Еуропалық сапада тігілген ерлердің аяқ киіміне сұраныс жоғары

17

Аяқ киім өндірісінде бәсекелестік жоғары. Жеке кәсіпкер, «ELLIN SHOES» ЖШС директоры Юлия Починоктың айтуынша, бұл нарықта бәсекелес көп болғандықтан тауар айналымын үнемі ұлғайтып, аяқ киім ассортиментін жаңартып отыру маңызды.

Жақсы мамандарды бір орталыққа топтастырған жеке кәсіпкер Юлия серіктестікті 2016 жылы құрып, жұмысын бастаған. Бүгінде бағытын айқындап алған компания ерлер мен әйелдер аяқ киімдерін тігумен айналысуда.
– Қандай да бір кәсіпті бастап кету оңай шаруа емес. Ол үшін ең алдымен материалдық базаны жасақтау керек. Содан кейін шикізат қажет. Әрине, жұмысты жаңа бастаған тұста ғимаратты жалға алуға тура келді. Осылай бастаған кәсібіміз өз нәтижесін берді. Бүгінде ерлер, әйелдер мен балалардың аяқ киімдерін барлық мөлшермен тігіп, отандық нарыққа өткізудеміз. «Қазақстанда жасалған» брендімен еуропалық сапада тігілген ерлердің аяқ киімдеріне сұраныс жоғары. Бұл бүгінгі таңда біздің компанияның беделін көтеріп тұр, – дейді ол.
Қалай айтсақ та, «ELLIN SHOES» компаниясының имиджі өзінің стилі мен сапасы жоғары өнімімен жоғарылауда. Бір жағы өз өнімінің сапалы тігілуіне компания бар күшін жұмылдырып, республика көлемінде тұтынушыларының көңілінен шығуда.
«2016 жылдан бастап барлық өнім жалға алынған ғимаратта шығарылып келді. Жалдау ақысы жоғарылаған соң өзімізге тиімді, жаңа орын іздеуге көштік. Ғимарат тауып, оны сатып алып жабдықтау үшін «Даму» қорының облыстық филиалына қайырылған болатынбыз», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер «Даму» қорының облыстық филиалы арқылы «Сбербанк» АҚ-ына өтініш тастайды. Жеке кәсіпкер ойлаған ісін жүзеге асыру үшін жылдық мөлшерлемесі 17,5 пайызбен несие рәсімдеп, жоспарын жүзеге асырады. Жаңа ғимаратқа орналасқан кәсіпкер ісін қайта жандандырып, «Қазақстанда жасалған» брендімен өнім көлемін арттырған.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында «Даму» қоры сыйақы мөлшерлемесін 11,5 пайыз бойынша субсидиялауды қамтамасыз еткен. Бұл ретте кәсіпкер үшін сыйақы төлеудің түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 6 пайызды құраған.
– Кәсіпкерге керегі мемлекеттік қолдау. Осы қолдауды сезіне отырып, кәсібімізді жандандырудамыз. Қазіргі таңда серіктестік бірнеше ондаған адамды жұмыспен қамтып, отандық өндіріс көлемін арттыруда. Осы ретте кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп жүрген «Даму» қорының қолдауы маған да өз кәсібімді жолға қоюыма бастамашы болғанын айтқым келеді, – дейді Юлия.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

Тараз қаласы.

Comments are closed.