Шындық міндетті түрде анықталады

23

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар 24» телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында Президент Қазақстандағы оқиғаларға қатысты және басқа да өзекті мәселелерге орай пікірін ортаға салды.

«Мәжілісте бірнеше мықты партия болуға тиіс. Олар тіпті Үкіметті құруда да тіл табыса білуі керек. Бізге осындай өзгерістермен бірге саяси мәдениет деңгейін көтеріп, саяси тұлғаларды тәрбиелеу қажет. Популизмнен арылу керек. Германияға қараңыздаршы, партиялар ауысып тұрады. Барлығы мәдени түрде өзгереді. Партиялар үкіметтегі лауазымды қызметтерге өз өкілдерін ұсынады. Меніңше, уақыт өте біз осыған келеміз. Ал мұның бәрі мен Президент болып тұрғанда орындалғанын қалаймын», деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сұхбатта Еуропарламент қарары жөнінде де пікір білдірді Президент. Сұхбат жүргізушісі Президенттен бұл құжат пен жалпы Еуропарламент институтына көзқарасын сұрады.

«Институт ретінде Еуропа Парламентіне рационалды түрде қараймын деуге болады. Өйткені институттың өзі бар. Егер адамдар оған мүше мемлекеттердің қанша қаржы төлейтінін білсе, бұл институтқа сыни көзқарас басым болар еді. Бірақ қандай жағдай болса да, пікір білдіргім келмейді, өйткені бұл Еуропалық Одақтың шаруасы. Егер олар мұндай институтты осынша қаражатқа ұстап тұру керек деп санаса, мархабат», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Олар Қазақстан бойынша екінші рет қарар қабылдады, бұл жолы еш әділетсіз, алдын ала қабылдап отыр. Сондықтан менің бұл шешімге деген көзқарасым жайбарақат», – деді Қ.Тоқаев.

Сұхбат кезінде Мемлекет басшысына «Қаңтар оқиғасына» қатысты да бірқатар сауал қойылды.

«Лаңкестердің бір тобы Алматы қаласындағы 5 жұлдызды қонақ үйлердің бірінде тұрақтаған. Олардың жатын орнына, тамағына қаржыны кім берген? Олар «Қазақстан» қонақ үйінің бірінші қабатында ұйымдастыру штабын орналастырған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Куәгерлерден оқиғаның мән-жайы сұралуда, тіпті жаңа фактілер де анықталуда», – деді Президент.

«Алматыда болған қасіретті оқиғада полицейлер қарусыз болды. Себебі оларға қару қолданбау жөнінде алдын ала бұйрық берілді. Жас десантшылар қатты зардап шекті. Олардың қолында тек таяқ пен күрек болды. Кейінірек шабуыл жасаған лаңкестер есірткіге масайған күйде болғаны анықталды.

Бұл адамдар материалдық құндылықтарға қызықпаған. Олар әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарды басқарды. Олар қылмыстық істерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты құжаттарға қызығушылық танытты. Бұл – мұқият жоспарланған әрекет. Сырттан келген содырларды тарта отырып, басқыншылық әрекет жасалды. Содырлардың әуежайды басып алу әрекетін ұйымдастырғанын байқаған боларсыздар. Қазір тергеу нәтижесі Орталық Азияның бір қаласынан келген азаматтардың әуежей арқылы өтуін қамтамасыз ету үшін басып алынғанын көрсетіп отыр. Олар – оқытылған жауынгерлер. Жұмысшы атын жамылып, шекара арқылы қалаға кіріп, операцияны басқарған», – деді Қ.К.Тоқаев телеарналарға берген сұхбатында.

