- Advertisement -

Ұлт ұстазы туралы фильм сізге ұнады ма?

787

- Advertisement -

Тұтастай қазақ ұлтына қастерлі адам, қазақ тілі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы жайлы фильмнің жарыққа шыққаны белгілі. Ғалымның 150 жылдығы қарсаңында түсіріліп, «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетілген 6 бөлімнен тұратын «Ұлт ұстазы» фильмін көргенімізде қазіргі жас ұрпақ үшін аса құнды, алтын қазынаның үстінен түскендей болдық.

Тарихи фильмнің сценаристері – Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалымұлы болса, режиссері Мұрат Есжан. Музыкалық көркемдеуші Ұшқын Жамалбектің де ерекше ізденгенін байқауға болады. Басты рөл – Ахмет Байтұрсынұлын Байғали Есенәлиев сомдайды. Ал ұлт ұстазының жанын түсінген, асыл жары Бәдрисафа Мұхамедсадыққызын Майя Веронская сәтті ойнап шыққан дер едік. Міржақып Дулатұлын Бақыт Қажыбаев, Әліби Жангелдинді Азат Сейітметов, Әлихан Бөкейхановтың рөліндегі Бауыржан Қаптағай өздерінің міндеттерін аса сәтті орындаған десек қателесе қоймаспыз.

6 бөлімнен тұратын фильмді түгел көріп шықтық. Тергеу-тексеруден арылмайтын кей тұсында жанымыз ауырып, сол кейіпкерлермен бірге жүргендей, бірге азап шеккендей күй кешкенімізді несіне жасырайық. Фильмде қараңғылық құрсауындағы қазақ халқын, яғни, өз халқын оқу-білімге жетелеген, сол жолда ұзақ түнге көзілмей еңбектенген Ұлт ұстазы Байтұрсынов бейнесі биік деңгейде, тұлғаланып көрініс табады. Сол уақыттағы тарихи жағдайларды қазіргі бейбіт заманда көріп отырып, қазақтың бағына туған ұлт қайраткерлерінің батылдығына, халықтың болашағы деп жасаған ерлікке толы істеріне, қайсар қадамдарын аразы болып, мықтылықтарын еріксіз мойындайсың.

Сол кезбен өлшегенде қараңғылық құрсауында қалған қазақты оятамын деп жанталасқан үркердей қайраткерлердің ерлікке толы өмірі, көрген қасіреті кім-кімді де толғанысқа жетелейтіні анық.

Ахмет Байтұрсынұлының Міржақып Дулатұлымен бірлесіп 1909 жылы ашқан «Қазақ» газеті – қараңғы санаға түскен алтын сәуле екені тарихи шындық. Бұл жағдай фильмде де жарқын көрініс табады.

Фильмде ерекше көзге түсетін нәрсе Ахметтің халқына деген шексіз құрмет сезімі, сол жолда қанша азапқа төзуге бекінгені. Сол мүдде жолында сан рет абақтыға айдалып, темір торда азап шексе де, жазу-сызу, білімін дамыту, қазақтың болашағы үшін кітаптар жазудан бір сәт айнымағаны толғантады. Тіпті, «Қазақ» газетінің салығы үшін де 3 ай абақтыға өз еркімен түскенде, бірер күннен соң халқы қаражатын төлеп құтқарып алады. Ахмет сол замандағы қазақтар арасында да өте беделді болған, ал оның даңқы осы күні де артпаса, мысқылдай кеміген жоқ. Қазақ барда кемімейді де.

Бұл фильмде адалдықтан айнымаған табандылықта, сатқындық та бар. Адалдық қасиеттерді Ахметтің жары Бәдрисафаның, шәкірті Бірімжановтың, мүдделес әріптесі Міржақып Дулатұлының іс- әрекеттерінен байқауға болады. Ал сатқындықты Мұхамедия Тұңғаншин, Ғаппас Тоқбаевтың бейнесінен кездестіреміз. Ал Әліби Жангелдин де – Ахметке қарсы тарапта. Ахмет көп түрмеге түсіп, Мәскеу, Семей, Орынбор абақтыларын тегіс көрсе де табандылықтан, мақсаттан айнымайды. Тіпті коммунистердің күн көсеміне дейін барып, қазақтың тілі, болашағы үшін күреседі. Қостанай облысының Ре сейге қо сылып кетпеуіне шырылдап араша түседі.

