- Advertisement -

Неге қаңғыбас иттер көбейіп кетті?

244

- Advertisement -

Қазір не көп, иесіз қаңғып жүрген ит көп. Тобымен жүрген ит біткенді ауылда ғана емес, қала көшелерінен де жиі ұшырастыратын болдық. Неге қаңғыбас иттер көбейіп кетті?

Соңғы кезде ит талап ауруханаға түскен оқиғалар да жиілей түскен. Теледидарды қосып қалсаң да осы тақырып. Мәселен, жуырда Атырау қаласында 8-сынып оқушысы мен студентті, Семейде №44 мектептің оқушысын қаңғыбас иттер жабыла талап жатқан жерінен үлкендер әзер арашалап қалған. Мұндай жағдай өзіміздің қала іргесіндегі Құмшағал шағын ауданында да орын алуда. Дегенмен өзге ауыл-аймақтарда да ит қауып, ауруханаға қайырылғандар аз емес.

Салтанат шағын ауданындағы базар қасындағы арықта күшіктеген қаншық итті алты күшігімен сол маңда тұратын балалар тамақтандырып жүр. Енесі күшіктерін өзіне тамақ әкеп беретін балалардан қызғанбаса да ары-бері өткен ересектерге тап беретіні бар. «Имити» сауда орталығы маңында су өтетін көпір астын көптен бері бір күшіктеген қаншық мекен еткен. Күшіктері көпір аузына шығып, бастарын қылтитып, алаңсыз алысып, ойнап жатады. Оларды да балалар қызық көріп, тамақтандырады. Керегі болмай қалған иттерін қапқа салып айдалаға апарып тастайтын үрдіс әлі бар ел ішінде. Осындайда ит қабылдайтын орталық жұмыс істесе, қаңғыбас иттер көбеймес пе еді, кім біледі?

Жылда қаңғыбас, иесіз қалған иттер мен мысықтардың көзін жоюға миллиондап қаржы бөлінеді. Бірақ одан келіп жатқан нәтиже шамалы. Мәселен, алдыңғы жылы облыста бұл мақсатқа 67 миллион, былтыр 37, ал биыл 35 миллион теңге бөлініпті. Бірақ одан шығып жатқан нәтиже қайда?

Құмшағал ауылының тұрғындары қаңғыбас иттерден зәрезап болып отырғанын айтуда. Ауыл тұрғыны Орынбасар Тоқберген мектепке таңертең барып, кеш қайтатын балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Өйткені көше толы қаңғыбас иттер жалғыз жарым балаларға тап беретін көрінеді. Бүгінге дейін бір емес бірнеше ауыл тұрғынын қапқан иттер ауылда алаңсыз сайран салып жүр екен. Олар өз шағымдарына ветеринарлардың селт етпегеніне наразы.

– Ит – жеті қазынаның бірі деп жатамыз. Десе де одан қоғамға, адамдарға қаншалықты зиян келетінін де ұмытпаған жөн. Біздің ауылда бұл мәселе толғанарлық тақырыпқа айналып отыр. Бүгінде ауылда қаңғыбас иттер көп. Иесіз иттер қазір адамдарға қауіп төндіріп тұр. Осыны біле тұра қам-қарекетсіз отырған ветеринарлардың қамсыздығына таңғаламыз. Бір нәрсе десең атуға болмайды, заң талабына сай аулаймыз дейді. Ол иттер оңай ұстата қоятын қой емес, байқамасаң қауып алады. Осы заңды шығарған депутаттардың өзіне ит аулатып қойсаң, көрер едім. Біздің талап, балаларымыздың қауіпсіздігі, қаңғыбас иттерді атып көзін жоймаса, соңынан тор алып қуып жүріп ештеңе өндіре алмайсың, – дейді ол.

Біздің ұққанымыз ауыл тұрғындары ветеринарларды ау алып, итті қуып жүріп ұстаймыз деген дәрменсіздігіне наразы. Оның үстіне қазір қаңғыбас ит тұрмақ, аулада күні бойы бас көтермей жататын жалқау төбеттердің өздері күйлеген бір топқа қосылып, төбесін көрсетпей тентіреп кететін беймаза шақ туған. Айтқанына көніп, айдауына жүретін тәртіпті төбеттердің өздері осындай кезде көздері қанталап, жүйкелері жұқарып, тіпті шақырып, қайтармақ болған егесінің өзіне бағынбай, қарсы шабуылдаудан танбайды. Осындай қауырт шақта қызғаншақ иттер алдына келсе ешкімді де аямасы белгілі. Дәл осы тұста төбетті аумен ұстауға әрекеттенген ветеринарыңның өнімсіз ісін көз алдыңызға елестетіп көріңізші.

Аудандарда әлі де болса мұндай мәселе жоқ. Ау алып әуре болмай-ақ, мылтықпен қаңғыбас иттердің көзін жойып жатыр. Халық та оны құптап отыр. Өйткені өңкиген төбеттен келер қауіп көп. Жаңа жыл қарсаңында шынжырдан босанып кеткен менің де төбетімді атып кетті. Оның аюдай басынан мектепке бара жатқан балалар тұрмақ, өзім де қорқатынмын. «Ажал айдап барған ғой оққа» дедік те қоя салдық. Қарғыбауы жоқ ит, қаңғыбас ит. Ал қалада халықтың да көзқарасы әртүрлі. Ветеринарлар да атып салуды білмей отырған жоқ, бәле салатындардан қаймығады.

Осы ретте облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Талғат Қожабергеновті сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, былтыр Тараз қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға жергілікті бюджеттен 17,5 миллион теңге қаралып, 13404 ит пен 354 мысық ауланып, көзі жойылыпты. Ал биыл бұл мақсатқа облыс бойынша 35 миллион теңге бөлініп, Тараз қаласына 14,8 миллион теңгеге қаралған.

Бүгінде Тараз қаласы бойынша ветеринариялық стансасында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулайтын үш бригада құрылған. Оның екеуі қала ішіндегі қаңғыбас иттерді аулауда. Бір бригада Құмшағал ауылындағы қаңғыбас иттерді аулауға жұмылдырылыпты. Байзақ пен Жамбыл аудандарының екі бригадасы қалаға шекаралас аумақтарда жұмыс істеп жатыр екен.

– Құмшағал ауылының тұрғындарының жанайқайы бойынша бір бригада жұмыс істеуде. Екі күн ішінде, 14 қаңғыбас иттер ауланып, көзі жойылды. Бірақ мұнда ит аулау жұмысына ауыл маңындағы жиде ағаштар мен бос жатқан жер телімдерінің көптігі кедергі болуда. Дегенмен ветеринарлар бар мүмкіндікті қарастырып, ауыл тұрғындарымен бірлесе оларды аулауда, – дейді басқарма басшысы.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ

Аталған мәселеде шешімін таппаған түйін көп. Бір жағы қаңғыбас иттердің мұншалықты көбейіп кетуіне тұрғындардың да кінәсі бар. Иті бола тұра шынжырлап ұстамайтындар, оны қоя беретіндер де арамызда баршылық. Қаңғыбас иттердің кімнің иті екенін де анықтау қиын. Бүгінге дейін итін шынжырлап ұстамаған бірде-бір тұрғынға құзырлы органдар тарапынан айыппұл салынбапты. Дегенмен ауыл тұрғындары сол бос жүрген ит кімдікі екенін білсе де, білмеген, танымаған сыңай танытады. Айналып келгенде біздің жауапсыздығымыз, алдымыздан шығуда. Енді бұған кімді кінәлаймыз?

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support