«Елдегі қаңтар қасіреті бойынша тергеу шаралары жүріп жатыр. Олардың нәтижелері толықтай анықталмаған кезде болжам жасау орынсыз. Жұмыс өте көп. Себебі көптеген содырлар, оның ішінде олардың командирлері Алматыдан қашып кеткен. Біреулер ауылдық жерлерде жасырынса, екіншілері шекарадан өтіп, көрші республикаларға қашты. Олар сақалдарын қырып, сырт келбеттерін өзгерткендері де баршамызға анық. Егер олар тұтқындалса, «біз кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдармыз» деп айқайлайтын фактілер де бар. Бірақ шындық міндетті түрде анықталады», – деді Мемлекет басшысы.

«Біз халықты ақпараттандыру жағынан ұтылдық, мұны мойындау керек. Менің бұйрығымды, әрекеттерімді де ешкім дұрыс түсіндірмеді. Ақпарат жағынан жеңілсек те, сол кезде интернетті өшіру керек болды. Себебі елдегі жағдайды пайдаланып, халық арасында бұрыс ақпарат тарататын адамдар іске көшетін еді. Бұл тек бізде ғана емес, әлемде қолданылатын шара.

Шынымды айтсам, адамдар жауапкершілікті мойнына алудан қорықты, бірыңғай алгоритм болмады. Жаңаөзеннен кейін құқық қорғаушылардың қару қолдануын шектейтін заңдар қабылданды».

Сондықтан Президент жұрт алдында жауапкершілікті өз мойнына алуға шешім қабылдаған.

«Мен дипломатпын, оның салдарын білдім, осындай реакция болатынын түсіндім. Бірақ мемлекеттің қауіпсіздігі – бірінші орында», деп түйіндеді ол.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы біздің ортақ ұйымымыз болып табылады. Қазақстан 1992 жылы бұл ұйымның қатысушысы ретінде оны құруға қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті бастама көтерген болатын. Естеріңізге сала кетейін, ұйым 1992 жылдың мамыр айында, шамамен 30 жыл бұрын құрылған. Яғни, ҰҚШҰ-ға өтініш білдіре отырып, мен бөтен адамдарға жүгінбедім, іс жүзінде одақтастарыма жүгіндім», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, ҰҚШҰ бітімгершілік контингентін тарту ұйымның шарттық құжаттарына сәйкес орындалған. Қазақстанға келген бітімгершілік контингенті бірде-бір оқ атқан жоқ. Басынан бастап бұл контингент стратегиялық объектілерді күзетеді деген келісім болған.

«Бітімгершілік контингентінің Қазақстанға келуі туралы хабардың өзі лаңкестерге қарсы жасалған маңызды психологиялық шабуыл болғанын да атап өткен жөн. Біріккен контингентте Ресейден басқа Беларусь, Тәжікстан, Армения және Қырғызстанның әскери бөлімдері болды», деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Биылғы қаңтар оқиғасынан кейін халық арасында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевты қызметтен босату туралы петиция әзірленіп жатыр. Мемлекет басшысы петиция жайынан хабары барын айтты.

«Қала әкімі өте күрделі жағдайға бірінші рет тап болды. Бірақ әрбір адам мұндай қиын оқиға кезінде нақты бір шешім қабылдай алмайды. Сондықтан оны кінәлай алмаймын. Ол міндетін атқару барысында саналы шешім қабылдай алатын азамат. Бірақ алматылықтардың да пікірі мен көңіл-күйін ескеруім керек. Сондықтан Алматы қаласы әкімінің қызметіне қатысты шешімімді уақыты келгенде білесіздер», деді бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында Алматының атын өзгерту және Алма-ата атауын қалаға қайтару туралы сұраққа жауап берді.

«Неге қазір барлық құжаттарды қайта жасап, шешім қабылдаймыз. Алматы қазақтілділерге қолайлырақ. Алма-Ата орыстілділерге ыңғайлы. Сондықтан Алматы атауы ресми түрде қала береді. Түптеп келгенде, қытайлар астанасын Байцзин деп атайды, ал біз Пекин деп атаймыз. Әйтеуір, тарихи түрде солай болды», деді Президент.

Сұхбат барысында Мемлекет басшысы осы лауазымды қанша уақыт атқаратыны жайлы да пікірін білдірді.

