Құрбан айт ұлттық мерекеге ұласты
Құрбан айт ұлттық мерекеге ұласты
Сараңдықтан сақтап, жомарттыққа тәрбиелейтін Құрбан айт мерекесі биыл қазан айының алғашқы аптасына тура келді.Исі мұсылман асыға күткен бұл күні жұрттың көбі таң сәріден мешітке қарай ағылды. Облыстық «Һибатулла Тарази» орталық мешітіндегі айт намазында халық көп жиналды. Олардың арасында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та болды. Кәрім Нәсбекұлы Айт күні атқарылатын ізгі істердің сауабына кеңінен тоқталып, ондаған жылда қайталанатын ұлық күндердің тоғысуын Алланың адамзат баласына берген ұлы нығметіне балады. Осы күні елімізден қасиетті Мекке шаһарына аттанған отандастарымыздың да дұға-тілектерінің қабыл болуын Алладан тілеп, облыс жұртшылығын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, жамағатпен бірге айт намазын оқыды. Айт намазынан кейін облыс әкімі өз атынан бір бас ірі қара малды құрбан ретінде шалды. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы бас болып, биыл дін мен дәстүр сабақтастығын ұсынған болатын. Осыған орай құлшылықпен басталған қасиетті мереке имандылық думанына жалғасты. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде де 300 кісіге дастархан жайылып, 10 мұқтаж жанға және көп балалы аналарға шаңсорғыш сыйға тартылды. Осы мерекеге орай жамағатқа бір күн 10 автобус тегін жүргізілді. Кішкентай бүлдіршіндерге ақысыз батут қойылып, тәтті үлестірілді. Дәстүрге сай күрес, асық ойнау, кір тасын көтеру, қол күрес ойындары ойнатылып, сахналық көріністер қойылды. Осылайша, Алланың рахым-мейіріміне бөлеп қана қоймай, халықтың бірлігі мен бауырластығын және өзара қарым-қатынасын нығайтуға жол ашқан игі шарадан көпшілік «айттан айтқа аман-есен жетейік» деген жақсы ниетпен тарқасты. Айт намазына жиналғандарға ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаев уағыз айтты.
Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».