Фильмде тағы бір ерекше кейіпкер тергеуші – Саңғытов. Саңғытов – өте қатал, ерінбейтін, ізденімпаз адам. Сонысы үшін оны барлық бастықтары да жақсы көреді. Ол барлық «кінәліні» тергегенде өздері жазған, айтқан нәрселерді дәл тауып, айғақ етіп бұлтартпай ұстап алады. Бірақ сұңғыла Сұңғатовтың бұл саясаты Байтұрсынұлына жүрмейді. Қанша тергесе де, еш айғақ таппай, ақыры бұл істен бас тартады. Керісінше, Байтұрсыновтың: «Балам, ОГПУ «үштігі» сені біздерді Совет Одағына жау екендерін дәлелде деп қинады ма?» дегенде, осы сөзге Сұңғатов қатты толқиды. Әшейінде мұздай ызғарлы Сұңғатов та осы сәтте жібиді. Тергеуден үйіне келсе, өз баласының оқулықтан жаттап жүрген өлеңі тегіс Байтұрсынұлынікі болып шығады. Ол бұл жағдайға «Мен кімді тергеп жүрмін?» дегендей таңғалады. Соңында тергеуден бас тартады. Бас тартқанмен өзі де жазасыз қалмайды, Сұңғатов та істі болады.

Ал сатқындықпен күн кешкен Тұңғаншин мен Тоқбаев та мәз таппады. Тұңғаншин 1932 жылы аштықта бір үзім нанға зар болып көз жұмса, Тоқбаев атылды. Атылғанда да Байтұрсынұлы, Бірімжанов секілді асыл азаматтармен бірге атылды. Ахмет ату жазасына кесілгенде: «Жуынып алайын» деп рұқсат сұрайды. Сөйтіп, жан тапсырар сәтте мұсылманша тазаланады. Ахмет атылып бара жатса да, халқын оятып кеткеніне сенді.

Ол сенім ақталдыда. Бұл күнде Ахмет Байтұрсынұлы жасап кеткен қазақ тілінің негізгі ережелері әлі оқытылып жатыр. Ахмет аңсағандай халқының көзі ашық. Айтпақшы, 1923 жылғы съезде, одан кейінгі 50 жылдығы тойланарда Байтұрсынов: Мен азды- көпті еңбек жасаған шығармын. Ол еңбек осы залда отырған барлық жастың қолынан келеді», – дейді. Ахметтің сол үміті, сенімі осы күні толық ақталып отыр.

Біз фильм жөнінде тіл мамандары мен әдебиетшілердің пікірін білген едік.

Алмасбек Белботаев, Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты:

– Ұлт ұстазы жайлы фильмді толық көрдім. Мұндай фильмдер қазіргі таңға, бүгінгі жас ұрпаққа өте қажет. Бұл тұста Байтұрсынұлының тіл ғылымын қалай қалыптастырғанын, «инемен құдық қазғандай» ізденгенін көруге болады. Фильмнің идеясы да өзекті, актерлер де өз рөлдерін сәтті ойнап шыққан. Өміршең фильм деп айта аламын.

Рахат Саламатова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы:

– Көрдім, көп ой түйдім. Қазақтың болмысын, қайсарлығымен, батылдығын, сатқындығын да байқадым. Ұлт қайраткерлерінің табандылығы, отансүйгіштігі, ұлтжанды қасиеттері таңдандырады. Олардың ұмтылысының жемісін бүгінгі ұрпақ толық көріп отыр.

Мұндай фильм бізге керек. Өйткені, қазіргі жастардың көпшілігі баспасөзден мәліметтер оқи бермейді. Жарнамасы жақсы болса, бұл фильмді жастар әлеуметтік желіден болса да көреді. Көру арқылы тұлғалардың еңбегімен танысады. Оларды тани түседі. Фильм сонысымен де ерекше. Фильм актерлерінің қимылында біз білмейтін, нағыз мамандар көретін олқылықтар бар да шығар. Ол жағының маманы емеспін. Ал ұлт қайраткерлерінің негізгі болмысы толық ашылған. Қазақ халқына тәлім берер сәтті шыққан дүние деп есептеймін.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support