- Advertisement -

Көрген-баққан

70

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Кезінде әжептәуір лауазым иесі атанған бір ақсақал кітап жазыпты. Өз еркі. Оқып шық інім, пікіріңді айт деп алдыма қойды. Және кетіп бара жатып жыныма тиді.

– Зейнетақыға шықтық. Ермек керек. Сосын да жазғаным. Әйтпесе уақыт өтер емес.

Өз басым қырық жыл бойы қара сия, ақ қағазбен айтысып келемін. Шамасы ермек үшін екен ғой. Немесе басқа кәсіп қолымнан келмеген соң…

Араға аз мерзім салып үлкен дәмемен келген. Сөз қысқа қайырылды.

– Ақсақал, мына шатпағыңыздан ештеңе түсінбедім. Пеш түбінде көтеніңізді күлге көміп отырыңыз. Шайға қаныңыз. Ұйықтап алыңыз. Сонда уақытыңыз тез өтер. Хош тұрыңыз.

– Қырсыққа жолықтырған Құдайды айтсаңшы, – деп есігімді тарс жапқан. Икемге келмейтін өзіме де обал жоқ!

***

Ұзын дәме, қысқа қолмен бір ғұмырды тауысар ма екенмін?

***

Баяғы жас кезде бір ағам, көлемді етіп көп жаз, сонда қаламақыны мол аласың – деп ақыл айтқан.

Жақында тағы бір ағам, алысқа шаппай қысқа қайырайық, бәрі бір қаламақы төлеп жатқан жоқ, – деп жөн сілтеді.

Сонда ой, қиял, шабыт бәрі-бәрі ақшаға тіреліп тұр ма?

***

Кейде ақшаны судай шашамын. Қалтамда қара бақыр қалмайды. Ондай сәтте өткен шақтың отына жылынып, рахат кешіп отырамын.

***

Арал тағдыры үлкен ауқымда көтерілді. Жыл сайын айдын беті ортайып, негізгі арнасынан 60- 80 шақырымға дейін кері шегініп кеткен. Теңіз табанынан көтерілген құм Бөген, Қаратерең сынды ауылдарды басып жатты. Тіпті аты аңызға айналған Барсакелместің өзі Үстіртпен қосылып, құлан біткен қашып жатты. Аралдан ұшқан тұздың Солтүстік мұзды мұхиттан табылғаны және бар. Жергілікті тұрғындар экологиялық апаттың зардабын адам айтқысыз тартты.

Осындай алмағайып шақта шалқар дария Обьтың бір арнасын Есілге бұрайық, Есілді Аралға жеткізейік. Сібір онсызда судың көптігінен зиян шегіп отыр. Сөйтіп тартылған теңізді толтырайық деген жоба көтерілді.

Сол сол-ақ екен, орыстың зиялы қауымы, әсіресе Залыгин, Распутин сынды жазушылары үзілді- кесілді қарсылық білдірді. Табиғи үйлесімді бұзуға болмайтынын, ол табиғатқа жасалған қарақшылық екенін дәлелдеп жазды. Аралды құтқарамыз деп ұлан- байтақ Сібірді де құртатынымызды ғылыми дәлелдеді. Алайда шовинистік көзқарас деп оған өзімізше өкпе тақтық.

Қазір ойласам өте дұрыс шешім болған. Адам қолы араласқан табиғаттың бүлінбеген жері қалды ма?

***

Аралдан ел Қапшағайдың жағасына көшіп жатты. «Қашқан жұттан құтылады» деген сол. Алматыға қайтарда аудандық ауруханаға бас сұқтым. Көп сырқаттың ішінде сүйріктей бір балаға көзім түсті. Төсекте таңулы жатыр. 10-класс оқушысы. Қатерлі дерт. Аты жаман ауру желке тұстан жармасыпты. Дәрігерлер үміт үзіп отырды. Бала жанында отырған маған жаутаңдап қарай берді. Кемсеңдеп еді, көзінен жас шықпады.

– Аға, – деді әрі-беріден соң. – Аттестат ала алмаспын. Алсам кетіп қалар ем…

Қапшағайды ма, кім білсін нені меңзегенін. Көзімнен жас бұрқ ете түсті. Көп бөгелмей шығып кеттім.

Әлі күнге сол сөз жадымнан өшер емес.

***

Сол жылдары Сырдарияда жылан балық деген пәлекет пайда болды. Өзге балықтардың уылдырық, шабағымен қоректенетін көрінеді. Жеп түгендей құртуға айналған. Тегі беймәлім. Бұрын қазақ жеріндегі ешбір өзен, көлде болмаған, өспеген мақұлық. Оны мұнда кім әкеліп жіберіп жүр?

***

Қалай десек те, Арал тағдырын Әбдіжәміл Нұрпейісовтей әлем назарына алып шыққан қаламгер жоқ.

***

Желтоқсанның нағыз қаһармандары Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаев. Қалғандары қолдан жасалғандар…

***

Қазақта өтірік жанашыр, жалған жәдігөй көп. Оны Арал мен Желтоқсан оқиғасы жайы комиссияның құрамында жүргенде анық байқадым.

***

Жазушылар одағына анда-санда ақбас бурадай желкілдеп Тахауи аға келетін. Өзі мені жақсы көреді. «Қаламгерге» барамыз. Бір ішкенде 4-5 шәшке кофені бір-ақ сіміреді. Әңгіме қызады. Бірде «Боранды», келесіде «Шырағың сөнбесін» романын қалай жазғанын сөз етеді. Замандас қаламгерлердің алуан қызықтарын, оғаш қылықтарын тізбелейді. Жарқылдап сөйлеп, қарқылдап күледі…

Ауырып жатыр деп есітіп, пәтеріне көңілін сұрай бардым. Жазу столы басында отыр екен. Ақпақ шаш әдемі ақ сақалмен соншама үйлесіп тұр. Өзі де көрікті адам ғой. Сыр алдырмады. Сыпайы сөйлеп шығарып салды. Артынша қаралы хабар да көп кешікпеді. Айтары жоқ мәрт тұлға еді!

Рахымжан ОТАРБАЕВ,

жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support