109700 тонна. Картоп, пияз және сәбіз тамаққа қатар қолданылатынына қарамастан айырмалары жер мен көктей. Облыста асханалық сәбіз 2020 жылы – 3525, 2021 жылы 3578 гектар алқапқа орналастырылған. Осы алқаптардан кейінгі екі жылда орта есеппен әр гектардан 306 центнерден өнім жиналған. Облыста 1200 мыңға жуық тұрғын бар. 2020 жылы қоймаларда маусымаралық кезеңге сақталған көкөністің осы түрі жаз басына дейін жетеді (өсімдік мамыр айынан бастап, Өзбекстаннан жеткізіледі). Ал 2021 жылы көктемде неге жетпей қалды? Осы сауалды облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұловқа қойғанымызда ол ағынан жарылды. – Облыстағы агроқұрылымдарға негізінен тапсырма дәнді, бұршақты және техникалық дақылдар өсіруге беріледі. Олар асханалық сәбізді өз қалауларына қарай егеді, – деді ол. Осы тұста көкейде мынадай күмәнды ойлар да көлбеңдей береді. 2020 жылы сәбіз есепте көрсетілген алқаптан мүлде аз жерге орналастырылған. Жергілікті атқарушы органдар көзді жұмып, есепті еселеп беріп жіберген. Салдарынан өткен жылы сәуір айында тұрғындар оны төрт есе жоғары бағасына сатып алуға мәжбүр болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында қосып жазуды доғару керек екенін, оның соңы жақсылыққа соқпайтынын ерекше атап өткен болатын. Әйтсе де «Баяғы жартас – бір жартас». Соңғы жылдары жаһанда климаттың өзгеруі, құрғақшылық болуы, ағын судың бірнеше есе азаюы – суармалы алқаптардың әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік бермеуде. Демек бұл дақылды өсіруге де тамшылатып және жаңбырлатып ылғалдандыру тәсілдерін кеңінен қолдану керек. Бұл қиындықтарды қолда бар мүмкіндіктерді іске қосып, еңсеріп жатқандар да бар. Пәкістан – жер көлемі Қазақстаннан үш есе аз, шөлейтті аймақта орналасқан мемлекет. Халқының саны – 218 миллион. Егістік жері – 11 миллион гектар. Оның 967 мың гектары құдық суларымен ылғалдандырылады. Олар тығырықтан жер асты суларын пайдалану арқылы шығуда. Бізде көп жерде жер асты суы 8 метр тереңдікте. Өзімізді қажетті көкөніспен қамтамасыз ету үшін амал жоқ осындай қадамға, яғни жер асты суын пайдалануға тура келеді. Әсіресе келешекте асханалық сәбіз өсіруге басымдық берілуі керек. Оны егуден көл-көсір пайдаға кенелуге болады. Мәселен, қазір сауда орындарында картоптың әр килограмының бағасы 200 теңгеден астам болса, сәбіз 180-200 теңгеден. Сәбіз 0 градус температурада сақталады. Бұрын заманауи үлгідегі қоймалардың жетіспеуінен оны ұзақ сақтауға мүмкіндік болмайтын. Қазір облыс бойынша 236 қойма жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы сыйымдылығы 255 мың тоннаны құрайды. Оның 81-і тоңазытқыштармен жабдықталған, заманауи үлгідегі нысандар. Олардың сыйымдылығы – 47 мың тонна. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы өңдеу бөлімінің басшысы Дулат Оспанов аймақта тағы да заманауи үлгідегі 5 қойма құрылысы жүргізіліп жатқанын айтады. Олардың сыйымдылығы 74,5 мың тоннаны құрайды. Бұрын мемлекет қойма салғандардың шығынының 25 пайызын өтеп беретін. Ауыл шаруашылығы министрлігі кейінгі кезде оны 50 пайызға жеткізудің жолдарын қарастырып жатыр екен. Бұл нысандар іске қосылса, облыста оларды сақтау мәселесі түбегейлі шешіледі. Облыста маусым аралық (4 ай) кезеңде тұрғындарды көкөністен тарықтырмау үшін қоймаларда 37 мың тонна картоп, 7 мың тонна пияз және 6800 тонна сәбіз сақталуы керек екен. Ал қазір қорда 5 мың тонна сәбіз бар. Бұл – мамыр айына дейін жете ме? Тағы да тапшылық туындап, баға шарықтап кетпей ме? – Әлбетте, қоймаларда маусымаралық кезеңде 10 мың тонна сәбіз сақталса да артықтық етпейді. Оның үстіне Ауыл шаруашылығы министрлігі инфляцияны төмендету үшін көкөністі жыл бойы сақтау талабын қойып отыр. Әйтсе де диқандар жинаған өнімін күзде түгел өткеруге күш салады. Қоймаға сақтау үшін төленетін ақшаны артық шығын деп есептейді. Оларды: «Көктемде баға қалай болады? Баға төмендеп, шығынға ұшырап қалмаймыз ба?» деген сауалдар да мазалайды. Дегенмен бұл бағытта келешекте олармен түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілетін болады, – дейді Дулат Оспанов. ТҮЙІН: Дәруменге бай өсімдікті ағымдағы жылы облыста 3600 гектар алқапқа орналастыру көзделуде. «Бәрін айт та бірін айт» демекші, енді оны қоймаларда жылдағыдан екі есе көп мөлшерде сақтау керек болып тұр. Бұған осы салаға қатысты мамандар да тиісті көңіл бөледі деген сенімдеміз. Әйтпесе оны сырттан тасу – бәрімізге сын.

Ақылжан Мамыт