Көрген-баққан

18

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***
Романыма вето қойылған соң үлкен оқиғаның әр жерінен шымшып-шымшып алып «Бас» деген пьеса жаздым. Оны Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры сахналады. Режиссері – Жанат Телтаев.
Соның өзі талай басшы көрерменді шошытты. Өйткені сахнаға оншақты чиновник шығады. Ешқайсында бас жоқ. Қара костюм солай тігілген. Ал, бастарын қолға ұстап жүр. Бір-біріне бас лақтырып, доп ойнап та жатады…
– Бір миллион адам сиған Алматыға Махамбеттің қу басы симады ма? – деген Құрақ шалдың ащы даусы залды кернеп тұрды.
Артынша бұл пьесаны Оңтүстік Қазақстан облыстық Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театры сахналады. Қойған талантты режиссер Қуандық Қасымов.
***
Төлен ағаның (Әбдік) «Әке», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повестері қандай ғажайып шығарма. Қазақы тірлік, қазақы мұңды мұнан асырып қалай суреттеуге болады?

***
Алтайға барғанымда Василий Шукшиннің туған селосы Сросткиге атбасын бұрдым. Жасыл желекке жамылып тұрды. Селоның нақ желкесіндегі үлкен төбе басына ескерткіш орнатыпты. Шукшин ойлы қалпы жалаңаяқ, жалаң бас жерлестерін көзбен бағып отыр. Мұндай ескерткіш үлкен халықтың үлкен жүрегімен мүсінделеді! Тірлігінде атағы мен шатағы қатар жарысқан керемет дарын еді. Әйтпесе керзі етікпен барып Мәскеуліктерді аузына қарата ала ма? Солардан жерігенде ылғи да өзінің Алтайына қашады екен. Келе достарын жинайды. Әлгі төбенің басына. Ортаға бір жәшік арақты қояды. Ду-ду әңгіме. Естілмеген жаңалық, оқыс оқиға бәрі-бәрін көкірегіне хаттай берген. Титықтап келген. Туған жер түлетті. Рухани байытты. Артынша ойбайын салып іздеп Феодосеева – Шукшина да жетеді дейді… Мұның бәрі жерлестерінің әңгімесі. Сүйіп айтады, сүйсініп айтады. Алтайы бар Шукшин, Шукшині бар Алтай бақытты.

***
Жас кезімде Куприннің «Олеся» повесін оқығанмын. Ұзақ уақыт мұңды бір сезімнен айырыла алмай қойғанмын. Қарапайым ғана баяндау. Бірақ жаныңды қалай толқытады десеңізші! Сиқырлы қалам иесі ойыңды онға бөліп, түн ұйқыңнан бездіреді. Әсіресе, Олесяның тағдыры, трагедиясы!
Жақында осы шығарманы қайтадан оқыдым. Ойладым жас кезде сезім көп. Қазір көп сезімім өліп қалған. Тек қана төзім бар. Мүмкін баяғыдай әсер етпес деп. Жоқ, одан сайын қызығушылығым мен құмарым артты. Күл-бүлтесіз классика деген осы!

***
Дүкенбай Досжановтай суреткер жазушы қазақта саусақпен санарлық.

***
Президент әкімшілігінде қызмет істеп жүргенімде үстімнен арыз түсті. Авторы А.Еременко деген біреу. Кеңсе басшысы Махмуд аға Қасымбеков өзіне шақырып, арызбен таныстырды. Маңғыстауда облыстық телерадио компаниясында басшы болып жүргендегі іс-әрекетімді жіпке тізіпті. Бақсам мен аса қатігез, кісі өлтіруден де тайынбайтын жауыз екенмін. Тура теңіз қарақшысы! Осындай адам қалайша ең мәртебелі мекемеде сектор меңгерушісі болып еңбек етіп жүр дейді арыз иесі.
Махмуд Базарқұлұлы соншама құрмет тұтатын адамым. Қаламы жүйрік, ізгілікті, ерекше парасат иесі. Мен арызды оқып шыққанша жүзіме қарап, бақты да отырды.
– Маха, – дедім күліп. – Тап осындай кісі болсам, өмір сүрмей-ақ қоюға әзірмін.
– Бұл хат тіркелген. Жауап беруіміз керек. Саған көмегім, осындай адам, мынандай тұрғын үй мен пәтер Ақтау қаласында бар ма, жоқ па тездетіп анықташы, – деді.
Екі сағатта Маңғыстау ДВД-нан хабар жетті. Облыс көлемінде ондай адам жоқ және көрсетілген адресте қате, жалған деген.
Мәселе қолма-қол шешімін тапқан. Егер қазақы мінез, қамқор көңіл Махмуд аға болмаса әуре-сарсаңы аз ба еді?

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.