«Қазақстан Президенті қызметінде қанша болатынымды білмеймін, бірақ нақты білетінім Конституцияға сәйкес екі мерзімнен артық болмайды. Заңда, оның үстіне Конституцияда өзгерту болмайды», деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрші мемлекеттермен арадағы қарым-қатынасқа тоқталды.

«Біріншіден, Қытай – Құдай қосқан көршіміз. Біз көршілеріміздің орнын ауыстыра алмаймыз ғой. Екіншіден, Қытай – экономикалық даму тұрғысында өте зор жетістікке жеткен ел. Көршіміз жоғары технологиялар мен жасанды интелект бойынша озат елдің бірі. Сондықтан әрине, біз бірлесіп жұмыс істеуге тиіспіз. Біз Қытай нарығына тәуелдіміз. Стратегиялық өнім шығаратын барлық ірі кәсіпкерлеріміз Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қытай нарығына иек артады. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Қытайға қарсы наразылық ұйымдастырып жүргендердің саяси мақсаты болуы мүмкін. Немесе экономикалық шындықтан мүлде бейхабар. Тіпті олар әлемдік қауымдастықта жаһандық саяси қақтығысқа мүдделі белгілі бір ұйымнан қаржыландырылатын шығар. Сондықтан бұл жерде ксенофобияға жол бермеу керек. Қытай бүгінгі күнге дейін бізге ешқандай жамандық жасаған жоқ», деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ бірнеше күн бұрын «Орталық Азия – Қытай» атты мемлекет басшыларының саммитіне қатысқаны жайлы айтып, екіжақты сауданың дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Екіжақты сауда жаңа рекордтық деңгейге жетіп отыр. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 17 миллиард долларға дейін жеткен», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент қытайлық серіктестерін жан-жақты қолдауға мүдделі екенін айтты.

«Біз Қытайды зерттеп, тілін меңгеруіміз керек. Бұл екі қолымызды көкке көтеріп, сол елге қосылу дегенді білдірмейді. Керісінше, осындай алып елмен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысына сұхбат барысында қазақ олигархтары «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына неліктен қаржы аударуға асықпайтынын және бұл қорға бөлінген қаржы қандай мақсатқа жұмсалады деген сұрақ қойылды.

«Бүгінде қорда шамамен 50 миллиард теңге бар. Қор қызметіне жеке араласпаймын, қор басшысы болып бұрынғы қаржы министрі Болат Жәмішев тағайындалды. Қамқоршылық кеңесі бар, мен қатысқан жоқпын. Олар қоғамдық негізде жұмыс істеп бастады. Менің жұмысым – осы қорға жарналарды ынталандыру. Менің ойымша, өте анық үндеу жасалды. Бұл салық емес, бұл қайырымдылық, бірақ әрқашан кейбір нәрселерді реттеу керек. Менің білуімше, мемлекет салық салынатын табыстың 3 пайызын белгіледі, бұл шын мәнінде ірі бизнеске қатысты.

«Қазақстан халқы» қоры балаларға көмектеседі, балалар спортын, соның ішінде ауылдық жерлердегі спортты дамытады. Алматы қаласын қалпына келтіру, мәдениетті көтеру және басқа да мақсаттар қарастырылады. Бұл – қамқоршылық кеңестің құзырындағы мәселе», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның олигархтары туралы айтты.

«Осыған байланысты Өзбекстаннан тыс жерде мол табыс тапқан бай адамдарды салыстырсақ, олар өздерінің тарихи Отанына келіп, Өзбекстан Президентінен өзбек халқы үшін не істей алатындарын, қандай көмек көрсету керегін сұрайды: жеке қаражатына ауруханалар тұрғызады, инфрақұрылым салып береді. Бұл жерде өзбек байлары мен шетелде немесе осында өз еліне шабуыл жасайтын біздің олигархтар арасында үлкен айырмашылық бар», деді Қ.Тоқаев.

Comments are closed.