- Advertisement -

Бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын

200

- Advertisement -

Жасыратыны жоқ, бүгінде қазақы салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылып, көбесі сөгіліп, көмескіленіп, жадымыздан шығып барады. Соның бірі –бесік жыры мен бесікке салу ғұрпымыз. Бесікке бөленіп, балбырап жатып, бесік жырын тыңдамай өскен толқынның өзі қазір зіңгіттей ұл, бойжеткен қыз, тіпті өздері де ата-ана атанып үлгерді. Баласын бесікке бөлейтін бірен-саран отбасы ғана болмаса, көп үйде қазір бесік көне бұйымдардың қатарында ғана. Бұрын қақ төрде, биік жерде тұратын бесіктің қаңырап, елеусіз жерде, тіпті сыртта төңкеріліп жататынына соңғы жылдары көзіміз үйреніп те қалған.

Аулада серуендеп жүргенмін. Анадай жерде бір жас келіншек бесік көтеріп келе жатты. Сөйтті де бесікті қоқысқа апарып тастады. Үстіне ескі жаялық жапқан екен, онысы сырғып жерге түсті де, бесік біржола ашық күйінде қоқыстың ортасында қала берді. Көпқабатты үйде тұрғандықтан, таршылық қылған шығар дейін десең, қоқысқа лақтырмай басқа да амалын табуға болмайтын ба еді деген ойымыздың нұсқасы басымырақ тұрды. Бұл жерде бесіктің қадір-қасиетін жас ананың ешқандай ұқпағандығында басты мәселе. Осы жайлы құрбым екеуміз пікір алмасып тұрғанбыз.
Бір кезде шеткі подъезден шыққан егде жастағы апа, есік алдында ары-бері аяңдап жүре бастады. Қоқыс контейнерлерінің маңынан өтіп бара жатып, лас жерге тасталған бесікті көргенде ол кісі алғашында тосылып қалды. Көңілі сенбеді ме, көзін көлегейлеп, анықтаған соң ғана қасына келді. Құлап жатқан бесікті тұрғызып, бетін бір шеті жыртылып қалған өзінің жаялық «жабуымен» жауып, анадай жерде көлігін реттеп жатқан ұлын шақырды.
Кейін өзінен сұрап білдім. Ол немересі екен. «Әй, балам, бесік деген өте киелі бұйым. Халқымызда бесік туралы небір аңыз-әпсана бар.Үйге алып кетейік. Бесіктен өсіп-өнген халықпыз. Соңғы кезде ғой, баланы жатқызатын небір заманауи сәнді бұйымдар шығып, жастардың мұны керек қылмай қалғаны. Бала бөлемесе де, бесік деген өте биікте тұруы керек. Оны ашық қоюға, бос тербетуге де болмайды», деп біраз тағылымды сөз айтты. Немересі оның барлығын жүрдім-бардым тыңдап тұрса керек. «Ой, қойыңызшы. Мұның керегі не ескі-құсқы қылып» деп зекіп тастады да өз шаруасына қарай кетті. Дәрменсіз қалған апа, қоқыстың маңынан көпке дейін ұзамай, бетіне жапқан жаялығы желмен қозғалып тұрған бесікке ұзақ қарап тұрды. Қасқарая қоқыс тиейтін үлкен көлік келіп, бесікті қоқыстармен бірге қопарып алып кете барды…
Бесікке бөленіп, тыныш өскен балғын шаққа не жетеді, шіркін?! Толғауы тоқсан тіршілікте бесіктің қасиеті туралы аңыз-әпсаналар, әңгімелер де көл-көсір. Соның ішінде бесіктің сәбидің өмірін сақтауда көп септігін тигізетіні туралы да мысалдар көп. Ал біз әңгімеге өзек еткен бүгінгі өмірдің мына көрінісі бұрынғы қазақы қағидалардан ат қазығымызды мүлде аулаққа ала қашатын жөніміздің жоқтығын еске салып тұрғандай.
Қазақ халқы бесікті жайдан-жай құрмет тұтпаған, өйткені, бесік баланың тазалығына, денесінің дұрыс дамып, жетілуіне, жайлы жатып тұруына өте пайдалы. Бұлар ежелден бәрімізге мәлім қырлары, ал беймәлім жақтары, түбіндегі асыл маржандары мұнан да көп-ау… Алайда бүгінде дәрігерлер балаларда жиі кездесетін дисплазия басқа да ауру түрлеріне байланысты баланы бесікке бөлеудің зияндығы туралы айтуда. Ал ескіліктің көзін көрген кейбір көпбалалы аналар тұңғышы жатқан бесігіне, кенжесіне дейін бөлеп өсіргенін әлі күнге жыр қылып айтып отырады. Памперске тәуелді қылмай (оның зияны қаншама), бір уақ баланы бесікке бөлеген дұрыс-ақ.
Қазақы болмысымыздың тамыры да, тереңдігі де осы бесік пен әр сөзі таным мен тағылымға толы бесік жырында жатқан жоқ па? Батыр Бауыржан атамыздың: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын», – деп айтқаны бар. Шындығында бұл қорқыныш екен… Бесікті қоқысқа тастау, балаңды да тастаумен тең сорақылық емес пе?! Оның киесі барын ұмытпау керек.

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support