- Advertisement -

Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп

85

- Advertisement -

Шығыс Түркі қағанаты әскерлерінің бас қолбасшысы, «Көк түркінің көк семсері» атанған атақты баһадүр бабамыз Күлтегіннің – «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деген сөзі бар. Түсінген жанға мәні зор терең тағылым.
Тәуелсіздік жылдары біз осы берекелі бірлігіміз бен мерекелі тірлігіміздің арқасында біраз белді белестерді бағындырғанымыз баршаға аян. Жас мемлекеттің етек-жеңін қымтап, әлемге танытып аяққа нық тұрғызу оңай шаруа емес. Бұл жолда қаншама «тар жол, тайғақ кешулердің» болғанын, қандай тағдыршешті мәмілелер жасалғанын алдыңғы буын өкілдері жақсы біледі. Бірақ айрандай ұйыған осындай тыныш өміріміздің тас-талқанын шығаруды көздеген бүлікшіл топтар бейбіт шеруге шыққан халықты арандатып, арам пиғылдарын іске асыруға тырысып баққаны жанымызға аяздай батқанын қалайша жасыра аламыз?! Оның анық-қанығын мұқият зерделеп, жіті тексеріп, сараптап, оған құқықтық баға берілетін күн де алыс емес деп сенеміз. Десек те, біздің бір нәрсеге көзіміз толық жетті. Ол – барлық ащы ақиқаттың алаңда айтылып, көшелі мәселенің көшеде шешілмейтіні.
«Қасіретті қаңтар» аталып кеткен бұл трагедияда қан төгілгені қабырғамызды қайыстырды. Елім деген ерлердің ессіздердің қолынан қаза тапқаны өзекті өртейтін өкініш.
«Қайғыны бөліссе азаяды» демекші, ел қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ерлікпен қаза тапқан полицейлер мен әскерилердің отбасыларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда Отанымыз қасиетті мұратымызға жеткізген қасиетті жылдар аясында болмаған қиын сәттерді басынан өткеріп жатыр. Осындай сын сағаттарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған шешімдері біздің де көңілімізден шықты. Президенттің ҰҚШҰ-ның көмегіне жүгінуі объективті қажеттілік және заңды шешім екендігін ескерген абзал. Себебі қалыптасқан ахуалды бейбіт шеру деп бағалау мүлдем мүмкін емес еді. Керісінше, бұл іс жүзінде, тәуелсіз Қазақстанның барлық территориясын дерлік бір мезгілде қамтып, бір орталықтан басқарылып, үйлестірілген, мұқият және арнайы дайындалып, алдын ала жоспарланған, шетелдік содырлардың қатысуымен ұйымдастырылған террорлық және қаскөйлік әрекет.
Мұндай ашықтан-ашық еліміздің мемлекеттілігіне қауіп-қатер төніп, тәуелсіздігіміздің тағдыры сын тезіне түскен шақта мемлекет басшысының ҰҚШҰ-ға арқа сүйеуі өте батыл шешім болғандығын уақыттың өзі дәлелдеді. Мұндағы басты мақсат – елдігімізді сақтап қалу, Тәуелсіздік пен мемлекеттілігіміздің тұғырын шайқалтуға жол бермеу. Ол қоғамда тыныштық пен тұрақтылық орнатып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, оның құқықтарын сақтап қалуға мүмкіндік тудыру. Сондықтан да Президенттің төңірегіне топтасып, халқымыздың бірлігін нығайтудың маңызы орасан зор.
Сөзсіз, қанқұйлы қарақшылардың қолынан қаза тапқан, қыршын кеткен боздақтарымыз – нағыз біздің ұлтымыздың батырлары! Осы тағзым мен тағылым уақытында тәуелсіздігімізге қауіп төндіретіндерге сес, өзімізге ес болу керектігін ұғынсақ, бұл түнектен серпіліп, осал тұсымызды ой елегінен өткізіп, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымыз анық!
Мемлекет бар жерде, тәртіп бар. Тәртіп жоқ жерде, мемлекет жоқ. Біздің мықтылығымыз – заң мен тәртіп те.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бағынып қана қиындыққа қарсы тұрып, бүгінгі таңдағы қысылтаяң шақты еңсеретіндігіміз сөзсіз.
Жалпы, қазақ – қасиетті халық. Біздің жұрттың қасиетінің бірегейі – мәмілегерлігі. Бұл – қос тарапты берекеге шақырып, екеуінің де мақсат-мүддесін толық қанағаттандыратын – ізгі жол.
Өткен ғасырларда ата-бабаларымыз ел ішінде орын алған түрлі даулы оқиғаларды әділдікпен өлшеп, түйткілдің түйінін тектілікпен тарқатып отырған. Бұл жолы да аға буын ағайынның ортасынан табылып, бұқараға басу айтты. Ең бастысы, елдік мүдде жолында салқынқандылық танытып, сабыр сақтай білгеніміз абзал, ағайын.

Әмзебек Жолшыбеков,
облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support