Қызметкерлердің жалақысын көтеру күн тәртібінен түспеу керек

15

Кеше облыс əкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы «ТаразКожОбувь» ЖШС мен Жамбыл ауданы аумағында орналасқан «Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ мекемелерінде болып, қос құрылым басшыларының есебін тыңдады.

Алдымен аймақ басшысы «ТаразКожОбувь» ЖШС-де болды.
– Облысымызда жеңіл өнеркəсіп ошағы көп емес. Оны көтеру, қолдау көрсету – біздің басты мақсатымыз. Жеңіл өнеркəсіп ошақтарын дамытпай, экономикамызды арттыра алмайтынымыз анық. Сондықтан да бұл салаға барынша көңіл бөліп, қолдау көрсетумен келеміз. Өткен жылы да осында болып, сіздермен кездесіп, басшылықтың есебін тыңдаған болатынмын. Біраз қордаланған мəселелердің шешімін табуына көмек бердік. Бүгін қарап отырсақ, алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр өндіріс көлемі 38 пайызға жоғарылап, өндіріс қуаты арттырылыпты, – деді облыс əкімі.
Мекемеде өткен жылы атқарылған жұмысы туралы серіктестік директорының орынбасары Шамухтар Шаюпусов есептік баяндама жасады. Оның айтуынша, «ТаразКожОбув» ЖШС бұрынғы «Джамбулкожобувь» өндірістік бірлестігі негізінде 2002 жылы қайта құрылған. Оның негізі 1961 жылы қаланып, кезінде ол КСРО-ның былғары және аяқ киім өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындардың бірі болған еді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 500 мың жұп аяқ киімді құрайды.

Бүгінгі таңда серіктестік Қазақстандағы былғары аяқ киім шығаратын ірі отандық өндіруші болып табылады. Кәсіпорын құқық қорғау органдарына арналған аяқ киім, жұмыс және күнделікті аяқ киімдер шығаруға маманданған. Аяқ киімнің ассортименті 80-нен астам модельді құрайды. Өткен жылы дайын өнім шығару 170 584 жұпты құрап, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 38 пайызға артқан.
Келесі кезекте кəсіподақ комитетінің төрайымы Марина Тазабаева есеп берді.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы мекеме қызметкерлері қойған сұрақтарға да жауап бере отырып, өндіріс басшылығына өңірде жеңіл өнеркəсіп орындарының белсенді жұмыс істеу керектігін айтты. «Қазір жеңіл өнеркəсіп нарығында бəсекелес компаниялар өте көп. Серіктестік шетелдік өнімді отандық нарықтан ысырып шығаруы үшін оған бəсекелесе алатын сапалы өнім шығаруға тиіс. Сонда ғана нарықты жаулап алуға болады. Ондай мүмкіндік сіздерде бар. Осы салаға жастарды көптеп тарту қажет. Жалақыны он пайызға ғана көтеріп қоймай, оны тағы арттыру жолдарын қарастырған жөн», – деді.
Облыс əкімі облыстық энерго тарату орталығы саналатын «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ болды. Мекеме басшысы Александр Фурса өткен жылы атқарылған жұмыс барысы туралы баяндама жасады.
Баяндамашы жыл ішінде атқарылған жұмыстарға шолу жасай келіп, өткен жылды жақсы қорытындылап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ 2021 жылы қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға арттырғанын айтты.
Мұнда қызметкерлердің орташа жалақысы 120 мың теңгені құрайды. Облыс əкімі баяндамашыға қызметкерлердің жалақысын жыл сайын көтеріп отыру күн тәртібінен түспеу керек екенін ескертіп, биыл да өз шығыны мен кірісін есептей отырып қарастыруды міндеттеді.
Өз кезегінде ұжымның кəсіподақ төрағасы Борис Таменов баяндама жасап, ұжымның бірлігі мен ынтымағына тоқталып, кəсіподақ тарапынан жұмысшыларға жасалып отырған жеңілдіктерді тізіп айтып шықты. Сонымен қатар ол жұмысқа қабылдаған жастардың тұрақтамай басқа өңірлерге, жалақысы жоғары жұмыстарға ауысып кетіп жатқанын айтып қалды.
Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев мұнда да ұжым қызметкерлерін ашық əңгіме алаңына шақырып, облыста, Тараз қаласын көркейту бағытында жасалып жатқан игі істерді тілге тиек ете келе игілікті ортақ іске жұмыла үлес қосуға шақырды.

Марат Құлибаев

Comments are closed.