Редакциядағы әр күн қызықты еді

76

Мен облыс баспасөзінің қара шаңырағы – «Aq jol» газетінде 40 жылға жуық еңбек еттім. Осында ұзақ уақыт тер төккендердің бірімін. Оны мақтан етемін. Алғаш Әлқуат Исаев ағайдың бұйрығымен жұмысқа қабылданып едім. Зура, Зина, Рая, Шырын апайлармен бірге қызмет еттік. Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев секілді бас редакторлардың кезінде хатшы-референт болып еңбек еттім.

Есімі аталған ағалардан көп тәлім-тәрбие үйрендік. Төленді Оңғарбаев, Мейірхан Қуанышбаев, Бақтияр Әбілдаев, Рахметулла Құдабай және басқа ағалармен бірге еңбек ету өте қызықты еді.

Кейіннен хаттар бөлімінде хат тіркеуші болып, Қыстаубай Байтуов, Қуаныш Иембердиев, Лесбек Сайлаубеков секілді майталман мамандармен де жұмысымыз бір болды. Сол кездегі бөлім редакторлары Елен Әлімжан, Әбдуалы Әлиев, Маханбетәлі Дүйсебаев, Сапарғали Әлібай, Болат Жаппаров, әріптестер Доғдырхан, Толымбек, Оразкүл, Райхан, Шара, Әділбек, Жанналармен де әр күніміз әзілге, күлкіге толы еді. Күліп-ойнап, әзілдесіп жүріп талай таудай жұмысты да еңсеріп тастаушы едік. Жас корректор мамандар Саят пен Салтанат та жұмысқа тез бейімделді.

Ал енді жұмысы қазандай қайнап жататын редакцияның қарбалас та қызықты сәттеріне, әсерлі естеліктерге кезек берсем. Мақұлбек Рысдәулеттің бас редактор кезі. Бірде Мақаңа: «Мынау жерде сөйлем үйлеспей тұр ма? Қалай өзі?» дегенімде ол кісі: «Сейдімкүл сен өзің де редакторсың. Корректор деген – қатенің қырағы күзетшісі. Өзің ондай тұстарын түзеп, үйлестіре бер» деп кеңдік танытқаны есімнен кетпейді. Ал Ғалым Қасабай бас редактор болып тұрғанда Президент Жолдауына байланысты газетіміздің кезекті саны әбден кешігетін болды. Мені бас редактор түнгі сағат 00.00-де рұқсат беріп, үйіме қайтарды. Бірақ, редакциядағылар әлі де жанталасып жұмыс істеп жатыр еді. Мен де үйімде тыныш жата алмадым. Таңғы сағат 4.00-де редакцияның көлік жүргізушісін шақыртып, жұмысқа қайта келдім. Сөйтіп, өзіме тиесілі беттердің қатесін қайта қарап, мазмұн- мағынасын көріп, әріптестермен қалжыңдасып, жаным жай тапты. Сол күні таңғы сағат 9.00-де газетті баспаханаға жібердік. Газет шығару ісінде осындай қиындық пен қызыққа толы сан күндер көп бастан өтті.

Арғынбай Бекбосын аға бас редактор болып тұрғанда газетіміздің «Еңбек туы» атауы «Aq jol» болып өзгеріп еді. Осыған орай 12 беттік арнайы нөмір шығарып едік. Сол кездің әр сәтіне куә адам ретінде өзімді бақытты санаймын. Ол да бір тарих қой.

Қазір де сүйікті газетіміздің күнделікті жұмысы қайнап жатыр. Одан бөлек 100 жылдықта ешкім ескерусіз қалмасын деп, газет басшыларының жан-жаққа хабар жіберіп, газет ардагерлері мен қызметкерлерін іздеп жатқанына рақмет. Соңғы кезде осы газеттен бұрын еңбек еткен ардагер әріптестердің мақалаларын оқып, жақсы әсерге бөленіп жүрмін.

Редакциядағы қазіргі талантты жас толқындар да уақытпен санаспай еңбек етуде. Оларға да ризамын. Әр кезде бара қалсақ «Апай, апай» деп құрметтеп, бірінен-бірі асырып, ізет көрсетіп жатады. Ондайда «Еңбектің ақталғаны, бақыт деген осы ғой» деп толғанып қаламын.

Қара шаңырақ облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын. Қазір Нұрбек Бекен басқаратын «AULIЕATA-MEDIA» ЖШС-на біріккен «Aq jol»-ымның әр күні, әр адамы, әр нөмірі мен үшін қымбат. Газеттің әр таңы арайлы болып, алдағы жүз жылдық, мың жылдықтарға жарқын қадам баса берсін!

Сейдімкүл ЖҰМАТАЕВА,

«Aq jol» газетінің ардагері.

Comments are closed.