- Advertisement -

Шағын дүкендердегі баға тұрақтылығы бақылауда

118

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын жұмыс сапарымен аралау кезінде көпөқабатты тұрғын үйлер іргесіндегі шағын дүкендерге тосыннан кіріп,  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тексерді.  «Жайлау» және «Ақбұлақ» мөлтек аудандарында орналасқан шағын дүкендерге бас сұққан аймақ басшысы нан, сүт, күріш, қарақұмық, сәбіз, картоп, пияз және тағы басқа тауарлардың қаншадан жеткізілетінін, тұтынушыларға қаншадан сатылатынын сұрады.

Жалпы, сауда қызметін реттеу туралы Заң әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстеме бағасын белгілеуді көздейді. Ол 15 пайыздан аспауға тиіс. Аталған дүкендердегі бірқатар тауарлар бойынша жоғарыдағы заң талаптары сақталмай отырғаны анықталды. Қосылған үстеме ақы 25-30 пайызға дейін жетеді.

Облыс әкімі баға реттеуде үй іргесінде дүкендердің маңызы зор екенін, олар бойынша терең, нақты талдаулар жүргізу керектігін баса айтты.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азық-түлік тауарларының бағасын реттеу, тұрақтандыру – біздің басты міндетіміз. Қала халқының басым бөлігі көпқабатты тұрғын үйлерде тұрады. Олар күнделікті қажеттіліктерін үй іргесіндегі осындай шағын дүкендерден сатып алады. Бағаға деген көзқарасы осындай сауда нүктелеріне байланысты қалыптасады. Бізге ірі сауда орындарынан бөлек, осындай шағын дүкендерді жіті назар алып, жиі тексеру жүргізіп отыру аса қажет. Әсіресе, жеткізушілермен жұмыс жүргізу керек. Олар дүкендерге әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді қандай бағада жеткізіп отырғанын зерделеу қажет, нақты бұзушылықтар бойынша шаралар қабылдауға тиіспіз,-деді Б. Сапарбаев.

Аймақ басшысы  кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев пен Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевқа тиісті міндеттер жүктеп, жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Айта кету керек, Жамбыл облысының тұрғындары бағаның негізсіз өсуі, дүкендерде фискальды чектердің берілмеуі, өнім сапасы, витрина мен кассадағы бағаның айырмашылығы, көтермен сауда ұйымдары мен ірі желілердің баға келісімі бойынша шағымдарын арнайы сенім телефоны (8 7262 — 54 21 38)  арқылы жеткізе алады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support